ЕРГЕНЕҚОН – ЖЕРҰЙЫҚ ТАБЫЛДЫ

Среда, 13 Март 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 81 раз

Байырғы түркiлердiң пайда болуы мен олардың алғашқы мекені туралы аңыз – Ергенеқон дастаны. Оны алғаш қағаз бетіне түсірген – ХІV ғасырда өмір сүрген Рашид-ад-дин. Ергенеқон қай жерде болған деген сұрақтың жауабы осы күнге дейін даулы болып келді.

Оған «Алаш айнасы» газетінде «Жошы хан меркіт емес» атты мақала жариялаған Қайрат Зәріпханұлы Дәукеев ХІІІ ғасырда өмір сүрген Қытай елшісі Чжао Хуннің «Мэн-да бэй-лу», яғни қазақша «Моңғол-татарлар жөніндегі толық сипат» атты кітабындағы дерекке сүйене отырып Ергенеқонның қайда орналасқанын атап көрсетіп, бұл мәселеге біржолата нүкте қойған секілді.

3

Бұл деректің тарихи шынайылығы туралы пайымымды мен де білдіргім келіп отыр. Алдымен, «Ергенеқон» деп аталатын шежіре-дастанның мазмұнына қысқаша тоқталсақ. Ол – түркі халықтарының ата-тегін жыр еткен ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі.

Оғыз ханның нәсілінен Ел ханның елі шапқыншылыққа түсіп, жұрты жаппай қырылып, одан тек Қиян мен Нүкуз (кей деректе Тоғұз) ғана аман құтылған екен. Олар малға қолайлы, шөбі шүйгін жер, жау әскері бармайтын қоныс, адамы жүзге келмей өлмейтін жанға жылы мекен іздеп сарылады.

Ақыры биік асулардан өтіп, жан-жағы қамал сияқты заңғар таулармен қоршалған, тұнық дариясы бар, нулы шөпті, дарияның екі жағасы жеміс-жидекке бай, ғажап жылы алқап тауып, сонда тұрақтайды. Сол қоныста төрт ғасырдан астам ғұмыр кешіп, өсіп-өнеді, көбейеді, мыңғырған малдары болады. Кейіннен ол қонысқа сыймай, бұрынғы атақоныстарына көшкені туралы баяндалады.

Бұл жерде көңіл аударатын бір жайт, Ергенеқонды паналағандар – Ел ханның ұрпақтары. Ал Ел хан – Оғыз ханнан тарайды. Оғыз ханның түркілердің аңызға айналған арғы атасы екені белгілі.

«Ергенеқон» дастанына өзек болған басты идея — халыққа құтты қоныс, жерұйық, бақытты өмір іздеу сарыны. ХV ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы өз толғауларында сол жерұйықты іздеп, бақытты өмірді табу сарынын қайталайды.

Ергенеқонның этимологиясы жөнінде бірақатар мысалдарды келтіруге болады. Соның бірі қазақ және өзбек тілдерінде «Ергенек/ергәнәк» сөзі «қораның қақпасы, киіз үйдің есігі» деген мағынада қолданылады.

Ергенеқонды қазіргі Моңғолия жерінен іздеген зерттеушілер көпшілікті құрағанын айта кетуіміз керек. Қытайтанушы Н.Бичурин Ергенеконды Алтай тауларында іздеуді дұрыс деп есептеген. Тағы бір қытайтанушы П.Кафаров пен түркітанушы Л.Р.Кызласов бұл мекеннің Аргун өзенінде екенін алға тартады. Белгілі тарихшы Т.Омарбеков те Аргун өзенінде болуы ықтималдығын жазған. Бірақ бұл аталған аймақтар Ергенеқонның сипатына толық сәйкес келмейді.

Тарихшы, түркітанушы Д.Қыдырәлінің жетекшілігіндегі Халықаралық Түркі академиясы 2014-2015 жылдары арнайы жоба аясында Ергенеқонды іздеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Алтайдың Берел аймағынан жоғарыда 3 мың метр биіктіктегі Қарақаба жазығынан ІІ-VІІ ғасырлардағы қоныс аймағын тапты.

4

Алтай тауларының солтүстік-батысындағы, Шығыс Қазақстанның Катон-Қарағай ауданында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Академия Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінің білікті ғалымдарын шақырып, аймаққа арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырды.

Оның нәтижесінде түркі тарихын зерттеуші ғалымдар осы аймақтың Ергенеқон болуы мүмкін деген байламға тоқтады.
Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде мұнда ғұндардың соңы мен көктүріктердің басы болып саналатын дәуірде тұрғындардың ұзақ уақыт өмір сүргені анықталғанымен, көктүріктердің бабалары жасырынған биік тау да, Рашид-ад-дин мен Әбілғазы Баһадұр хан айтатын Ергенеқон да Алтай тауларының оңтүстік-батыс бөктерімен сәйкеспейді.

Ергенеқонның басты сипаттары – тұнық дария, сол дарияның екі жағы жайқалған жүзімге толған бау-бақша, адамның ұзақ өмір сүруіне (жүз жыл) жайлы жылы алқап пен т.б.болды.

Ал Қарақаба төрт жағын бірдей түгел тау жартастары қоршаған жазық алқап болғанмен, дарияның екі жағы жайқалған жүзімге толған бау-бақша, адамның ұзақ өмір сүруіне жайлы жылы алқапқа келмей тұр.

Дастандағы тарихи кезең ғұндар империясы ыдырап, көк түріктердің алғашқы мемлекеті - Түрік қағанаты салтанат құрған (552-745 жж.) кезеңге дейінгі 400-450 жылдарды құрайды. Біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын Қытай өкіметі Ғұн империясына қарсы жойқын соғыс ашып, 600 жыл өткенде оларды қиратып бітірген.

Ғұндар Алтай тауы, Жетісу, Сырдария алқабына жиналып, суармалы егін егіп, тау-кен жұмысымен шұғылданады. Темір, мыс, алтын шығарады. Төрт ғасырға жуық уақыт өткен соң, яғни VІ ғ орта кезінде сол ғұндардың ұрпақтары Ұлы түрік қағанатын құрады.

Сонымен, халыққа құтты қоныс, жерұйыққа айналған сол Ергенеқон қай жер? Қ.Зәріпхан Чжао Хуннің жоғарыда аталған 1975 жылы Мәскеуден орыс тілінде жарық көрген еңбегіндегі: «...Племена татар происходят из особого рода ша-то.

Поэтому о них ничего не было известно в течение ряда поколений» дейтін сөйлемін «450 жыл тау шатқалында жасырын жүрген ерекше тайпа Ергенеқондықтар жөнінде айтылып тұр» деп түсіндіре келе: «Ша-то — конфедерация племен западных тюрков, обитавших по одним данным в районе Ферганы» дегенін «Әңгіме Батыс түрік қағанатының тайпалар бірлестігі жөнінде айтылып тұр.

Бұл жерде тек Ферғана дегендерінің Ергене қон екенін айтып тұр. Ферғананың ескі атауы Ергене қонысы болған. Өйткені, Ферғананың көне замандардағы соғда-тәжік тіліндегі атауы Иарғана – тау шатқалындағы аңғар дегенді білдіреді. Осы Иарғананың сипаты «Ергенеқон» дастанындағы жер ұйығының сипатымен дәлме-дәл.

Яғни, үлкен дария өзен – Сырдария бар, бау-бақша, жүзім өседі, көгілдір таулар ретіндегі бес жоталармен қоршалған қазаншұңқыр, қақпасы бар, қақпасы Мырзашөлге қарайды. Міне, күллі Түрік әлемінің қасиетті қонысы осы болады! Өйткені, дастанда Ергенеқоннан шыққандардың Түрік қағанатын құрғандар екені айтылады.

Демек, Ергенеқон дегеніміз жер атауына қатысты Иарғана қонысы дегенді білдіреді. «Тік беткейлі құз қырат» деп Рашид-аддин қате айтқан екен. Рашид-аддин Ергене дегенді түрік-қазақтың Өр деген сөзіне балаған» деп көрсетеді.

Иә, зерттеушілерді шатастырған осы тұжырым болған секілді. Ферғана аңғары бес тау жотасымен қоршалған, адамның ұзақ өмір сүруіне жайлы жылы алқап, сулы, нулы бау-бақшаларға толы және жау әскері (қытай) бармаған қоныс екені ежелден белгілі.

Бес тау шатқалы аңғарына енген көпсанды қол табиғи түрде қоршауда қалатынын Жібек жолы арқылы барған саяхатшы немесе саудагерлер кейпіндегі жау тыңшылары бірден аңғарған. Олар өздерінің батысқа саяхат естеліктерінде мұны жан-жақты сипаттайды.

Орталық Азиядағы халықтың ең тығыз орналасқан өлкесі – Ферғана аңғары Наманган және Әндіжан облыстары да кіретін Өзбекстан Республикасының қиыр шығысында, тауаралық кең аңғарда жатыр.

Өзбек, Қырғыз және Тәжік республикаларының арасында бөлінген. Өзбекстан шегінде аңғардың түбі орналасқан, Ферғананың таулық бөлігі негізінен Қырғызстанда жатыр. Аңғарды барлық жағынан дерлік қоршап тұрған таулар оны Мырзашөл даласымен жалғастырады.

Оның солтүстік және солтүстік-батысы Шатқал және Құрама қыраттарымен, шығысы – Ферғана қыратымен, оңтүстігі-қарлы шыңдары аспанмен тілдескен Алай және Түркістан қыраттарымен шектеседі.

Міне Ферғана аңғарының немесе Сырдарияның жоғары алқабының осы географиялық сипаттамасы Ергенеқон аңызындағы белгілермен дәлме-дәл келіп тұрғанын өңірдің физикалық-географиялық картасынан да көруге болады.

Немесе Ташкенттің оңтүстік-шығысынан шығатын, өзім жүріп өткен Қоқан жолы даңғылымен (немесе Ферғана жолы - Б.А.) Тянь–Шань тауының төменгі (моғолдар тауы - Б.А.) батыс етегі Қызыл тау мен Құрама шатқалдарын жағалай және сол тау жылғаларынан құралатын Ахангаран, Ангрен өзендері арқылы Алмалық қаласын басып өте отырып Ферғана немесе Ергенеқонға енесіз.

Шыршық өзенінен оңтүстікке қарай жүре отырып, әр шаршы шақырымда бірнеше арық пен өзендер, бұлақтардан құралған, ирригациялық жүйелерден жайқалған егістік пен бау-бақшалар көзіңіздің отын алады. Жыл он екі ай өнім алынады. Бос жатқан жері жоқ.

Аштық пен ашаршылықтың ауыр зобалаңын ешқашан бастан өткермеген, нулы да сулы, шөбі шүйгін берекелі өлке – Ергенеқон. Егер ерінбей араласаңыз, дастандағы аңызды өлке екеніне ешқандай күмәніңіз қалмай, көзіңізді жеткізесіз. Кеңестік кезеңде бұл өлке жаппай мақта алқабына айналған еді. Бүгінде сол Ергенеқон кезеңіндегідей кейіпке қайта кіріп келеді.

Қытай және парсы тілді дереккөздерден Ергенеқон немесе Ферғана дауанының сол тарихи кезеңде Қаңлы мемлекетінің конгломератына кіргенін оқуға болады. Қаңлы мемлекеті бес кіші патшалықтан тұрды. Олар: Сусе, Фуму, Юни, Ги, Юегянь.

Бұл ерте орта ғасырлардағы ірі тайпалардың орталық қала-цитаделдері болғанын аңғару қиын емес. Түркітанушы С.П.Толстовтың көрсетуі бойынша Сусе қаласы қазіргі Өзбекстанның Қашқадарияда, Фуму қаласы Зарафшанда, Юни қаласы Чача (қазіргі Ташкент атырабында), Ги қаласы Бұхарада, Юегянь қаласы Хорезмде (қазіргі Үргеніш).

Шежіре дастандағы Қиян мен Нүкуздің соңынан ерген бес тайпадан тараған ұрпақтар көбейіп, тіпті өз алдына кіші мемлекеттер құрғанының дәлелі емес пе бұл? Айта кету керек, Қушан (қыт: Гуйшуан - Б.А.) дейтін біздің заманымыздың I-III ғасырларында қазіргі Орталық Азия, Пәкістан, Солтүстік Үндістанда өмір сүрген көрші мемлекет болды.

Қушан мемлекетін бүгінгі Қытайдың батысынан келген юэчжилер-йозилер құрды. Ол да түркілер құрған мемлекет саналады.
Қорытындылай айтсақ, Ергенеқон түркі жұртының жерұйығы – Ферғана аңғары болғанында шүбә жоқ. Оны бүгінгі саяси географиясына қатысты кері пікір білдіру тарихи сауатсыздыққа жатады.

Ол жердің топонимдері мен петроглифтері сол кезеңнен куәлік бере алады. Аңғар 12 арыстан құралған Қаңлы мемлекетінің құрамында болды. Иә, Алтай өлкесі түркі жұртының анасы, алтын бесігі - Жерұйықтың бірі саналады. Бірақ ол Ергенеқон емес.

Бахадыр АЙТАЙ,
ОҚМПУ-дің аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.