Версия для печати

#OUTREACH: БІЗ ЖАСТАРҒА ЖАҚЫНДАЙМЫЗ! Избранное

Пятница, 15 Март 2019 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4359 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.»

Н.Ә. Назарбаевтың ҚР халқына арнаған
Жолдауынан үзінді.

Жандос қалтаев, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы:

 DSC 1572

Жастар үлкен өмірге қадам басқанда дұрыс таңдау жасауы үшін жасөспірім кезінен-ақ өзіне не қажет екенін білуі тиіс. Сол қажеттілікке орай жастық шағын біліммен байытуға ұмтылуы керек.

Шымкент қаласында жаңадан құрылған Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев осындай ойда. Біздің Жандос Төлембекұлымен әңгімеміз оның тың бастамалары мен 2019 – Жастар жылында атқаратын жұмыстары жайында өрбіді.

– Жандос Төлембекұлы, Шымкент қаласы республикалық маңызға ие болып, 2019 жылды бұрынғыдан ерек бастап отырған жайы бар.

Осы тарихи маңызы зор кезеңде Мемлекет басшысы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жаңа басқарманың бет алысы қалай?

– Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы өткен жылы-ақ бірқатар шаруаны бастап үлгерді. Есіңізде болса, 2018 жылдың желтоқсанында Шымкент қаласында алғаш рет жастар форумы өтіп, оған республикалық деңгейдегі спикерлер шақырылды.

500-дей жас қатысады деп жоспарлағанбыз. Бірақ, тіркелушілер саны тәулік өтпей 1000-нан асып жығылды. Бұл біздің қоғамдағы жастардың бей-жай жүрмегенінен хабар береді. Шымкентте қазір 250 мыңнан астам жас болса, олардың барлығы дерлік белсенді.

Қандай бастама болмасын, игілігін алуға ұмтылып-ақ тұр. Біз жастардың осы ұмтылысын дер кезінде бағалап, қажеттіліктермен қамтамасыз етуіміз керек.

– Иә, өткен жылы қызмет бабымен Финляндияға да барып қайтқан едіңіз. Әлемде білім беру саласында өте жоғары көрсеткішке қол жеткізген Фин елінің сізді қызықтырған озық тәжірибелері жайлы айтып берсеңіз?

– Финляндияда шынында, баланы өмірге мектеп жасынан дайындайды. «Он үште отау иесі» дейтін қазаққа бұл тәжірибе қажет-ақ. Олар бүгінгі заман талабына сай кәсіби бағдарлаудың керемет әдісін тапқан. Мектеп жасынан-ақ оқушыларға бағыт-бағдар беретін «Me and my city» жобасы ұнады.

«Мен және менің қалам» деген мағынаны білдіретін жобаның қызметі мынадай: шағын кафе секілді кеңсе ішінен қаладағы мекемелер бұрышын ашқан. Мұнда келген ойын баласы өзіне ұнаған мекемеде қызметкер болып «ойнайды».

Ойынды жүргізуші – мекеме басшысы ретінде жасөспірімге тапсырма береді. Мысалы, оқушы БАҚ-ты таңдады делік. Онда мекеме басшысы ретінде сіз оқушыны архитектураға немесе әкімдікке ақпарат алып келуге жұмсайсыз.

Ойын соңына дейін ол осы процесті аяқтап, мақаласын жариялап, ойыннан шыққанда жұмыстан қайтқандай әсер алып шығады.

– Қызық екен. «Ойын» деп аталғанымен, шын мәнінде жұмыс істейтін болып тұр ғой?

– Дәл солай. Біз, ересектер күнделікті қызметте қандай шаруамен бетпе-бет келсек, финляндиялық оқушылар да ойын барысында сондай сынақтардан өтеді.

Әр саланың өзіне тән қиындықтары мен қызықтарын салыстыра келе жасөспірімдер өзіне ұнайтын мамандықты осылай анықтайды. Бізде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ойын алаңшалары, ойын-сауық орталықтары бар.

Ал мектеп оқушылары көбіне сабағына барып келеді де, қалған уақытын үй ауласында доп қуалап немесе компьютер клубтарында ойын ойнаумен өткізеді. Сосын 14 жасқа қараған шақта бұл балалар қай мамандықты таңдау керегін, қай пәннен сынақ-емтиханға дайындалу қажет екенін білмей абдырап қалады.

Балаларын үйірмелерге апарып, дер кезінде қызығушылығын ескеретін ата-аналар аз емес, бірақ сирек екенін мойындауымыз керек. Міне, осы компьютерлік ойындардың орнына мектеп оқушылары үшін Финляндия еліндегі тәжірибені қолдансақ, жастар уақытын «Не істеймін?» деген сұраққа жауап іздеумен өткізбес еді.

Шындығында, жастар 14 жасынан бастап уақытты мамандық таңдауға емес, өзіне қажетті мамандық бойынша білім алуға жұмсауы қажет.

– «Me and my city» жобасын Шымкент қаласында ашу жағын ойланып көрмедіңіз бе? Оған мүмкіндіктер бар ма?

– Мүмкіндік әрқашан бар және бола береді. Мәселе, сол мақсатта жұмсалған қаражаттан нәтиже шығуында. Өткен жылғы форумда да біз бірқатар мекемемен меморандум түздік. Біз жастар үшін оның бәрін тиімді пайдаланып, нәтиже шығаруымыз керек.

Егер нәтижесі көзге көрінбесе, сол жобаға жұмсалған қаржы үшін менің ішім ашиды. Яғни, форум керемет ұйымдастырылды деп қорытындылап қоя салмай, биыл жазға қарай жастарды сол келісім негізінде өндірістік, оқу, іс-тәжірибелерге баруын назарда ұстаймыз.

Одан әрі қарым-қабілетіне қарай жұмысқа орналасуына да жағдай жасамақпыз. Әр жобалар мен бастама аясында осындай жауапкершілік болғанын қалаймын.

Жақында қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлына бірқатар бастамаларымызды таныстырдық. Жұмыс барысында аталған танымдық ойын туралы жобаны да ұсынғым келіп отыр.

Егер қолдау тауып жатса және оны жүзеге асыру жағын сеніп тапсырса, көзбен көріп келген жобаны жүзеге асыру аса қиын болмас еді. Кәсіпкерлер мен мекеме басшыларымен келіссөздер жүргізе отырып, елде жоқ бастаманы қолға алар едік. Шымкентте ондай ойын орталықтарын ашуға толық мүмкіндік бар.

– Шаһар басшысына таныстырған бастамалар туралы толығырақ айтып өтсеңіз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялап, жастарды қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруды тапсырды. Елбасы тапсырмасымен ҚР Үкіметі «Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын» әзірледі.

Маңызды құжатта жастарды тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етуден бастап жас отбасыларды қолдауға дейінгі 11 бағытты көздейді.

Аталған құжат негізінде Шымкент жастарының білімді, денсаулығы мықты, жұмыспен және баспанамен қамтылған, жан-жақты, патриот болып қалыптасуына мүмкіндік беретін өңірлік бағдарлама жасадық. «Шымкент қаласында жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы» атты бағдарлама аясында 5 бағытты басты назарға алдық.

Бірінші бағыт – білім беру, патриоттық тәрбиені нығайту.

Екінші бағыт – жастардың денсаулығы, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Үшінші бағыт – жастар арасында жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлікті дамыту.

Төртінші бағыт – жастарды қоғамға бейімдеу, шығармашылық қабілетін арттыру.

Бесінші бағыт – отбасын құру, отбасы институтын нығайту, баспана мәселелері.

Осы мәселелерге байланысты басқарманың 2019 жылы жүзеге асырылатын жобалар әзірленді.
2019 жылдың қаңтар айында «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери патриоттық қоғамдық қозғалысының Шымкент қаласы бойынша филиалы құрылды.

Қазір білім басқармасымен бірлесіп, «Жас сарбаз» үйірмелерін ашуға кірістік. Өңірлік қорғаныс істері департаментімен де іс-шаралар жоспары бекітілді. Жобаға 3 мыңнан астам жасты қамти аламыз. Жоба барысында әскери-патриоттық клуб құрылып, арнайы лагерь ұйымдастырылады.

– «Жастарды қоғамға бейімдеу» деген бағыт қызықтырып тұр. Қоғамда ерекше пысық жастар бар, олар мемлекеттік бағдарламаны да, басқаны да күтіп отырмай, өз бетінше нәпақа тауып жүреді.

Мысалы, сатушы, даяшы, шаштараз қыздар, қарауыл, вагондарда жүк түсіруші жігіттер... Уақытша еңбек етіп жүрген осындай жастар қоғамнан алыстап кетпей ме? Олармен байланыс орнату жағын қалай ойластырдыңыздар?

– Иә, басқарманың соңғы деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда қоғамнан шет қалған немесе маргиналды қала жастарының үлесі 8,3 пайызды құрап отыр. Олар шынында да мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен мүмкіндіктерден бейхабар.

Осы жастардың өмірге деген көзқарасын өзгерту мақсатында Эстония мен Финляндияның #outreach (аутрич) тәжірибесін қолданбақпыз. Яғни, Қауіпсіздік Кеңесінің хаттамасына сәйкес, әр базарда «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ашылады.

Street workout алаңшаларын құрып, әр дүйсенбі демалысқа шығатын базардағы жастарға футбол, волейбол, баскетбол т.б. спорт түрінен тұрақты жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Тым жас кезінде қадамын шалыс басып, жолынан адасқан жастарды қоғамнан шеттетпеу керек. Мәселен, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан немесе ерте жүктілік, басқа да қателіктерге бой алдырған қыз-жігіттер «мен қателік жасап, қоғамнан шеттеп қалдым» деп ешкімнен көмек сұрамайды.

Олар өзін қабылдаған ортаға қарай жақындай береді. Оның түбі нашақорлыққа, жезөкшелікке, басқа да қауіпті өмірге апарып соғуы мүмкін. Бұл тұрғыда қоғамнан шеттеліп қалған немесе маргиналды жастарға біз өзіміз жақындауымыз керек. Біз қолға алатын «Жаңа өмір» жобасы осы бағытта жұмыс істейтін болады.

Жоба аясында психолог, заңгер, әлеуметтанушы сынды сала мамандарының қатысуымен жыл соңына дейін 200-ге жуық жасты қоғамға бейімдей алсақ, бұл біз үшін үлкен жетістік болмақ.

Дарынды жастардың шығармашылығын шыңдау және қолдау мақсатында Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі үшін республикалық «Күміс домбыра» жас ақындар айтысы, «Көңілді тапқырлар алаңы», «Шабыт» жобасы өткізіледі.

Ал таланты бар, қаражаттан қысылып, бейнеклипін түсіре алмай жүрген әнші, биші жастарға техникалық жағынан қолдау көрсетіп, жас ақындардың өлең жинағын шығаруына да атсалысуды жоспарладық.

– Жастардың қоғамнан алшақтап қалуына, ең әуелі, дер кезінде көрсетілмеген дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар себеп. Ал уақыт өте келе жұмыссыздықтың салдарынан да қателікке бой алдырдым деп ақталатын азаматтар бар...

– Жылдың негізгі шарасы – Елбасымыз қатысатын республикалық жұмысшы жастар форумы. Форум Шымкент қаласында өтеді деп жоспарланған.

Күзде өтетін ауқымды шараны ұйымдастыру бойынша министрлікпен бірге дайындық жұмыстарына кірісіп-ақ кеттік. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа айтулы шараны арнайы экономикалық аймақта өткізуге ұсыныс жасадық.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың стартаптарды қолдау қорын құру тапсырмасына сәйкес, Кәсіпкерлік басқармасы тарапынан «Мен кәсіпкер боламын» атты жастарды кәсіпкерлікке баулу жобалары жүзеге асырылады.

«IT CAMP» жобалары ұйымдастырылады. Жоба арқылы 200 жасты IOS, Android, Java, C++ жобалары арқылы жастарға базалық білім беріліп, үздіктерді анықтайтын боламыз. Ең бастысы, олар алған практикалық дағдылары мен білімдерін пайдалана отырып, кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын болады.

Бұлардан басқа, «Professional» жобасын іске асырамыз. Жобаның мақсаты – жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне, қаламыздың ТОП-100 компаниясында тағылымдама ұйымдастыру. Қаламызда орналасқан жұмыс орындарында менторлық институтты қалыптастыру бағытын қолға алады.

Яғни, әр жас маманға бір тәжірибелі маман бекітіліп, жоба аясында мыңға жуық жас тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады. Жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

– Жоспар нәтижелі болуына тілектеспіз, әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 15 Март 2019 04:37
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.