2019 жыл – еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы

Пятница, 15 Март 2019 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2788 раз

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов:

Б.Нұрымбетовтың осы суретін қою керек

Жалақы дер кезінде төленбеген жағдайда, еңбек шарттары бұзылып, жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталған кезде оларды заң жүзінде қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ.

Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына да қоғамдық бақылау жасайтын да кәсіподақ.Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым.

Кәсіподақ бұдан басқа қандай жұмыстармен айналысады? Болашақ жоспарлары қандай? Кәсіподақ жүйесінде жаңғыру мен жаңару бар ма? Билік тармақтары және басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы қандай? Осындай сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Бидайбекұлы мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Біржан Бидайбекұлы, қарапайым еңбек адамы үшін жұмыс орнының сақталуы маңызды. Кәсіподақтар да бұл мәселеге жіті көңіл бөлетіні хақ. Осы орайда Түркістан облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау және қысқартуға жол бермеу мақсатында қандай шаралар қолдануда?

– 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40,0% кәсіпорын қамтылған. Бұл ретте Түркістан облысында 4854 ұжымдық шарт қана бекітілген, бұл дегеніміз облыстың 6939 кәсіпорындарының 70,0%-да ұжымдық шарт жасауға қол жеткізілген.

Сондай-ақ, Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы еңбекақы бойынша қарызды азайту мәселесін де жіті бақылауда ұстайды.

Мәселен, 2019 жылғы 7 ақпанда жергілікті атқарушы органдардан алынған мәліметтер бойынша Түркістан облысында еңбекақы бойынша қарыз - 56,0 млн теңге көлемінде, 3 кәсіпорындағы 169 жұмысшыға еңбекақы толық төленбеген. Бұл көрсеткіш республика бойынша 1,9 млрд теңгені құрайды.

Яғни, 144 кәсіпорында 6881 жұмысшыға еңбекақы бойынша қарыз бар. Аумақтық кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі - осы жағдайды оң шешуге ықпал етіп, жұмыс берушіден заң алдында талап ету.

– Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген болатын. Осы міндетті орындауға қазіргі кәсіподақтың мүмкіндігі жете ме?

– Өз міндеттерін белсенді атқаруға кәсіподақтардың мүмкіндігі толығымен жетеді. Біз жыл басында кәсіподақты жаңғыртудың Жол картасын жасаған болатынбыз. Соған сәйкес жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айтарлықтай жетістіктер де бар. Оған кәсіподақ ғана емес, әлеуметтік әріптестер де лайықты үлесін қосып отыр.

Кәсіподақ - жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым. Сондықтан негізгі мақсатымыз - жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. Өйткені, еңбек адамдарының және кәсіподақ қозғалысының тыныс-тіршілігін олардан артық ешкім білмейді.

Қазір біздің Кәсіподақтар федерациясының мүшелерінің саны екі миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. Федерация құрамында 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Өткен жылдың өзінде 470 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды.

Біздің мақсат - бастауыш ұйымдардың беделі мен абыройын көтеру арқылы жергілікті кәсіпорындардағы жұмысшыларды осы ұйымның аясына шоғырландыру. Кәсіподақ олардың құқығы мен мүддесін мүлтіксіз қорғайтын айбарлы, керек десеңіз, азулы ұйым болуы қажет.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері жұмыс берушілермен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, туындаған еңбек және әлеуметтік мәселелерді ушықтырмай жергілікті жерде шеше алатындай білікті болуы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, олар жан-жақты білімді, іскер болғанда ғана еңбек адамдары оның жанына топтасып, жұмыс берушілер де онымен санасатын болады.

2018 жылы Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл мен Меркіде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумын өткізуіміздің де мәнісі осы. Оған екі мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Жасыратыны жоқ, жергілікті жердегі жұмыс берушілердің арасында кәсіподақ ұйымы болмағанын қалайтындар да бар. Өйткені, кәсіподақ еңбек заңдарын бұзуға жол бермейтінін олар біледі. Бұл мәселеде біздің принципіміз айқын: жұмыс беруші мен еңбек ұжымы, еңбек қатынастары бар жерде кәсіподақ ұйымы міндетті түрде болуы керек.

Кәсіподақ еңбек адамдарының мүддесін қорғауға белсене араласатынына қазір көптің көзі жетті. Олардың кәсіподаққа сенімі артты. Қатарымыздың көбейіп жатқанының себебі де осы.

Жергілікті жердегі жұмысты жандандырып, бастауыш ұйымдарды нығайту үшін биылғы жылды аумақтар жылы деп жарияладық. Еліміздегі заңнамаларды қабылдау процесіне біздің кәсіподақтың қатысуына мүмкіндік кеңейді.

Республика Үкіметі жанында заң жобалары жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамына 2018 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы біздің қоғамдық ұйымның басты өкілі ретінде кірді.

Парламенттегі және басқа да құзырлы органдардағы еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелерге байланысты комиссиялардың жұмысына да кәсіподақ өкілдері белсенді араласа бастады.

Еңбек қатынастарына байланысты дау-дамай мен кикілжің адамдардың құқықтық білімінің таяздығынан болып жатады. Сондықтан біз құқықтық жаппай оқудың бірыңғай жүйесін жасадық. Соған байланысты жұмыстар кең ауқымда жүргізіліп отыр.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірге 2018 жылдың мамыр айында жаңа жоба – «Кәсіподақ көшбасшылары мектебін» аштық. Бұл - кәсіподақ мүшелеріне құқық, қаржы, медиация, ішкі және сыртқы коммуникация бойынша жан-жақты білім беретін Қазақстандағы кешенді жоба. Мектептің алғашқы 67 түлегі қазір бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне айналды.

Кәсіподақтар федерациясындағы оқу орталығы 2018 жылы 42 семинар өткізіп, аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің базасында 839 адам білім алды.

– Олардың ішінде жастар бар ма? Жалпы жастардың кәсіподақ қозғалысына ықылас-пейілі қандай?

– Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Біз кәсіподақ институтын ары қарай табысты жалғастыратын жастарға жол беруіміз керек. Өйткені, Қазақстанда кәсіподақтың келешегі кемел.

Жастардың кәсіподақты қазіргіден де жоғары деңгейге жеткізетініне кәміл сенімдімін. Бүгінде республика бойынша кәсіподақ мүшелерінің 32 пайыздан астамы – жастар. Барлық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту жайын жан-жақты талқылап, жастарға қатысты идеялар мен жобаларды ұсынып, кәсіподақ жұмысына белсенді қатысады.

2018 жылы жігерлі жастардың ұйытқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Соның ішінде қыркүйек айында Меркіде өткен еңбек жастары форумының орны ерекше. Форумның негізгі мақсаты – еңбек мамандықтарын асқақтату, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастарының әлеуметтік мәселелерін жақсарту.

Оған 200-ден астам жас қатысты. Республиканың барлық аймақтары мен экономиканың түрлі салаларындағы белсенді жас кәсіподақ жетекшілері осылайша бірінші рет бас қосты.

– Әңгіме барысында кәсіподақтың беделі жайлы қайта-қайта айтып қалдыңыз, кәсіподақтың Жарғысына өзгерістер енгізілуі ұйымның ашықтығы мен беделін арттыру, жұмысын ширату мақсатында жасалған қадам ба сонда?

– Иә. Өткен жылы кәсіподақтың кезектен тыс ХХҮ съезі өтіп, жаңа Жарғы мен Тексеру комиссиясы туралы Ереже қабылданды. Төраға енді бес жылға бір мәрте ғана сайланады.

Оған белсенді жұмыс істеуге бес жыл толық жетеді. Бұл мерзім біткеннен кейін оның орнына жаңа толқын, жаңа басшы келуі керек. Бұл - ұрпақ сабақтастығы. Мүшелік жарнаның жұмсалуы да дау-дамай туғызатын мәселенің бірі еді.

Енді қанша жарна жиналғаны, қандай мақсатқа жұмсалғаны – бәрі айқын. Оны кәсіподақ ұйымдары өз басылымдарында тұрақты түрде жариялап тұрады.

– Кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі – еңбек адамын қорғау және оның қауіпсіздігі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– 2018 жыл «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы» деп жарияланып, соған сай жоспарлы жұмыстар жүргізілді. «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қарастырылып, жүзеге аса бастады. Оған «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палаталары да, әкімдіктер де белсене қатысып отыр.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жұмыс берушілер Конфедерациясымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұртшылықты көбірек тарту мақсатында «Еңбек қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы өткізілді.

Осы акция аясында жұмыс берушілердің қауіпсіз және жақсы еңбек жағдайын жасауға ынтасын арттыру және қоғамдық бақылау институтын дамыту үшін нақты іс-шаралар жасалды.

Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың ролін нығайту мақсатында «Нұр Отан» партиясымен бірге «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық конкурсы өткізілді.

Оның қорытындысына орай еліміз бойынша 39 үздік техникалық инспектордың еңбегі бағаланды. Қазір республика кәсіпорындарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі жөнінде 13 мың өндірістік кеңес бар. Оның 94 пайызы тікелей кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен құрылды.

Рас, Қазақстандағы ірі және орта кәсіпорындардың барлығы бірдей өндірістік кеңес құруға асығар емес Онда өндірістік кеңес бар жоғы – 1 233. Бұл барлық өндірістік кеңестердің 13 пайызы ғана.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, еңбекті қорғау бойынша бірлескен жұмыс жүргізілсе, онда өндірістік жарақаттар мүлдем аз болады. Кәсіподақтың белсенді жұмысының арқасында өткен жылы өндірістік жарақаттардың азайғанын байқау қиын емес.

Өндірісте зардап шеккендер 2017 жылы 1678 болса, 2018 жылы 1568-ге азайды. Бұл – 6,6 пайыз. Ал мерт болғандар 244-тен 216-ға қысқарды. Әрине, бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Өйткені, қайтыс болған адам біреудің әкесі немесе анасы, ағасы болуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Кәсіподақ қазір бұл мәселені қатаң қадағалауға алды.

Осы орайда Федерацияның Атқару комитетінің Қаулысына сәйкес кәсіподақтар орталығы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі жергілікті комиссия отырыстарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын әзірлеп, бекітуге бастама көтерді. Бұл құжатқа облыста әлеуметтік әріптестер қол қойды.

Өндірісте келеңсіз, ауыр жағдайлар мүлдем орын алмауы тиіс. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін оның алдын алу қажет. Кәсіподақ осы үшін күресуі керек.Біздің бағыт - «нөлдік жарақат». Ол үшін осындай мақсатты көздейтін «Vizion Zero» халықаралық бағдарламасына қосылуға қадам жасап отырмыз.

Жарақат оқиғаларын тіркемей, ашық түрде мәліметтер берілмей қалуы да орын алатын еді. Енді әрбір жазатайым оқиға міндетті түрде тіркеледі. Оған жол берген кінәлі адамдар мен себеп-салдары анықталып, зардап шеккен отбасыларға көмек берілуі қадағаланады.

Әрбір жағдай үш жақты комиссия отырысында қаралып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ашық мәлімет беріле бастады. Бұл ретте бізді Қазақстан Үкіметі қолдады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге 2019 жылды да еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялады.

– Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында еңбек даулары мен кикілжіңдері болатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Оны болдырмау үшін еңбек адамы нені ескеруі керек? Кәсіподақ осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай қам-қарекет жасап отыр?

– Жұмысшының құқығын қорғаудағы ең бастапқы құжат - ол жеке еңбек шарты. Жұмыс беруші жұмысқа тұрған адаммен еңбек келісім-шартын міндетті түрде жасауы керек. Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісім-шартын жаса!» республикалық акциясын бастағандағы мақсаты да осы болатын.

Акция кезінде еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек келісім-шартын жасады. Осы арқылы жұмысшылардың құқы мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді.

Екіншісі, әлеуметтік әріптестік құралдары - еңбек қатынастарының және еңбек ұжымының ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ететін механизм. Осы арқылы еңбек қатынастары жүйесін жақсартуға жол ашылады. 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, 20 салалық және 18 аумақтық келісімдер осы мақсатты көздейді.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмысшылардың еңбек құқы мен мүддесін тиімді қорғаудың басты құралы – ұжымдық келісім-шарт. Еңбек адамының жағдайы, әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігі – бәрі ұжымдық келісім-шартта тайға таңба басқандай айқын жазылуы тиіс.

Оны көрген еңбек адамы ертеңгі күніне алаңдамайды. Уақтылы еңбекақы алатынына, отбасын асырайтынына, әлеуметтік қорғауға кепілдік болатынына көзі жетеді.

2017 жылы 77 750 ұжымдық келісім-шарт жасалған еді. 2018 жылы 92 645-ге немесе 16 пайызға артты. Сондай-ақ, ұжымдық және жеке дау-дамайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Осы құжат арқылы аймақтардағы әлеуметтік жағдайларға мониторинг жүргізуге, өзара жедел ақпарат алмасуға, еңбек дауы туындайтын кәсіпорындарға барып, дау-дамайдың алдын алуға мүмкіндік бар.

Мәселен, Қостанай облысындағы Тобыл жол станциясында, Маңғыстау облысындағы «Oil Services Company» компаниясында және басқа да мекемелерде еңбек даулары алғашқы сәтте-ақ бірлескен іс-қимыл жоспарының арқасында ойдағыдай шешімін тапты. Мұндай мысал көп.

Еңбек заңдылықтарын сақтау, әлеуметтік-еңбек дауларын шешу, еңбек кикілжіңдерінің алдын-алу бағытында 2018 жылы Кәсіподақтар федерациясы «НұрОтан» партиясымен Меморандумға қол қойған болатын.

Соған байланысты жүзеге асқан ауқымды жұмыстың бірі - «Лайықты еңбек - мемлекет тұрақтылығының негізі» деген тақырыпта 2018 жылы желтоқсанда Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорыту заводында өткен форум.

Осындай жүйелі бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде ұжымдық еңбек даулары 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 2,5 есе азайды. Жалпы соңғы бес жылда еңбек кикілжіңдері 14 есе төмендеді. Кейде еңбек даулары мен кикілжіңге байланысты мәселені сотқа жеткізбей-ақ шешуге болады.

Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғары соты мен кәсіподақ арасында жасалған меморандумға сәйкес еңбек, әлеуметтік және басқа да дау-дамай мен жанжалдарды шешу үшін өңірлердегі кәсіподақ орталықтарында 17 татуласу орталығы құрылды.

Онда судьялар мен кәсіподақ медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр. 2018 жылдың наурыз айынан бергі аз ғана уақыт ішінде кәсіби медиаторларды, адвокаттар мен кәсіподақ мамандарын тарту арқылы «Татуласу орталықтарында» 2140 процедура өткізілді.

Оның ішінде 980 еңбек дауы оң шешімін тапты. Еңбек ұжымдарында 1700 адам қатысқан 481 ақпараттық-түсіндіру шаралары өтті.

– Елбасы алқалы жиындарда ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе көбейту, жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы төлеу жөнінде тапсырма бергенін білесіз. Осы мәселені шешуге кәсіподақ қаншалықты атсалысып отыр?

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты бірқатар міндеттерді тапсырған болатын.

Осы орайда еңбек адамының мүддесіне бағытталған елеулі қадамдар жасалды. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы көлемі 1,5 есеге, яғни 42,5 мың теңгеге көтерілді.

Қазір кәсіподақ ұйымдары Федерацияның бастамасымен құрылған табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады.

Ұжымдық келісім-шартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс жалғасуда.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды.

Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді.

Жалақының мөлшерін арттырумен қатар оны уақтылы төлеу мәселесі де - өзекті мәселе. Өткен жылы еліміздегі 577 кәсіпорында 1,5 миллиард теңге еңбекақы қарызы орын алған.

Ол үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жұмыс берушілерге 456 ескерту қағазы беріліп, 74 миллион теңгені құрайтын 344 айып салынды және жыл бойы жұмыс берушілер 1 миллиард теңгеден астам еңбекақы қарызын өтеді. Осы арқылы 10 мыңнан астам адамның заңды құқы қорғалды.

Дегенмен де, алдағы уақыттағы қарыздарды қоса, бүгінде елімізде 2 млрд теңгеге жуық берешек әлі бар. Оның 70 пайыздан астамы банкрот кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі.

Сондықтан «Банкроттық және реабилитация туралы» заңға өзгерістер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отырмыз.

– Қазақстан кәсіподақ ұйымдарының шетелдік әріптестермен байланысы мен қарым-қатынасы қандай? Тәжірибе мен үйрену бағытында барыс-келіс бар шығар?

– Халықаралық ынтымақтастық – кәсіподақтың басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ өкілдері 2018 жылы 32 халықаралық іс-шараға қатысты. Кәсіподақтар федерациясы бір жыл ішінде халықаралық кәсіподақтар ұйымдарымен 10 кездесу өткізіп, Түркия мен Арменияның кәсіподақ бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық түралы келісімдерге қол қойылды.

Биыл да халықаралық байланыс бойынша негізгі бағыттарымызды айқындадық. Маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек-әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуде кәсіподақтардың ролі: даму тәжірибесі мен келешегі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта өтетін халықаралық конференция.

Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналып биылғы наурыз айында Халықаралық Еңбек Қорымен бірге «Өндірістік қарым-қатынас, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық семинар өтеді.

Оған Орталық Азия елдерінен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Беларус, Молдова, Моңғолия мен Түркия мемлекеттері кәсіподақтарының өкілдері қатысады.

Біз Халықаралық Еңбек Ұйымы және халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынасты жалғастыра береміз. Орталық Азиядағы ұлттық кәсіподақ орталықтарымен екіжақты халықаралық ынтымақтастықты қалыптастыру мен дамытуға ерекше мән беріледі.

Қазіргі таңда халықаралық жұмыстардың жаңа, сапалық деңгейіне көтерілу керек. Халықаралық аренада біз бір-бірімізге қолдау көрсететінімізге сенімді болғанымыз жөн. Сонда ғана халықаралық байланыс алға басады.

– «Кәсіподақтар: теория мен тәжірибе» деген тақырыпта отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен құқықтанушылардың қатысуымен бірінші рет ғылыми монография шығарған екенсіздер. Бұл да кәсіподақ қозғалысының халықаралық тәжірибесін кеңірек білуге мүмкіндік беретін шығар?

– Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жарық көрген тұңғыш үлкен ғылыми монография. Онда әлемдегі 30 мемлекеттің кәсіподақ ұйымдары тәжірибесінің қамтылуы еңбектің маңыздылығын арттыра түсті.

Кітапта Қазақстандағы кәсіподақтардың қызметі мен мәртебесіне зерттеу жүргізіліп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасалды.

Басылым авторларының Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ институтын дамыту жөнінде де ұтымды ұсыныстары бар. Кітап Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдары мен оқу орындары үшін үлкен көмекші құрал болады деп сенеміз.

– Біржан Бидайбекұлы, соңғы сұрақ, өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерация мүшелігінен шықты» деп жарыса жазды. Осының анық-қанығын білгіміз келеді?

– Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясының Жарғысына сәйкес, мүшелікті тоқтату немесе мүшеліктен шығу мәселесін шешу оның жоғары органдары – Бас кеңес пен Конгрестің құзыретіне жатады. Бұл мәселені Халықаралық конфедерация өз бетінше шеше алмайды.

Рас, өткен жылдың қараша айында Халықаралық конфедерацияның европалық аймақтық кеңесі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық конфедерацияға мүшелігін тоқтату жөнінде бастама көтерген еді.

Олардың бұл бастамасы бойынша 2018 жылғы 2 желтоқсан күні Халықаралық конфедерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті. Бірақ онда ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Сондықтан бүгінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (International Trade Union Confederation, ITUC) мүшесі болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет.
Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.