ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

Пятница, 15 Март 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2864 раз

Төлеш Жүнісбекұлы Шаянда тұрады. Жүзімдік ауылында туып-өскен. Нағашы ағасы Ырысалы Досыбаев 1943 жылы соғысқа өзі сұранып аттанған соң із-түзсіз кеткен.

Төкеш ағай

Ал, жалғыз ұлын қан майданға аттандырып, көп ұзамай жұбайы Досыбайдан да айырылып, аңырап қалған нағашы әжесі Бөпежан «қарашаңырақты тастап ешқайда кетпеймін...» деп біраз жыл бір әулеттің түтінін өшірмеді. Дегенмен, күйеу баласы Жүнісбек «сізді жалғыз қалдырып қарап отыра алмаймыз» деп қоярда қоймай қолына алады.

– Біз бір әке-шешеден 11 едік. Бәрімізді де сол нағашы әжеміз Бөпежан бағып-қақты. Әкем үнемі оңашада «нағашы апаларыңа қарсы сөз айтып, тілін алмай қасарысушы болмаңдар! Ол кісі жалғыз ұлынан айрылған адам. Көңіліне қаяу салғандарың жарамайды» деп отыратын. Ал, өзі енесін туған анасындай мәпелеп, құрметтеп өтті.

Әжеміз бізге үнемі ертегі айтатын. Әсіресе, тіліміз шыққаннан батырлар жырын жаттататын. Содан да болар үлкен ағам Қуан өте зерек бала болыпты. Бес жасында батырлар жырын, талай қисса-дастандарды жатқа айтады екен. Көрші-қолаң жиылып батырлар жырын Қуан ағамның оқығанын жиі тамашалайды екен.

Ондайда Бөпежан әжеміз жиен немересінің зеректігіне масаттанып, марқайып отырады. Бәлкім осы зеректігінен, ерте елдің көзіне түсіп, сөзіне арқау болғанынан да болар, Қуан ағама көз тиіп, бала кезінде қайтыс болыпты. Біздерді жұртқа көп көрсетпесе де әжем жыр-дастандарды жаттатудан танбады. Үлкенді құрметтеу, бабалар аманатына адал болу өнегесін біз осылай бойымызға сіңірдік, – дейді Төлеш аға.

Нағашы әжесі туралы сыр ақтарғанда Төлеш ағаның жаны жадырап сала берді. Бала күнге деген сағыныш, аяулы жанға деген құрметі жүзінен сезіліп тұрды.
– Білесіз бе, әжемнің емшілік те қасиеті бар еді. Дерменеден май сығып, шипа іздеп келгендерді сонымен емдеп жазатын. Ал, Жүзімдікте ол өсірген бау-бақшада жүзім, алма, алмұрт, өріктің неше түрі самсап тұратын. Еңбекқор еді. Қауын-қарбыз егіп, бізді де еңбек етуге бала жастан тәрбиеледі.

Бас көтерер ұлдың үлкені Төлеш аға ержеткенде Бөпежан әжесі «бар үмітім сенде, соғысқа кеткен жалғызымнан бір дерек тауып берші...» деп өтініпті. Содан бері жан-жаққа іздеу хат жолдаған бозбаланың үміті ұзақ жылдар бойына ақталмады.

– Ең өкініштісі, нағашы ағамның суретін жоғалтып алғаным болды, – дейді Төлеш аға кешегі күнді еске алып отырып, жанарына жиналған жасты іркіп қала алмай. – Әжем, «жалғызымның суретін құрттың-ау...» дегенде жерге кіріп кете жаздадым ғой... Ол оны өмір бойы кішкентай чемоданына салып, асыл мұрасындай, көзінің қарасындай сақтап келген еді ғой...

«Қалай ғана жоғалтып алдыңыз?» деп сұрауға ұмтылсақ та онсыз да өзегі өкініштен өртеніп отырған азаматтың жанын жаралағымыз келмеді. Бәрін де өзі түсіндірді.

– Құрғыр сол бюрократиялық жүйенің кесірі ғой, кешегі. Аудандық әскери комиссариатқа іздеу салған хатымды алып, өзімізге белгілі аз ғана деректі жазып, әжемнің қолындағы жалғыз фотосуретті алып талай рет бардым. «Ертең кел, бүрсүгіні кел...», «Анда жаздық, мұнда жібердік хатыңды...» деген жауаптан артық жауап жоқ. Сөйтіп жүргенде қай үстелдің тартпасында қалып, қай архивке кеткенін кім білсін, мен жазған хаттармен бірге сурет те жоғалды ғой. Ал, оны әжеме қалай түсіндірейін?!

Төлеш ағаны бұл жағдай одан сайын қамшылай түскендей. Соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен нағашы ағасы туралы әрбір деректі мұқият жинай бастайды.

Шаянда тұратын, бүгінде жасы жүзге жақындаған, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, облысқа есімі белгілі Бейсенбек Игісінов ақсақал нағашы ағасы Ырысалымен бірге оқыған досы әрі туысы. Сол ақсақалға барып, бала күнгі естеліктерін сұрайды. «Білімге құштар, алғыр еді. Содан да болар көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған соң оны аудандық комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлаған еді.

Комсомол бала деп ауыл-аймақ сыртынан құрмет тұтатын. Соғысқа өзі сұранып кетті ғой. Алдымен Ташкенттегі оқу-жаттығу курсынан өтті. Сосын майданға әкетті...». Бейсенбек ағаның бұл мәліметтері де Төлеш аға үшін құнды дерек.

– Әжемнен бала күнімде естіп білгенімдей, 1945 жылы хат келген екен. Хат авторы «Ырысалының өтінішімен жазып отырған қызылордалық жігітпін» деп таныстырыпты өзін. Бұл деректі де кәдеге асыруға тырыстым. Қызылорда жақтан да сұрастырып, іздеу салумен болдым.

Берлин түбіндегі кескілескен ұрыста Ырысалы ағам ауыр жарақат алып, госпитальде жатады. Әлгі хат сол кезде жазылған екен. Не керек, үмітін үзбеген адамның еңбегі жанады екен ғой. Ресейдің Подольск қаласындағы әскери архивтен жылт еткен ақпарат табылды. «Наградной лист».

Онда «Досбаев Рсали лейтенант командир стр. взвода 674 стр. полка 150 стр. дивизий Идрицкой им ордена Кутузова 2 степении, год рож. 1925, член ВЛКСМ, казах. Ранен 17.04.1945. В Красной Армии с марта месяца 1943 г. Призван Чаянским РВК, ЮКО. Представляется Ордену Отечественной войны 2-ой степени» деп жазылыпты.

Әрі қарай Одер өзенінің батыс жағалауы, Германияның Гросс-Найендорф ауданы маңындағы ұрыста командир Досыбаевтың алғашқылардың бірі болып жаудың бекінісін басып кіргені, соның арқасында ол бастаған сарбаздар фашистің 20 солдатын мерт қылып, 28-ін тұтқынға алған ерлігі баяндалады.

– Әттеген-айы сол, бұл деректерді әжем барда таба алмадым. Ол кісі 96 жасында қайтыс болды. Алайда, әжемнің аманаты көкейімнен бір кетпеді. 1998 жылы Меккеге анамды алып барғанда да Алладан алдымен әжемнің аманатын орындауды нәсіп етуін тіледім.

Арапат тауында таңды қарсы алып отырып... пендеміз ғой, артымнан ерген екі інімнің кәсібі жүрсе екен, әйелімнің басының сақинасы бар еді, сол дертінен айықса екен деп те тілегімді тізбектеппін. Өзіме ештеңе тілемесем де көңілімдегі осы бір тілектердің орындалғанын қаладым. Қазір сол бір сәтті еске алсам күлкім келеді.

Бірақ, Құдайдың құдіреті, сол тілегімнің бәрі де қабыл болғанына көзім жетіп отыр. Екі бауырымның да елге белгілі азамат болып, өз кәсіптерінің дөңгелегеніне, әйелімнің бас ауруынан айыққаны былай тұрсын, басты арманым, әжемнің аманатын орындағанымды айтсаңызшы.

Ал, қасиетті сапардан ауылға оралсақ, «біздің Шаяннан еліміз тәуелсіздігін алғалы қажылыққа алғаш барған адам сендерсіңдер» деп ел-жұрт марқайып, арқамыздан қақты. Ауылдың кеңпейіл азаматтарына іштегі арман-аманатты не деп түсіндіргендейсің. Ниеттес болғанына риза болғанмен, ішімде «ойпырмай, нағашы ағамның бір дерегін таба алсам екен» деумен жүрдім.

Тағдырының қилы кезеңдерін баяндап отырып, балаша бір қуанып, бір мұңайған Төлеш ағаның ақеділ пейіліне риза боласың.
– Не керек, Подольскіден тапқан ақпаратты жаныма жалау етіп, қалай да нағашы ағамның жерленген жерін табуым керек деп шештім.

Бүгінгідей байланыс жақсарған, интернет салтанат құрған заманның өзінде де Еуропа елдеріне сапар шегу, виза алу мәселелері оңай еместігін Төлеш аға да бастан өткерді. Әрбір өткен уақыт аманатқа қиянат жасап алмасам екен деген уайымға салды. Түсіне әжесі кіріп «Төлеш, Ырысалы тірі ғой. Оны іздесейші...» деген сайын жүрегі сыздап кететін.

Бастапқыда бауырларымды жеткізейін, сосын балаларымды жетілдіріп алайын деп жүріп ауыл ішінен ұзап шыға алмаған, тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында шиеттей бала-шаға мен мұны арқасүйері етіп үміттенген бауырларын оқыту, нан тауып беру оңай болмағанын сол кезеңді басынан өткерген адам ғана жақсы түсінеді.

«Шынымды айтсам, талай мүмкіндіктер болды. Техниканың тілін жақсы білемін, техникум бітірген механикпін. Өзім де жоғары білім алып, қызметімді де өсіретін мүмкіндіктер талай рет болды. Бірақ, мен оған қызықпадым. Қызығуға уақытым да болмады. Табылған кез келген қара жұмысты істедім.

«Ертерек үйлен, тым болмаса сенің қызығыңды көріп, ұрпағымның жалғасқанына куә болып, немеремді иіскеп кетейін деген, айықпас дертке шалдыққан әкемнің арманын орындайын деп 18 жасымда үйлендім. Ол кезде кіші інім Талғат екі жарым жаста еді...» дейді Төлеш аға. Алайда, нанды адал еңбекпен тауып жеуді ғана мақсат тұтқан Төлеш Жүнісбекұлы өткен өміріндегі тұрмыстық тауқыметтеріне еш налымайды. «Қайта шыңдала түстім. Құдай сол еңбекқорлығыма қарай беріп жатыр несібемді» деп шүкіршілік етеді.

– Нағашы ағамның Польшада, Дебно қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін білген соң бала-шаға аяқтан тұрды-ау дегенде аңсарым сол жаққа қарай ауды да тұрды. Бір барып, туған жердің топырағын салып қайтсам. Қай жерде жатқанын көзіммен көрсем дедім. Сәтін салғаны осы болды. Былтыр, 2018 жылдың желтоқсан айында інімнің баласын ертіп алып, Польшаға тарттым.

Зираттағы тізімде менің нағашы ағамның есімі 13-ші болып жазылыпты. Көзіме оттай басылды. «Әже, аманатыңды орындадым. Жалғызыңның дерегін таптым. Риза болғайсың. Қолымнан келгені осы болды...» деп іштей егілдім. Сосын, көлемді тізімді соңына дейін ерінбей оқып шықтым. Бейбіт күн үшін қыршын кеткен сарбаздардың әрқайсысы да мен үшін батыр.

Әруақтарына бағыштап Құран оқыдым. Жүзімдіктен беторамалға түйіп апарған бір уыс топырақты ескерткіштің іргесіндегі шыршаның түбіне салдым. Мраморланған еңселі тас ескерткіштің қай жеріне топырақ салғандаймын. Амалын осылай жасадым. Ал, ол жерден алған топырақты ауылға әкеліп, әжемнің зиратына салдым. Қолдан келетіні осы ғой...

Басында айтып өткенімдей, бұл Төлеш ағаның ғана басынан өткен тағдыр болмауы әбден мүмкін. Талай қазақтың сұм соғыс туралы айтар өз өмір-дастаны бар. Десек те, әже аманатына адалдық, перзенттік парызын өтеудегі табандылық кім-кімге де үлгі болардай. Себебі, жат жерде талай боздақ іздеушісін күтіп әлі жатыр. Қазақ мұны тағдыр дейді... Тек тілеріміз, Төлеш ағадай алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын табанды жандар көп болса екен.

Жәмила МАМЫРӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.