Бірлік бар жерде тірлік бар Избранное

Среда, 20 Март 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 488 раз

«Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, бата мен алғысқа толы Наурыз мерекесі қарсаңында Бекет Тұрғараевты іздедік.

Шымкент қаласына ғана емес, елімізге аты мәлім, заң саласында биік белесті бағындырған Бекет ағамыз Атырау облысында өткен батагөйлер сайысына қазылық жасап қайтыпты. Шағын сұхбатты бірден осы тақырыптан бастадық.

5943789e8907414975940142

– Бекет аға, әз-Наурыз құтты болсын! Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төралқа мүшесі ретінде бата беруден өткен республикалық сайысқа әділқазы болып қайттыңыз. Кімдер қатысты?

– Жас буынға, өзімізден кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деп, зейнетке шыққаннан кейінгі уақытымызды қоғамдық жұмыстарға, қазақтың мәдени мұрасын зерттеуге, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға арнағанбыз. «Баталы құлға бақ қонар» демекші, жақында республикалық ардагерлер ұйымының ұйымдастырумен Атырауда танымдық іс-шара өтті.

50 жастан асқан 17 қатысушы байқау шартына сәйкес әуелі би-шешендердің, батырлардың берген баталарын жатқа айтты. Одан кейін қазақтың қыз ұзату, тұсау кесер, басқа да салт-дәстүр бойынша бата беру даналығы сыналды. Бір қуантқаны, бас жүлдені Павлодардан келген үміткер алды.

– Бүгінде бата беруді тілек айтумен шатастырып жүрген қоғамда дәстүрге айналдыратын өнегелі үрдіс екен. Әсіресе, Наурыз мерекесінде жер-жерде қолға алатындай-ақ...

– Әлбетте, «Мәдениет Батыстан бастау алады» деп тамсана бермей, өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызға тереңірек үңілсек, жауабын тапқан болар едік. Қазақ мәдениетінен шошудың орны жоқ.

«Көшпенділер» дегеннен намыстанудың да қажеті жоқ. Сол көшпенділіктің арқасында қазақ бүгінгі сайын даланың қыр-сырына қанығып, мал шаруашылығын игерді. Елбасы айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» да осы мәдени мұраның қайнар бұлағымен астасып жатыр.

Бүгінде тарихшылар сақ, ғұн дәуірінен хабар беретін жаңа жәдігерлерді тауып, көшпенділер мәдениетінің өте ерте заманнан басталғанын дәлелдеді. Әттең, осы құндылықтарға жете мән беріп, оны қастерлейтін ұланымыздың аздығы қынжылтады.

Мәселен, шетелге барсаң «Отырар, «Сайрам», тіпті «Ұлы Жібек жолы» деген атаумен ештеңені таппайсың. Ал біздің қалаларда «Техас» та бар, «Пекин» де бар, кілең шетелдік атаулар.

«Наурыз Қазығұрттан басталады» деп бір киелі мекенімізді танытсақ, сол айтулы мейрамда басқа да салтымызды дәріптеуіміз керек.

– Осы біздің әдет-ғұрыптың көбі неге Наурыз мерекесін тойлау барысында орындалады? Мәселен, тұсау кесер, бесік той...

– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ертеректе халық қыстан шығуды күтіп, той-томалағын осы күнге жоспарлап, ет сүрлеп, құрт-майын сақтап отырған.

Қыстың көзі қырауда тек мал-жанының амандығына жағдай жасаған қазақ табиғат оянған шақта ең әуелі бір-бірімен жағдай сұрасып, хабар алысқан. Көрісіп, өмірден өткендерге Құран бағыштап, жарлы-жақыбайлының жағдайын біліп, қайырлы іске бел буған.

Бірлік пен татулықтың, ырыс пен берекенің бастауы ретінде әр үйдің қуанышын ел болып тойлауды күн мен түн теңелетін 22 наурызға белгілеген. Бір үйдің баласы өсіп, қаз-қаз басып, бір үйдің тұлымшағы желбірген қызы көктемде бой жетіп, көрген көзді сүйіндірген.

Міне, осы үрдіс әр жылы дәстүрлі жалғасын тауып, мәдениетіміздің негізіне айналды. Қазір жыл он екі ай той тойлауға мүмкіндік бар. Бірақ, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, дәстүрін әлем елдеріне паш ететін бірден бір айтулы күн осы – Наурыз мерекесі.

Бұл күні біздің елге қонақ болып келген шетелдіктер ұлттық тағамдардың құнарлылығын, ұлттық салт-дәстүріміздің құндылығымен жақын таныса алады. Ұлы дала халқының біздің заманымызға дейін-ақ өзіндік мәдениеті қалыптасқанына көз жеткізіп, елдің ынтымағына тәнті болары анық.

– Қоғамдағы «Бірлік», «Ынтымақ» сөзінің мәнін бүгінгі таңда қай көріністен көруге болады?

– Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөзді текке айтпаған. Бүгінде осы үрдісті қолға алып, тал егіп, сенбіліктер ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Бір жолы баққа, келесіде жол жиегіне көшет отырғызамыз.

Өз ауламыз болмағандықтан, ол ағаштың тағдыры не болды деп алаңдаймыз. Себебі, көбіне қурап қалады. Біреу отырғызып кеткен көшетке екінші біреу бір шелек суын құйып өсірсе, адамдардың ынтымағы содан белгілі болады.

Бірлік деген бірігіп жауға шабу емес, бірлік – бір істің нәтижесін жан-жақты қолдап, берекесін көру. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Сол үшін де Наурызда ең әуелі «Ұлыс оң болсын!» деп елге ынтымақ, құт тілейміз.

– Өнегелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

Последнее изменение Среда, 20 Март 2019 04:24
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.