Дәстүрдің озығын үйлестірген орталық Избранное

Среда, 20 Март 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4179 раз

Шымкент қаласындағы әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығына 2018 жылы 10 мыңға жуық адам келіп, аралаған. Бұдан бөлек 100-ге жуық шетелдік турист қазақтың дәстүрімен танысты. Көнеден келе жатқан дәстүрімізді жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан орталық жұмысымен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында танысып қайтқан едік.

DSC 9041

Мегаполис қалада мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының жұмыс істеп келе жатқанына биыл бесінші жыл. Мұнда жылына ұлттық дүниелерді дәріптейтін 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, дейді орталық өкілдері.

– Біздің орталықта қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ел арасында, жастарға үлгі етіп дәріптеу, насихаттау жұмыстары жыл-он екі ай толастаған емес.

От басы - ошақ қасынан басталатын тәрбиелік мәні бар, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді балабақшадан бастап, мектеп, жоғарғы оқу орындарында насихаттап, оны дамытуға үлес қосып келеміз, - дейді орталықтың директоры Жәнібек Тағаев.

– Кеңестік дәуір, одан кейін ғаламдық жаһандануға әдеп-ғұрпымыз жұтылып, жастар түгілі орта буынның өзі талай дүниелерді ұмытып жатыр. Мәселен, «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртып, бүгінде оны өңірімізде жыл сайын тойлау дәстүрге айналды.

DSC 9089

Сол секілді мүлдем қалыс қалған «Түйемұрындық» дәстүрін жастарға көрсетіп, мағынасын түсіндіріп, оған көзкөрген қарияларды тартып, керемет іс-шара ұйымдастырдық.

Салт-санамыздың барлығының түп-төркінінде тәрбиенің қыр-сыры, мән-мағынасы жатыр, сондықтан құрғақ сөзбен емес, ас болса, дайындап көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасап, дәстүрлерді шынайы көрсетуде бізде басымдылық берілген, – дейді орталық басшысы.

Орталықта «Қызға қырық үйден тыйым» атты сырласу сағатында қыздар тәрбесіне қатысты тағылымдық әңгіме өтсе, «Биік болсын шаңырақ» тренингінде жастарға киіз үйдің жабдықтары таныстырылып, оны тігу үйретілді, ал «Дәстүрге берік отбасы», «Жақсы келін – ырысың» байқауларында ұмытылған дәстүрлер қайта жаңғырған.

«Ұлттық киімдер» жобасының нәтижесінде ұлттық киім үлгілері топтастырылған, үш тілді кітап жарыққа шыққан.

124 жәдігерді сыйға тартқан

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында келушілердің қызығушылығын тудартын дүниелер – ұлттық жәдігерлер. Мекеменің ғылыми қызметкері Райхан Алтыбаеваның айтуынша, ондағы құнды дүниелерді ел арасынан жинау оңайға соқпапты.

– 2017 жылы 133 жәдігер жинақталды. Оның 9-ын сатып алсақ, 124 жәдігер сыйға берілді. Ауыл-аймақтарды сапарлап, салт-санамыз бен тұрмыс-тіршілігіміздегі ғұрыптарды зерттеу барысында көптеген қариялар көне заттарды орталыққа сыйға тартты, – деді Р.Алтыбаева.

DSC 9140

Бүгінде мекемедегі жәдігерлер қатарын көне заманғы келі-келсап, оюланған жүк сандық, бөгребас сандық, кебеже, асадал толықтырған. Маман ұлттық салт-дәстүр залында келушілердің қызығушылығын арттыруда жәдігерлер үнемі жаңарып отыратын айтады. Бұл үшін мұражайлар, қолөнер шеберлері, зергерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін жеткізді.

Ұлттық салт-дәстүр залында тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы ғұрып, салттар мен жөн-жоралғы, мәдени тұрмысымыздан хабар ететін этнографиялық, қолөнер бұйымдары, жастарды ерлік рухта тәрбиелеуде жәдігерлердің таңдаулы үлгілері қойылған.

– Ас сандығы – өткен ғасырдың басынан қалған ең көне затымыз. Сандықтың түрлері өте көп. Мысалы, бөгребас сандыққа киіз үй ішінде не көшіп-қонғанда тек ыдыс-аяқтар салған. Ас сандықты Гүлмира Баймұратова деген азаматша сыйға тартты, – деді ғылыми қызметкер.

Ал Достық залында 20 этно-мәдени бірлестіктің экспонаттары қойылған. Олардың негізін ұлттық музыка аспаптары, тұрмыстық бұйымдар мен арнайы әдебиеттер құрайды.

Жаңа бастама – жастар сейілі

Орталық ұжымы қолға алған үлкен жобаларының бірі – жастар сейілі дәстүрі. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрдің озығы мен тозығын үйлестіріп, «Ақ отау» жастар сейілін тұңғыш рет қолға алған.

– Қазіргі жас жұбайлардың той салтанаты, тойға дейінгі атқарылатын жөн-жоралғысы, сейілі шетелден келген негізсіз кірме салтпен араласып жүр. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған көне салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, жастарға арналған заманауи үлгідегі дәстүрге ұластыру және оны кеңінен насихаттау – бүгінде кезек күттірмейтін мәселе.

Дәстүрге сәйкес жас-жұбайлар түтіндеткен техника мен даңғаза әуендерден бас тартып, күймемен жүреді, қазақтың күмбірлеген домбырасынан халық, дәстүрлі әндер шырқалады, - деп жеткізді жаңа бастаманы орталық басшысы Жәнібек Тағаев.

Орталықтағы цифрлы технологияның көмегімен келушілер қазақтың ғұрпымен арнайы түсірілген деректі фильмдермен таныса алады. Мекеменің жетістігінің бірі осы. Кез келген салтымызды осы қондырғы арқылы еркін көруге болады.

Онда сарқылмас қазынамызға арналған 40-тан астам және өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрін насихаттайтын 7 туынды бар.
Ұлтымыздың әлі де кең танылмаған, ұмытыла жаздаған ғұрыптары мен дәстүрлері аз емес.

Орталық жетекшілері алдағы уақытта еліміздің өзге аймақтарына сапарлап, асыл қазыналармызды жинақтау жұмысын жоспарлауда.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.