Терең ойдың, салмақты сөздің иесі еді

Среда, 20 Март 2019 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4531 раз

Сәкеңнің, Сарсенбек САХАБАТТЫҢ (Алтынбеков) болмысы ерекшелеу еді. Біреулерге еліктеу деген оған жат болатын. Терең ойдың, салмақты сөздің иесі еді.

2100

Сол Сәкең, өзіндік болмыспен 65 жыл өмір сүрді. Осы ғұмырында қасиетті әдебиетке өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Ол Әз-Наурыз айының 24-ші жұлдызында күллі түркінің бесігі Түркістан шаһарында жарық дүние есігін ашты.

Осында орыс мектебінің табалдырығын аттады. Ержетіп, арман қуып Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, үздік бітіріп шықты. Сөйтіп, еңбек жолын Мемлекеттік кітап палатасында қатардағы қызметкер болып бастады.

Сонда жүріп Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов сынды дара тұлғалардың жанына еріп, тағлым-тәрбие көрді. Шығармашылығын ұштады. Бір әттеңі әдебиет зерттеуімен біржола айналысуға тұрмыстық тағдыры тұсау болып, елге, жастайынан бағып-қағып, мәпелеген әжесінің қасына оралды.

Алғашында ауыл мектебінде орыс және қазақ тілдерінен сабақ берді. Шығармашылықтан да қол үзбеді. Өлең жазды, зерттеу мақалаларға ден қойды. Қаламының желі бар Сәрсенбекті Кентау қалалық газеті жұмысқа шақырды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Шымкентке қоныс аударып, «Жібек жолы» журналында редактор, «Темірқазық» журналында, «Мәдениет» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Зейнетке шыққанға дейін «Жебе» баспа үйінде шығармашылық қызметкер болды.

Сәрсенбек Сахабат «Үркер таққа тоғайды», «Сені ойға алдым», «Жер шоқтығы Түркістан», «Машыраққа ұшқан тырналар» жыр жинақтарының, «Төреғұлдың Нәзірі», «Шәмшіғұмыр» прозалық кітаптарының авторы.

Сондай-ақ көне түркі мен өзбек тілдерінен «Мың бір хадисті», «Мұхеммед пайғамбардың өсиетнамасын», «Адам Ата әпсанасын», Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеуки, Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Хорезми, Әлішер Науаи поэзиясын жеке кітап етіп бастырған өнімді тәржіманшы. Әр жылдары жазған әдеби-тарихи танымдық зерттеулері жеке кітап болып жарық көрген.

Сәрсенбек Сахабат Әл-Фараби атындағы, Қарауылбек Қазиев атындағы әдеби сыйлықтардың, халықаралық «Нәзір қоры» сыйлығының иегері. Ол терең ойлы ақын, қаламының желі бар түркітану майталмандарының бірі еді.

Арамыздан кетіп, жер бесікке бөленген Сарсенбектің рухы дос-жаранның, әріптестерінің, оқырмандардың есінде ұзақ сақталады.
Бақұл бол, Саке!

Қазақстан Жазушылар одағының
Шымкент
қалалық бөлімшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.