139 нысан заңға қайшы жұмыс істеуде Избранное

Пятница, 05 Апрель 2019 05:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2456 раз

56457712 2194884404157847 3150049939690618880 n 1

Шымкентте рұқсат құжаты жоқ қоғамдық 139 нысан жұмыс істеп тұр. Өз қызметінің басталғаны туралы хабарлама бермеген мейрамхана, тойхана, кондитерлік цехтардың тізімі ақпараттық порталдарда жарияланғанымен, ешбірі құжат алуға асықпаған. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мәлімдеді.

– Республикадағы маңызы бар үшінші қала болғандықтан, талаптың да деңгейі соған сәйкес болуы қажет. Халықтың саулығы бірінші кезекте екенін ескерсек, тамақтандыру орындары заң талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Жаз мезгілі жақындап келеді, сол себепті өткен жылы балмұздақтан улану секілді жағдайлардың қайталанбағаны дұрыс. Бүгінгі таңда аталған 139 нысан заңға түбегейлі қарсы жұмыс істеуде. Кәсіпкерлердің жауапсыздығынан ешқандай құжаты жоқ. Ол орындардан қазірдің өзінде қаншама тұрғын тамақтанып, тапсырыс беруде, - деді Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әбдіманап Төлебаев.
«Қара» тізімде «Батырхан», «Бақсарай» тойханасы, «Империал» секілді мейрамханалар бар. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тұрғындарға тізімге іліккен орындарда тамақтануда сақ болуды ескертеді.
Брифингте қоғамдық тамақтандыру бойынша кәсіп ашқан азаматтар да шақырылып, оларға рұқсат беру құжатының маңыздылығы түсіндірілді. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті кәсіпкерлерге түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін қажетті құжатты алудың электронды форматын да әзірлеген. Басқосу барысында осы ақпараттар жайында парақшалар таратылды.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.