Қазақстан саяси маңызды кезеңде тұр Избранное

Среда, 10 Апрель 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 140 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусымда өтетінін мәлімдеді.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам. Мемлекет басшысы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беріп отыр.

Мемлекет басшысының бұл үндеуін шымкенттіктер де жылы қабылдады. Осыған орай бірқатар азаматтардың Президент сайлауы туралы пікірін білген едік.

6278583

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Bilisbekov

Жұмағали Білісбеков, Шымкент қаласы «Азаматтық Альянс» заңгерлік тұлғалар бірлестігінің төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Үндеуін тыңдадым. Елдегі президенттік кезектен тыс сайлау 9 маусымда өтетін болып белгіленді.

Бұл өте дұрыс шешім дер едім. Себебі, халықтың президентті тікелей сайлауы – елдегі саяси-демократиялық жүйенің ашық екендігінің көрінісі.

Сайлауға қатысу – Қазақстан Республикасының әр азаматының саяси құқығы әрі азаматтық борышы.

Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеп жүргенде байқағаным, Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде бұл сала қарыштап дамыды. Азаматтардың саяси және қоғамдық тұрғыдағы сауаттары артып, көзқарастары кеңейді. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы тұрақты жолға қойылып, олардың мемлекеттік органдармен, жергілікті билікпен байланысы артып келеді.

Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың елдегі қоғамдық жұмыстарға қосатын үлесі мол.

Мемлекет басшысы президенттік кезектен тыс сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік берді. Ал бұл азаматтық қоғам дамуының жарқын көрінісінің бірі.

Біз Елбасы салып берген сарабдал жолды алдағы уақытта да жалғастыруымыз тиіс. Ол үшін сайлауда дауыс беріп, ел Президентін сайлайық! Баршаңызды сайлауға қатысуға шақырамын!

 

САЙЛАУҒА БІР КІСІДЕЙ  АСТАЛЫСУЫМЫЗ КЕРЕК 

Қожамжарова

Дария Қожамжарова,М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президенттік сайлау туралы үндеуін қажет әрі дұрыс шешім деп қабылдаймын.

Біз алдағы 5 жылдықта өз бағытымыз бен ел басқаратын лайықты басшы сайлауымыз керек. Еліміз қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады.

30 жылдан астам уақыт білім саласында еңбек етіп келемін. Менің ойымша, бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатта ұстанған бағытының арқасында біздің елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық, этносаралық келісім, халықтар достығы мен өзара түсіністігі орнаған.

Бұл – үлкен жетістік. Біз Елбасының сара жолымен жүріп келеміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек деп есептеймін.

Алдағы уақытта халқымызды жауапты да салмақты шешім күтіп тұр. Қазір заман өзгерді, дүние жүзіндегі ахуал өзгерді. Қазақстанның дүние жүзіндегі үлес салмағы өзгерді. Президент сайлауына мұқият дайындалуымыз және соған бір кісідей асталысуымыз керек.

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның жас азаматтарды «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңдер», деп шақырды. Ал мен сол жастармен қатар барша қала тұрғындарын алдағы сайлауға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын!

 

БІЗ БОЛАШАҚТЫ ӨЗ ҚАЛАУЫМЫЗБЕН ҚҰРАМЫЗ

Шойбек Орынбай

Шойбек Орынбай,Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент филиалының директоры

Қазақстанның қоғамдық өмірінде өткелі отырған үлкен саяси оқиға жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жариялаған Үндеуін зор қанағат сезіммен қабылдадым.

Бұл шешім – еліміздің алдағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінің басты бағыттарын нақты айқындап беруге ықпал ететін басты қадам. Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін.

Біз ашық, демократиялық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттардағы қиындыққа қарсы жүзе отырып жеткен жетістіктері, сындарлы талай сәттерде Елбасы шешімімен тығырықтан жол таба білгені, Ұлт Көшбасшының сарабдал саясатының арқасында әлемдік қауымдастық алдында Қазақ елінің мәртебесі жылдан жылға биіктей түскені бізге айдай аян.

Қазақстанның осынау жетістіктері мен халықаралық аренадағы бедел-абыройы халқымыздың бірлігі мен елдегі саяси ахуалдың түрақтылығына байланысты. Сол бірлік пен ынтымағымызды сақтай отырып, Елбасының еліміздің болашағына бағдар берген әлеуметтік бағыттарының, стратегиялық бағдарламаларының орындалуын одан әрі жалғастыру үшін сайлауды мерзімінен бұрын өткізу өте дұрыс әрі аса маңызды деп ойлаймын.

Себебі елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен келісімді, әлеуметтік-экономикалық жағдайды нығайта түсуде бізге айқындық қажет.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның заңды жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлтымыздың рухани құндылықтарын түгендеген тарихи-танымдық мұра болды. Біз алдағы сайлауда өзіміздің дұрыс таңдауымызды жасай отырып, осындай ізгілікті де, игілікті жолымыздан жаңылмауымыз керек.

Президент Қасым Жомарт Тоқаев өзінің Үндеуінде біздің еліміздің тура, айқын жолмен келе жатқанын айта келе, алдағы сайлаудың халық қалауымен ашық та таза, демократиялық жағдайда өтетініне сендірді.

Мен де қалам ұстаған зиялы қауымның өкілі ретінде қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, сайлауға белсене қатысуға шақырамын.

 

ТАРИХИ ТАҢДАУ ЖАСАЙМЫЗ

Молдасейтов

Қайрат Молдасейітов, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешіміне қолдау білдіремін. Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды қадам.

1990-жылдардан бері кәсіпкерлік саласында жүрмін, 2007 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты болып, халыққа еңбек еттім. 2009-2012 жылдары Түркістан қаласының әкімі және 2012-2013 жылдар аралығында Шымкент қаласының әкімі болып мемлеттік қызмет атқардым.

Кәсіпкерлік салады жүріп байқағаным – біздің елде өз ісіңмен айналысуға жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау жан-жақты көрсетілуде. Тек өзің ерінбей, адал тер төксең болғаны. Елбасының нақты тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижесінде елімізде шағын және орта бизнестің дамуы жаңа белеске көтерілді.

Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Ол абырой бізге оңай келген жоқ. Әрқайсысымыз атсалыстық, тер төктік.

Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік. Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді.

Әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленсе, ендігі меже – озық дамыған 30 елдің қатарына ену. Ал бізге жүткеліп отырған алғашқы мінеттің бірі ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтау, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды жаңа Президент сайлап, ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.

Сондықтан, барлық ірі және орта бизнестегі әріптестерімді елдің саяси өміріндегі аса маңызды оқиғасына ауызбіршілікпен қатысуға шақырамын. Бұл – біздің болашағымыз!

 

АЛДАҒЫ БАҚЫТ-БАҒДАРДЫ АЙҚЫНДАҒАН МАҢЫЗДЫ ҮНДЕУ 

Байтуов

Біржан БАЙТУОВ,ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,

Мен елімнің жас патриотымын әрі Тәуелсіздіктің тел өскен ұрпағымын.

Елдігімізді ардақтап, ел ертеңіне сенім артатын кез – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуін теледидардан мұқият тыңдадым. Мемлекет басшысының алдағы Президент сайлауына қатысты бұл үндеуі, шын мәнінде, еліміздің ертеңіне жаңаша серпін беретін, алдағы бағыт-бағдарын айқындаған маңызды үндеу болды.

Тәуелсіз Қазақ елі бүгінде өркениетті елдермен иық тірескен дәрежеге жетті. Көпұлтты Қазақстан халқы ынтымақ пен бірлігінің арқасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Мұның бәрі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың жемісі деп есептеймін.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып, өзінің Үндеуінде «Елбасының сара жолын жалғастырамыз» деп баса айтты. Сондай-ақ алдағы 9 маусымда өтетін Президент сайлауының таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін деді.

Бұл халықтың болашаққа деген сенімін нығайтатыны сөзсіз.

Қазақстан қазіргі таңда дүниежүзі қауымдастығы алдында беделді әрі үлкен құрметке ие. Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев егемендік алғаннан кейінгі аз ғана жылдың ішінде бұрын-соңды болмаған мемлекет құрды. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің Туын көтерді. Әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатты.

Елде де тұрақтылық орнап, барлық салада даму бар. Соның ішінде біздерге, ел жастарына үлкен қамқорлық жасалуда.

Қазақстан өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралап, өзінің көп қырлы саясатын қалыптастырды. Бұл - Қазақстанның демократиялық қоғам құрудағы үлкен белесі деп ойлаймын. Осы орайда шымкенттіктерді алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

 

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ ТІРЛІК БАР!

фото Рысбаевой

Сәуле Рысбаева, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдар кандидаты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеуін зор ыждақаттылықпен тыңдай отырып, қуатты мемлекетіміздің тарихындағы үлкен кезеңге аяқ басқалы отырғанымызды сезіндік.

Демократиялық мемлекет ретінде тұрақтылықты ту еткен бүкіл қазақстандықтар еліміздің ертеңіне деген сеніммен кезектен тыс сайлауға үлкен жауапкершілікпен келе отырып, ел басқару ісіне қатыспақ.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, кезектен тыс сайлау өткізу халық мүддесі үшін өте маңызды шешім, бүкіл қазақстандықтардың арман, мақсаттарын бір арнаға тоғыстыратын сәт.

«Мәңгілік Ел» идеясы аясында күш-қуатымызды біріктіре келе, халықаралық аренада да, ішкі саяси-экономикалық жағдайларда да нақты шешімдерге ықпал етпек.

Біртұтас мемлекет ретінде саяси маңызы зор, 9 маусымда өтетін бұл сайлаудың ашық та әділ өтуі барлық қазақстандықтарға сын болмақ.

Ел таңдауы тұтас, бірлік пен мызғымастық негізінде іске асатынына сеніміміз зор.

Последнее изменение Четверг, 11 Апрель 2019 07:07
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.