Версия для печати

ӘЛЕУМЕТКЕ – ӘЛЕУЕТТІ КӨМЕК Избранное

Пятница, 12 Апрель 2019 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3599 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Үкіметтік жұмыс тобы Шымкент қаласына іс-сапармен келді

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік іс-шаралар бастамасын жан-жақты түсіндіру мақсатында үшінші мегаполиске жұмыс тобын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастап келді.

DSC 111

Олар жұмыс сапарының бірінші күні Шымкент тұрғындарымен кездесіп, Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру барысына рет-ретімен тоқталды.

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов ашып, жүргізген жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К.Шамшидинова, Денсаулық сақтау вице министрі Л.Ақтаева және көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

43 МЫҢ ШЫМКЕНТТІКТІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛЕДІ

Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев жалақы, атаулы әлеуметтік көмек туралы баяндады.
- Ең бірінші тапсырма – бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру. Жалақы орта есеппен 15-30%-ға көтеріледі.

Олардың қатарына білім, денсаулық, спорт, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері, сол мекемелерде қызмет ететін сантехник, ағаш ұсталары да кіреді.

Бұған қоса ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктерде тікелей халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің де айлық жалақысы 25%-ға өседі. Біздің болжамымыз бойынша, ең кем дегенде 1 млн 100 мың қазақстандықтың айлығы көтеріледі.

Оның ішінде 1 маусымнан бастап Шымкент қаласында 43 мыңнан астам қызметкердің айлығын көтеру жоспарланып отыр, - деді Б.Сапарбаев.

Министрдің сөзінше, мұғалімнің орташа жалақысы 1 маусымға дейін 79 мың теңге болса, 1 маусымнан бастап 96 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Жаңа атаулы әлеуметтік көмекке келсек, яғни 20789 теңге алатындардың саны 830 мыңға жетеді. Оның 77 725-і Шымкент қаласының тұрғындары.

- Тәрбиешілердің жалақысы 68 мыңнан 88 мыңға, дәрігерлердің жалақысы 108 мыңнан 141 мыңға дейін, оның ішінде медбикелер, санитар қызметкерлер бар, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 70 мың теңгеден 91 мың теңгеге дейін, әртістердің жалақысы 87 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін, кітапханашылардың жалақысы 77 мың теңгеден 96 мың теңгеге дейін, бухгалтер, статист, іс қағаздарын жүргізетіндердің жалақысы 15-30%-ға дейін көтеріледі, - деді Бердібек Сапарбаев.

КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРҒА – ПӘТЕР КІЛТІ

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 11 шымкенттік көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстады.

Еске салсақ, Шымкентте алдағы мамыр айында әлеуметтік жағдайы төмен 540 отбасыға пәтер беріледі. Оның ішінде көпбалалы аналар үшін 177 пәтер бар.

ЖАСТАР ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖОЛ КАРТАСЫ

Жұмыс сапарының екінші күнінде үкіметтік жұмыс тобы Шымкенттегі бірқатар нысандарға барды. Вице-премьер бастаған делегация ОҚМУ-дың оқытушыларымен, студенттерімен кездесті.

Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, бүгінгі таңда Жастар жылы аясында жол картасы әзірленген, онда бес бағыт бар. Бірінші бағыт - еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету.

cf018b743a23580897df6042c8af3633

Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған 1 мыңға жуық арендалық үй тұрғызу жоспарда бар. Ал екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді.

Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқиды. Үшінші бағытта білім беру мен еріктілер ұйымдарын дамыту жоспары бар.

«Жас маман» бағдарламасы арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіп бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны мен 180 колледж базасында жүзеге асырылады.

Вице-премьер жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту көзделетінін айтты. Бұл бағытты «Жасыл ел» қозғалысының «Жасыл қала», «Жасыл ауыл» ортақ ұлттық жобасының аясында жүзеге асыру қарастырылып отыр.

БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқау қолдаулар мен білім беру жүйесін жетілдіру шаралары туралы айтты.

– Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында қосымша 20 мың грант берілді. Бұл – Жастар жылында ерекше қолдау. Жастар үшін жатақхана мәселесі де өзекті. Бұл бағытта бүгінде 20 келісім-шарт жасалуда.

Оның ішінде, Шымкентте әзірге 3 келісім-шарт түзілді. Атап айтсақ, екеуі – педагогикалық университетте, біреуі – медициналық академияға тиесілі, - деді министр.

Үкіметтік топ бұдан кейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, «Алем БТ»ЖШС, «LuxShoes» бірлескен кәсіпорнында және «Бал текстиль» фабрикасының жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ вице-премьер Шымкенттегі «Қайнар» бизнес орталығында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Гүлшара Әбдіхалықова бизнес қауымдастықтары мен кәсіпкерлерге тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмек көрсету керегін айтып, олардың түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуде белсенді болуға шақырды.

Айта кетерлігі, Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы - тұрғын үй құрылысы, 15-і - білім саласы, 36-ы – инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы – көлік инфрақұрылымы бойынша.

Нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, жақын уақытта Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ғимарат салынбақ.

Премьер-министрдің орынбасары қалалық аймақтық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды. Мұнда емдеу-түзету жұмыстары әр келушінің сұранысына және қажеттілігіне қарай жасалады.

Олардың ортаға бейімделуі, әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі. Жыл сайын орталықта 300 адам сауықтырылады. Бүгінге дейін орталықта 227 адамға арнайы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілген.

Вице-премьер жұмыспен қамту орталығында да болды. Жыл басынан бері 5810 азаматқа қызмет көрсетілген. Оның ішінде 2437 адам тұрақты жұмысқа тұрған.

Қазіргі таңда 5430 бос жұмыс орындарына құжаттар қабылдануда. Г.Әбдіхалықова бұл бағыттағы жұмысты жүйелеп, ширата түсуді тапсырды.

Сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың жағдайымен танысып, сауалдарына жауап берді. Сапар соңында қоғамдық қабылдау өткізді.

Оның барысында көпбалалы ана Әзиза Маманазарованың тұрғын үй мәселесі шешілді. 5 баласы бар ана мамыр айында көптен бергі арманына қол жеткізіп, баспаналы болмақ.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.