Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Избранное

Среда, 24 Апрель 2019 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2422 раз

Елордада «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті

Съезде партия төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы бекітілді. «Nur Otan» партиясының мүшелері ҚР Президентігінен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

011

Партия съезіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы саны 1500-ден астам адам қатысты. Шымкенттік 30 делегатты қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бастап барды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстанды басқаруға лайықты азамат. Қасым-Жомарт Кемелұлының дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті. Дипломатиялық жетістіктерімен қатар мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты, - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қ.Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын өркендетуге жол ашылғанын айтты.

– Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендетуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бұған қоса мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келетін заман туды, деп мәлімдеді.

– Жақында біз партиямыздың ХVIII съезінде мемлекетке, елге қажет барлық мәселелерді кеңінен талқылап, партияның алдағы жұмысын анықтадық. Сондай-ақ стратегиялық бағдарламасын бекіттік. Атқарған жұмыстарымызға, жетістіктерімізге бірге баға бердік. Ал бүгін Қазақстан Президентінің алдағы сайлауына өз кандидатымызды ұсыну үшін бас қосып отырмыз», - деді Елбасы.

ҚР Тұңғыш Президенті бұл Қазақстанның саяси өміріндегі өте маңызды мәселе екенін баса айтты.

003

– Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отыр. Биылғы 19 наурызда, өздеріңіз білесіздер, мен Президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Еліміздің жарқын болашағы үшін осындай оңай емес шешім қабылдадым, ойланып-толғанып шешілген мәселе болды. Мемлекетті басқаруға басшылардың жаңа буыны келетін заман болды. Уақыт солай, өмір солай.

Олар тәуелсіз Қазақстанның абыройын арттырып, беделін биіктете түседі деп сенемін. Біздің буынымыз соларға көмек көрсетіп, жан-жақты қолдап, жағдай жасауымыз қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.