Оразкүлдің ойлы орамдары

Пятница, 26 Апрель 2019 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3202 раз

Шымкентке қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты Оразкүл Асанғазықызы келді. Екі сағатқа жуық уақыт Жастар ресурстық орталығында қазақтың Оразкүлдей ұлтжанды қызы жастарға отбасы құндылығы, салт-дәстүр сабақтастығы, тарих тағлымы, ұрпақ тәрбиесі хақында ойлы әңгіме айтты.Соның барлығын болмаса да, тебінгідей тұстарын теріп алып, оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

DSC 8828

Ойланбаған – от басады

Отбасы деңгейіндегі мәселе шешілсе, онда барлық мәселе шешіледі. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Қазіргі қоғамда сол отбасының іргесі сөгіліп, кеше ғана сүйіп қосылған жастардың жұбынан ажырап кетіп жатқан жағдайы жиілегені өкінтеді.

Оған бірден-бір себеп – ақпараттық ағын, әлеуметтік желінің кейбір кері әсерлі «кеңестері». Жастардың әлеуметтік желідегі сондай жосықсыз әдеттерге елітіп, отбасының шырқын бұзып алып жатқаны ойлантатын мәселе.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, кез келген ұлт өзінің ұлттық кодынан ажырамаса, онда ол ел адаспайды. Ұлттық код деген – тарих. Біздің кезімізде тарих дұрыс оқытылмады.

Біз өз ұлтымыздың тарихынан, тамырынан ажырап қалдық. Ал қазір тарихтан тәмсіл алуға да, ұлттық құндылықтарымыздың тамырынан нәр алуға да барлық игілік бар.

Қазақ деген – өз тарихында 472 рет соғысып, сол соғыстардың барлығында жеңіске жеткен ұлы халық. Ел мен елдігімізді қорғау жолында бабаларымыз бізге бай, әуезді, әсерлі тіл қалдырды.

Бір ғана жылқы сөзінің 70 атауы бар болған соң, тіліміздің шұрайлылығы өз-өзінен көрініп тұр емес пе?! Қазақ тілі 26 жылдың ішінде қолданылуы жөнінен әлем тілдерінің арасында 187-орыннан 70-орынға шыққан.

Ата-бабаларымыз бізге көлемі жағынан әлемде 9-орын алатын кең байтақ жер қалдырды. Ұлттық болмысымыз бен қазақи қалпымызды ерекшелейтін дәріпті дәстүр-салт, қастерлі құндылықтар қалдырды.

Соның бірі, мәселен, тағлымды тарихымызда енелер келінін бауырына тартып, қамқорлық танытып, оған ұрпағын өрбітетін адам ретінде оң көзқараспен қараған. Ал қазіргі кейбір енелер келіндеріне тәрбие берудің орнына, тырнақ астынан кір іздеп, үйден қуып шыққанша асығады. Келінді шаңырақтың шегесі қылып бекіту – есті ененің еншісінде.

Осы орайда «құрсақ шашу» дәстүрі жайлы айтқым келіп отыр. Келіннің құрсағына бала біткеннен енесі ауылдағы абысын-ажынын жинап, «келінім жүкті болды» деп сүйінші сұрап, болашақ ана атанатын жас келіні не жегісі келсе, қалауын орындаған.

Сарыағашта әкім болып жүргенде «әрбір жүкті әйелге бір қойдан беру» туралы қаулы шығардым. Себебі аяғы ауыр әйел жұмысында да, үйінде де тыным көрмей, күйбең тіршіліктен шаршап, дұрыс тамақтанбай, әлсіреп қалатыны жасырын емес.

Сондықтан дүниеге ұрпақ әкелетін жас келіншектерге аз да болса көмек көрсетуге тырыстық. Дәл қазір Үкімет те жүкті әйелдерге 425 мың теңге беру жөнінде жағымды жаңалық енгізіп, аналарға көрсетілетін қамқорлықты еселей түсуде.

Отбасы беріктігі, ұрпақ тазалығы жолында ер азаматтарға жүктелер жүк те жеңіл емес. Осы орайда жігіттер,

– Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызығынан қапы қалма, - деген Абай аталарыңның сөзін ұмытпағайсыңдар! Атам қазақ қызды өрісім деп құрметтесе, ұлды шаңырағымның ұстыны деп оның тәрбиесіне ерекше мән берген.

Жігіт үйдің ғана қорғаны емес, елдің де қорғаны. Сондай адал, нағыз ерді табу әрбір бойжеткеннің арманы. Әйтсе де отауға, Отанға қорған болады деген кейбір жігіттердің өзінің атын ластап, қыздың арын таптап, бойжеткеннің тағдырын тас-талқан ететін жағдайлары аз кездеспейді.

Осындайдан опық жеген қыздардың соңғы бес жылдың ішінде 33 мың ерте жастағы жүктілігі тіркеліп, оның аяғы түсік жасатумен аяқталғаны өте өкінішті.

Жігіттер сүйген қызының сезімін аялап, сол арумен отау құрып, ақ некені таза ұстаса, таза ұрпақ өрбиді. Сондықтан:

– Еркек – үйдің егесі,
Әйел – оның шегесі.
Мықты болса егесі,
Майыспайды шегесі, - деп айтқан болар едім.

Ал қыздарға айтарым, жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Қыз баланың бақыты – басына жабылған ақ жаулығы, келін боп аттаған табалдырығы. Табалдырықтан асқан тау жоқ.

Өкінішке қарай, қазір кейбір келіндер енесінің қатаң тәрбиесі мен тәртібіне төзе алмай, сол таудай табалдырықтан кері аттап кетіп жатыр. Сондай келіндерге айтарым, үндемеген үйдей пәледен құтылады.

 

Енесі бір сөз айтса екі сөз қайтаратын келін отбасының берекесін кіргізбейді. Ата-енеңе қалай қызмет қылсаң, уақыты келгенде келінің соның бәрін айна-қатесіз алдыңа әкеледі. Еріңді бағаласаң, оның ата-анасын де құрметтей біл!

Еркектің бағын құдай артық қылып жаратқан. Өзім 45 жыл ағаларыңнан жоғары-төмен қызмет істедім. Бірде-бір рет бетіне келіп көрмеппін. Үйдің табалдырығын аттағаннан, мен – әйелмін. Сендерге айтарым, еріңнің сөзін екі етпегендерің абзал.

Он жылдан кейінгі Қазақстан

Кеш барысында студенттердің бірі Оразкүл Асанғазықызына «Он жылдан кейін Қазақстанды қалай елестетесіз!» деп сұрақ қойды.

«Көрнекті ақын, ағартушы, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Мен өлгеннен бір жылдан кейін маған ас бермек түгілі, бір үзім нанға зар боласыңдар» деп айтқан екен.

Ол кісі 1931 жылы қайтыс болса, 1932 жылы 4,5 млн қазақ қырылған ашаршылық орын алды. Ол кісі фашистермен соғысатынымызды, тың жерді игеретінімізді, бәрін алдын ала айтып, айтқанының бәрі айдай келген.

«2013 жылы жер бетінде Қазақстанға жететін ел, қазаққа жететін ұлт болмайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады. Бірақ, ол заманның болу, болмауы – қазақтың өз қолында.

Қазақ екі нәрсесіне еге болуы керек. Біреуі – тілі, біреуі – діні» деген екен... Осы екі нәрсеге еге болсақ, ұлтымыздың қастерлі қасиеттері жоғалмайды.

DSC 8844

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.