Версия для печати

Аққан жұлдыздай жарқ етті де, өтті...

Пятница, 26 Апрель 2019 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3699 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген әріптесіміз Кеңес Исмаиловтың ойда жоқта арамыздан алшақтап, бақи дүниеге аттанып кеткеніне де, міне, бір жеті өтті.

Исмаилов2

Мына жалған дүниенің есігін ертелеу жауып, мәңгілік сапарға асығыс аттанып кеткен әріптес бауырымыз өзінің 54 жылдық ғұмырында артына өнегелі із қалдыра білді. Қалам ұстаған қауымның алдыңғы сапында жүрген сөзі өткір, қаламы ұшқыр журналист Кеңес Исмаилов журналистика саласына адал қызмет етті.

Ол журналистік қызметін облыстық телеарнада бастап, одан соң Шымкент қаласы әкімінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде қатарынан төрт әкімнің баспасөз қызметіне басшылық жасады.

Өмірінің соңғы жылына дейін облыстық «Южный Казахстан» газетінде редактордың орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды.

Өңірдегі басты басылымның бірінде беделді басшы ретінде ол ұйымдастырушылық қабілетімен ұжымды түрлі игі шараларға ұйыстырып жүретінін. Сонымен қатар ол сөзінен өрнек төгілген публицист-журналист еді.

Кеңес Исмаилов жалынды журналист қана емес, белгілі қоғам қайраткері, туған өңірінің табиғатын зерттеуге белсене атсалысып, оны аялауға қызмет еткен патриот та болатын.

Оның бастамасымен жүзеге асқан Сейіл Қошқар ата фестивалі, Арыс өзенінде ағыспен жарысып катамаранмен жүзу жобасы, тауларға саяхатқа бастаған игі қадамдары... бәрі-бәрі оны туған жердің табиғатымен тұтас тұлғаға айналдырып жіберген еді.

Қоғамдық өмірдегі осындай белсенділігін ол спорттық-экологиялық туризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде де әркез танытып жүретін. Ол Қазақстан Республикасы туризм саласының құрметті қызметкері еді.

Кеңес Исмаиловты қатар жүрген әріптестері, достары әнқұмар өнерпаз ретінде де жақсы білетін. Ол бард әндерін гитарамен өте керемет орындайтын, бард әндерінің фестивалін өткізуге ұйытқы болып жүретін.

Кеңесті сегіз қырлы, бір сырлы жігіт деуге әбден болатын. Ол жазушылық қырымен де танылып үлгерді. Оңтүстік өлкесінің тарихын тамылжытып жазған «Большая экскурсия по Шымкенту», тарихи деректерге бай «Дерн», «Тосқауыл» атты кітаптары оның есімін әркез есімізде жаңғыртып тұрады.

...Өзі сүйген, өзі аялаған туған жерінің қойнынан мәңгілік мекен тапқан адал дос, білікті журналист, аяулы азамат Кеңес бауырымыз әркез біздің жадымызда болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.