«Қазақтардың қамқорлығын ұмытпаймыз!» Избранное

Вторник, 30 Апрель 2019 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2836 раз

«Өткен ғасырдың басында тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген бабаларымыз жергілікті халықтың ерекше қамқорлығын көрген. Біздің әкелеріміз ол кезде жас болған ғой. Қазақтар оларға өз баласынан артық қарап, отау тігуіне асарлатып көмектескен. Тіпті, соңғы бір үзім нанын да бөліп жеген. Біздің алдыңғы буын қазақтың осынау дархандығын ұмытпай айтып жүреді».

асар иран

Қалалық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Мами Сулейман Достық шағынауданындағы көпбалалы ананың үйіне асарлатуға барғанда осылай сыр ақтарды. Қандай қиын-қыстау кезеңдерде бір-бірінің қолтығынан демеп, көмек көрсету арқылы адамдар арасындағы бауырмалдылықты нығайтатын бұл дәстүрдің иран этносы үшін орны ерекше.

– Сіздердің ата-бабаларыңыздың шарапатын сезініп өскен біз бүгін көмекке зәру жандар үшін асарлатып, көмектесуді жөн санадық, - дейді иран этномәдени бірлестігінің мүшелері.

Гүлжауһар Спатаева – жалғызбасты ана. Асаршылар көпбалалы ананың үй-жайын жөндеп, ауласына тас төседі, үйінің айналасын шарбақпен қоршады. Әйелдер жағы да қарап тұрмады – дастархан жайып, көпшілікке дәмді палау әзірледі. Азық-түлік себеттерін де ала келген бірлестік мүшелері осы отбасыны өз қамқорлығына алып, алдағы уақытта да тұрақты қолдау көрсетіп отырмақ.

Гүлжауһар Спатаеваның бір баласы церебральды сал ауруына шалдыққан, ерекше күтімді қажет етеді. Осындай қиын уақытта мейірімін төгіп, көмек қолын созып жатқан Ассамблея мүшелеріне айтар алғысы ерекше.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында өткен қамқорлық шын мәнісінде кісі сүйсінерліктей болды. Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шаралар өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер биылғы қаңтар айында бастаған еді.

Акция «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» сынды атауларымен жыл соңына дейін жалғасып, қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетілмек.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.