Ардагерлерін ардақтаған елміз Избранное

Среда, 08 Май 2019 04:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3503 раз

Шымкентте Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

DSC 4800

Әр ардагерге – 252 мың теңге

Қарт майдангерлерді құттықтау іс-шарасын алдымен қалалық әкімдік өкілдері ұйымдастырды. 200-ден астам ардагер жиналған мерекелік дастарханда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көпшілікті Отан қорғаушылар күні мерекесімен және Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.

– Бір-бірімен қатар келетін қастерлі мерекелер қарсаңында сіздердің қайсарлықтарыңыз бен ерліктеріңізге құрмет көрсете отырып, алғыс айтамыз! Келер ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерлігін бағалау – біздің парызымыз.

Біз – ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерліктерінен кем түспеуі тиіс, – деді қала әкімі.

Көпшілік келер ұрпаққа бейбіт өмірді тарту еткен, ерен ерлігі әрқашан үлгі қаһарман сарбаздарды еске салды. Мерекелік жиын барысында Шымкент қалалық басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары 54 майдангерге теледидар сыйласа, «Shymkent» ӘКК қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын аудармақ.

Мерекелік кеште сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай қаладағы 54 ҰОС ардагеріне 252 мың 250 теңгеден, ал 4276 тыл ардагерге 12 мың теңге көлемінде сыйақы берілетінен мәлімдеді.

Салтанатты жиында сұрапыл қантөгісте ерлік көрсеткен азаматтар майдандағы естеліктерімен бөлісті. Ардагерлер құрметіне мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ардагерлерге – Ассамблеядан құрмет

Жеңіс күніне орай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық славян этномәдени бірлестігі де мерекелік іс-шара ұйымдастырып, ардагерлерге құрмет көрсетті.

Ассамблея 1

ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Ассамблея мүшелері мен мектеп оқушылары қатысқан іс-шара майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды.

Одан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Төрегелді Зорбанов, тыл ардагерлері Кеңес Үмбеталиев пен Ирина Репина құрмет төріне көтеріліп, бейбіт өмір үшін соғысқан майдангерлердің ерліктері жайлы естеліктерімен бөлісті.

Төрегелді Зорбанов колхоз жұмысына 15 жасынан бастап араласыпты. Еңбек даласында екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп, майданға аттанады. Ол кезде Төрегелді ақсақал 18 жасар бозбала еді. 1944 жыл. Бұл – қиян-кескі ұрыстың жүріп жатқан кезі.

– Есімде қалғаны – 1945 жылдың наурыз айында Басило көлінің маңындағы қырғын соғыс, - деп еске алады Төрегелді ата. - Біз неміс басқыншыларына қарсы сол жерде соғыстық. Қаншама боздақ қыршын кетті. Фашистер ешкімді аямады. Маңдайдан оқ жанап өтіп, қан майданда қатты жараландым. Көрер күнім, татар дәмім бар шығар.

Бір жарым айдай дала госпиталында жаттым. Ал Жеңіске жеткенімізді сол жерде жатып естідім. Бүкіл елдің қуанышында шек болмады. Ол күнді айтып жеткізе алмаспын, сірә!, - дейді ардагер.

DSC 4884

Салтанатты жиында сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін сахналық қойылымдар қойылып, шығармашылық ұжымдар мен мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.

Басқосу соңында ардагерлерге сый-сияпат жасаған Ассамблея өкілдері көпшілікті арамызда азайып бара жатқан ардагерлерді барынша құрметтеп, қадірлеуге шақырды.

Ер есімі – ел есінде

Төлеген Жақыпбаев 1925 жылдың 9 қыркүйегінде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы поселкесінде диханның жанұясында дүниеге келген. 15 жасында №3 теміржол училищесіне түсіп, оқумен қатар Қазалы стансасында вагон ісі автотежегіш бойынша слесарь және жол жұмысшысы болып жүрді.

1943 жылы Төлеген Жақыпбаев Қызыл Армия қатарына шақырылады. Командирдің орынбасары ретінде Байкал майданындағы №9 атқыштар полкының 94 атқыштар дивизиясының құрамында жапон милитаристерімен шайқасқа қатысады.

Соғыс жеңіспен аяқталған соң Төлеген Жақыпбаев милицияның тосқауыл отрядтарымен бірлесіп, сол кезде Байкал таулары маңында жергілікті халықтың мазасын алып жүрген дезертирлер мен халық жауларынан тұратын қарулы бандаларды жою операцияларына қатысады.

58 100 әскери бөлімінің құрамындағы МГБ-нің СМЕРШ арнайы бөлімінің әскери қарсы барлауының қызметкері, штаб бастығының көмекшісі болады. Тек 1950 жылы старшина шенінде Т.Жақыпбаев әскер қатарынан босап, еліне қайтады.

Сол жылы ол Қызылорда педучилищесін сырттай аяқтап, ал 1952 жылы Арал екі жылдық жоғары дәрежелі партия мектебін бітіреді, қосымша тауар санаушы, Жусалы механикалық зауытына қарасты Ачпродснабының аға жоспарлаушы – экономист қызметтерін алып жүреді.

Т.Жақыпбаев 1951 жылдан бастап 30 жыл бойы Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік органдарында (МҚМ-МҚК) жедел уәкіл, тергеу, кадр жұмыстарында қызмет атқарды. 1981 жылдың ақпанында полковник шенінде зейнеткерлікке шықты.

Зейнетке шыққанымен Т.Жақыпбаев өзінің Отаны мен халқына қызмет етуден тыс қалмады. ҰҚҚД ардагерлер кеңесін басқарды, ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің тарих естелік Кітабын шығаруға арналған комиссия мүшесі болды.

Жемісті, адал атқарған қызметі үшін Т.Жақыпбаев Шымкент қалалық әкімдігінің шешімімен «Құрмет» орденімен марапаттауға ұсынылды.

Отан қауіпсіздігі үшін еткен мол еңбегі жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» мен ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Әскери ерлігі үшін», үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Арнамыс пен батырлығы үшін» орден-медальдарымен марапатталған.

97 жастағы майдангер әлі де тың

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов және қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері құқық қорғау қызметтің ардагері Василий Мухачевтің үйіне барып, мерекесімен құттықтап қайтты.

Ардагер 2019 жылдың ақпан айында 97 жасқа толды. Қария әлі тың, таяққа сүйеніп жүрсе де қалада серуендеуді ұнатады, іс-шараларға қатысады.

Василий Афанасьевич 1941 жылы әскери училищеде үш ай оқып, майданға аттанып кетеді. Сталинград түбінде соғысты, Мәскеуді қорғауда қан төкті, содан кейін Карел-фин майданында Жеңісті қарсы алды.

1949 жылы Қазақстанға келіп, ІІМ органдарына жұмысқа тұрып, Шымкент қаласында өрт сөндіру постының бастығы болып еңбек етті.

...Осылайша өскелең ұрпақ ардагерлерін ұмытпақ емес.

Азамат ЖАППАР,
Нұрлан БЕКТАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.