Рухани жаңғыру әр азаматтан басталады Избранное

Среда, 15 Май 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2938 раз

Ш ымкентке жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Орталық жобалық офисінің менеджері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президентінің кеңесшісі Болат Атыбай жұмыс сапарымен болды. Елордалық қонақ жергілікті тұрғындармен жүздесіп, оқытушыларға, жастарға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайында лекция оқыды.

DSC 1855

– Рухани жаңғырудың негізі – халықтың, жеке адамның тұлғаға айналуы, - деп бастады Болат Қожанұлы өз лекциясын. – Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр талабы бар дегендей, мемлекеттің дамуы ұрпақтың уақыт талабына сай бейімделіп, мәдени ортаға қалыптасуға деген ұмтылысына байланысты. Жалпы, рухани жаңғырудың бірнеше бағыты бар екені баршамызға белгілі, - деп, әр бағытқа жеке-жеке тоқталды.

І. Ұлттық бірегейілікті сақтау. Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі. Елбасымыз айтқандай, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Текті халқымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұл да бір ұлтымызды ұлықтайтын ерекше салт. Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі - ұлттық болмыстың өзегін сақтау, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Бұл орайда қабылданған «Туған жер» бағдарламасы ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған.

ІІ. Бәсекелік қабілет. Ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, өзгелерден сапасымен ұтымды дүние ұсынуға қабілеті. Заман талабына сай тұтас халық қана емес, жеке адамның өзі бәсекелік қабілетін арттырып, табысқа жетуге мүмкіндік алады.

Әр ата-ана баласын ұшқыр ойлы, жобалық менеджментті түсінетіндей тәрбиелесе, ұлт ретінде биіктерді бағындырарымыз хақ. Білім және ғылым министрлігінің стартаптарды енгізуі де осы бәсекелік қабілетті арттыруға ынтасы деп білеміз.

ІІІ. Прагматизм. Өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, сол байлықты үнемдей отыра қолдана білу. Болашақты жоспарлай отырып, ысырапшылдық пен даңғойлық қасиеттерге жол бермеу. Білім алуға, мақсатқа жетуге, кәсіби тұрғыдан жетілуге деген ынта ықылас, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану мінездің прагматизмі. Заманауи әлемдегі бірден-бір үлгі.

ІV. Білімнің салтанат құруы. Біздің қанымызда бар қасиет - білімді болуға ұмтылу. Табысты болудың басты факторы - білім. Жыл өткен сайын біз жүрісі жылдам дамыған дәуірге аяқ басып келеміз. Сондықтан, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт мол табыстарға жетеді. «100 оқулық», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандық мәдениет» бағдарламалары өскелең ұрпаққа білім беруге таптырмас құрал.

DSC 1837

– Қорыта айтқанда, бұл – Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген асыл үндеу өсиеті. Рухани жаңғыру - адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі өзгерісті қабылдай білуі. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгіні мен жарқын болашағын үйлесімді үйлестіретін ұлт жадының тұғырнамасы. Осы тұғырнамадан ауытқымай, Елбасымыз ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік-биік шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін! - деді Б.Атыбай.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі Қазақстан бойынша әзірге екі қалада ашылған. Оның бірі – Алматы болса, екіншісі – Шымкент қаласында. Кеңсенің жоспарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іс-шаралар өткізу бекітілген.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.