Қазақ жылқысы – Ұлы даланың мақтанышы Избранное

Пятница, 17 Май 2019 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5060 раз

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.А.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілгендей, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзінде ұлы қазақ даласынан таралғаны, жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені дәлелденген. Біздің бабаларымыз жылқыны қолға үйрету арқылы өз дәуірінде еркіндікке ие болған. Сонымен бірге, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери сапардағы теңдессіз революцияға жол ашылған. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз, айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

DSC 7082

Жылқы – көшпенділердің қанаты

Атқа отыруға ыңғайлы болу үшін ежелгі бабаларымыз түрлі ер-тұрмандарды, арнайы киімдерді ойлап тапты және қанша ғасыр өтсе де сол заттардың бұрынғы үлгілері осы уақытқа дейін келе жатыр. Оған дәлел ретінде қазба жұмыстары кезінде табылған, мыңдаған жылдар бұрынғы адамдардың шалбары осы күнгі шалбарға ұқсас.

Сонымен бірге осы күнге дейін пайдаланып келе жатқан етіктер де мыңдаған жылдар бұрын ата бабаларымыз дайындаған етіктер үлгісіне ұқсайды.

Батыр бабамыз аттың үстінде жүріп аңшылық және басқа кәсіптеріне пайдалануға алғаш рет садақ тартуды, қылышты және сонымен бірге сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да ойлап тапқан. Мұның барлығы жауынгерлік үстемдік орнатып, қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.

Жалпы, қазақ жылқылары төзімділігі сыртқы орта жағдайына көнбістілігімен, жыл бойы үйірде болуға бейімділігімен ерекшеленеді. Әсіресе республиканың шөл және шөлейт аймағында және таулы жайылымдардағы аудандарда жылқы өсіру тиімді. Мұндай жайылымдарда малдың басқа түріне қарағанда үйірлі жылқылар жақсы жайыла алады.

Қазіргі кезде жылқы шаруашылығының дамуы, олардан алынатын өнімдердің молаюы өсірілетін жылқының тұқымдық сапасының жетілдіруіне байланысты.
Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан.

Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Қазіргі Қазақстан аумағы ежелгі дәуірлерде-ақ жылқының қолға үйретілген мекені болғанын археологиялық қазбалар дәлелдейді.

Арийлер кезеңі

5bd28acb99112

Арийлер жылқыны ерекше құрметтеген. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар қатты қадірленген.

Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мәдениет ескерткіштері өте көп. Олардың көпшілігі – жартастарға салынған суреттер.

Суреттерден арийлердің дүниені қалай түсінгені, қандай рәсімдік билерді билегені, қалай аң аулағаны, қандай мал баққаны, екі доңғалақты арбалары, абыздар мен батырлар туралы түсініктері, т.б. туралы толық мағлұмат алуға болады.

Сақтар кезеңі

Сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар аңыз тараған.

Жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған.

«Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, - деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот. - Ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді». Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер бар.

Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да болған.

Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. «Адам – жылқы мінезді» дейді қазақ. Бұған «Жылқы – малдың патшасы», «Ат – ердің қанаты» секілді т.б. жүздеген мақал-мәтелді қоссаңыз, қазақ халқының адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанына көз жеткізуге болады.

Адамның азамат қатарына қосылуының өзін «ат жалын тартып мінді» деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған қазақтар біреумен жауласса «ат құйрығын кесіскен», біреудің алдында кінәлі болып қалса «ат-шапан айыбын төлеген» деп сипаттаған.

Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.

Ер серігі

Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар («Ер Төстік», «Алтын сақа», т.б. ертегілерде), батырлар жырлардағы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген.

Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректер Ресей және Еуропа зерттеушілері Н.Бахметьевтің, Вогактың, А.Гердердің, А.Вилькинстің еңбектерінде жазылған.

ХІХ ғасырдың 80-жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевильдің Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы дерек сақталған. Қазақ даласында өсірілген жықлылар І және ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған.

1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Г.К.Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді.

Болмысымыздағы жылқы бейнесі

Қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (бәйгелер, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, ат омырауластыру, жамбы ату, қыз қуу, күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген.

«Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін» деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады.

Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. «Журнал коневодства и коннозаводства» басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады: «Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған.

Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған». Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: «...Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Сондықтан граф Зубовичтің бүкіл Еуропаны таңқалдырған Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен сапары мұндағы қазақ жігіттерінің көпшілігінің қолынан келеді».

Дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны бес мың бастан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. «Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, – деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати, – ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз, қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз».

Халықтың жылқы малына қатысты осындай ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатыны, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 ж Австрия-Венгрияда 3,5 млн, Германияда 3,3 млн, Францияда 3 млн жылқы болса, 1879 ж Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн жылқы болған.

ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін 1920 ж Қазақстанда 8 млн-нан астам жылқы қалғаны туралы ресми дерек бар.

Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік біін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған Атақты Толыбай сыншыдан бастап, Оңтүстік Қазақстанда ғұмыр кешкен Мақұлбек, Жетісуда ғұмыр кешкен Бақай сынды атбегілер туралы аңыздар әңгімелер халық жадында сақталып қалған.

Жылқының түрлері

Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген:

І. Күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қоңға пайдаланылған.

ІІ. Жүрдек аттар. Күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы, салт жүріске жарамды жылқылар;

ІІІ. Жүйрік аттар. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған.

Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Семіртіп сойған жабы жылқыдан 53 – 57%, кейде 60% ет алынған (230 – 250 кг). Қазақ халқы жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая, т.б. дәмді тағамдар әзірлеп, терісі мен қылын да шаруашылыққа пайдаланған.

Мыңнан тұлпар. Мың құлында бір құлын 13 пар (пар – қазақ сөзі – пар ат жеккен, ол оған пара-пар келеді деген сөз тіркестері бар) қабырғамен, яғни екі қанатымен туады екен. Сондай құлынды қазақтар ерекше күтіп, өсірген, баптаған.

Ертегілерде, аңыздарда, жырларда айтылатын, қырық күншілік жерді бір күнде алатын, небір биік қамалдардан секіріп өтетін, тағы басқа да кереметтер жасайтын жылқылар – осылар.

Жебе мініп, жау алған. Өте ұшқыр, керемет жылдам, екпіні қатты, алысқа шабатын, төзімді «Жебе» деген қазақи жылқы тұқымы болған. Тақымы бос адамдар үстінде шыдап отыра алмаған.

Батырлар жекпе-жекке осы тұқымның аттарын мініп шығатын болған. Мұндай аттар тұрған орнынан бірден үлкен жылдамдық алып, жекпе-жек уақытында өзінің иесіне оның жауының алдында көптеген артықшылық әперген.

Жылқы жүрісі

Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді.

Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс (аяң, желіс, шабыс, жорға).

• Аяң жүріс – жылқының ең жай жүрісі. Мұнда ол алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын кезек басады. Өгіз аяңда – алдыңғы аяқтың ізіне артқы аяқ жетпейді. Аяңшыл жылқыға кәдімгі ат бүкіл желіспен әрең ілеседі, аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады (сағатына 5 – 7 км жүреді).

• Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Бұл бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді.

1. Бүлкіл – желістің ең жай түрі (сағатына 13-15 км);

2. Бөкен желіс – ұзақ жолға қолайлы (сағатына 20 км) - жолаушыға да, жылқыға да бөкен желіс тиімді.

3. Сар желіс – желістің ең шапшаң түрі (сағатына 50 км-ге дейін). Мұңдай желіс желгіш жылқы тұқымдарына ғана тән. Бірақ жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды.

• Шабыс – жылқының желістен де тез жүрісі. Жай түрін майшоқырақ деп атайды, өйткені адамға тыныш келеді. Мұнан қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіншілігінше шабуын ағынды шабыс (мысалы, ағынды жылқы) деп атайды, яғни мұндай жылқы қысқа қашықтықты өте тез алады. Бұл – әсіресе ақалтеке жылқысына тән қасиет.

• Жылқының өзге жүрісінің бірі жорғалау жарыс және қарғу. Қарғуға жылқыны жаттықтырады. Жаттыққан жылқы 2,47 м биіктіктен, ұзындығы 8,3 м ордан қарғи алады.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жылқы өсіруге (қ. Күзеу, Ен, Таңба), оларды салт мінуге арнап ер-тұрман жасауға, тіпті жылқыға тіл қатуға қатысты ұғымдар мен атаулар да көп болған.

Қазіргі жағдай

Қазір Қазақстанда жылқының 16 тұқымы өсіріледі. Олар негізінен, ет және қымыз өндіруге мамандандырылған шаруашылықтарда, асыл тұқымды жылқы зауыттарында бағылады.
Республикада ат спорты федерациясы жұмыс істейді, ұлттық ат спорты мен жылқы шаруашылығы мәселелеріне арналған «Маңмаңгер» журналы шығады.

Жинақтаған –
Кеңес Байжанов,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ
Ветеринариялық-
клиникалық диагностика
кафедрасының аға оқытушысы,
ауыл
шаруашылығы

ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.