Ассамблея – бейбітшілік пен татулықтың бірегей институты Избранное

Пятница, 24 Май 2019 03:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3745 раз

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы өтті

Жиын «Қоғамдық келісім формуласы: бірлік пен жаңғыруға» тақырыбына арналды.

DSC 8787

29 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚХА-ның XXVII сессиясында ұлт болып ұйысу арқылы алға қадам басудың нақты бағыт-бағдары айқындалған еді. Қалалық ҚХА-ның алғашқы сессиясында республикалық мәжілісте айтылған ой-пікірлер тағы бір сараланып, оны іске асырудың жолдары нақтыланды.

Алғашқы сессияға Шымкент қаласының әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, сондай-ақ басқарма басшылары, қалалық Ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің, діни конфессиялардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жалпы 1000-ға жуық адам қатысты.

Жиында қала әкімі Ғ.Әбдірахымов қалалық Ассамблеяның алғашқы сессиясының ашылуымен құттықтап, елдегі бейбітшілік пен татулықты орнықтырудағы ҚХА-ның маңызды рөлі мен берекелі бірлігімізді нығайтуда алға қойып отырған міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар тиісті мекемелер мен ұйымдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

– Қоғамдық келісім Тәуелсіздігіміздің басты тұғырына айналды. Ассамблея елімізде бейбітшілік пен татулықты орнықтыруда бірегей институт болып қалыптасты. Тұрғындары миллионнан асқан Шымкент – 100-ден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі мегаполистердің қатарында. Біле білгенге бұл – үлкен күш.

Өткен жылы қала әкімінің аппаратында Ассамблея хатшылығы құрылып, «Қоғамдық келісім» мекемесі жұмысын бастады.

Қаладағы 15 этномәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді. Қалалық ҚХА соңғы 5 айдың ішінде кешенді жұмыстар атқарды. Жетістікке жетуіміз үшін қазір бізге бірлік, сабыр, бір-бірімізге деген сенімділік керек, - деді қала әкімі.

Жиында, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев, ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Данияр Сасыков, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы Университетінің студенті Азиз Абдувахи, Шымкент қалалық әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова, жас кәсіпкер, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Данияр Мамирханов елдегі татулық туралы пен тұрақтылықтың маңызы жөнінде өз ойларын айтты.

Сессия барысында Ғабидолла Рахматоллаұлы қалалық Ассамблеяға «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалымен бірге қоғамдық бақылау іс-шараларын күшейту, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен бірге Шымкент қаласының 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту, ал қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасына қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясат аясында атқарылған жұмыстарды БАҚ-та жүйелі түрде жариялау қажеттігі туралы нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында көпшілік назарына «Бірлігі жарасқан берекелі Шымкент» тақырыбындағы бейнефильм мен қалалық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.