Версия для печати

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

Пятница, 24 Май 2019 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2510 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполистегі білім ордаларында соңғы қоңыраудың соғылуына санаулы күн қалды. Шымкент қалалық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында қалада 8 104 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде қазақ тілінде – 5 533 оқушы, орыс тілінде – 1 511 оқушы және өзбек тілінде 1 060 оқушы бар.

20181024123501 1

Түлектерден ұлттық бірыңғай тестке қатысуға өтініштер 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында қабылданды. Мамандар бүгінгі таңда 5576 оқушыдан өтініш түскенін айтады. Оның ішінде 4567 оқушы - қазақ тілінде, 987 оқушы - орыс тілінде, 7 оқушы - ағылшын-қазақ тілінде, 15 оқушы ағылшын-орыс тілінде тест тапсырмақ.

2018-2019 оқу жылында «Алтын белгіге» – 403, ал «Үздік аттестатқа» 367 түлек үміткер болып отыр. Айта кетейік, «Алтын белгі» иегерлері, жалпы бейіндік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ сынағын жалпыға бірдей негізде тапсырады.

Биылғы жаңашылдық

ҰБТ әдеттегідей 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Шымкент қаласы білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева шаһарда 5 тестілеу бекеті дайындалып, қажетті құралдармен жабдықталып жатқанын атап өтті.

– Биылғы оқу жылының өзіндік ерекшелігі бар. Ол ағылшын тілі пәні өзінің тест тапсыру деңгейінде болса, мысалы, ағылшын тілі курсынан өткен сертификаты қолында болған жағдайда тиісті балл автоматты түрде қойылып беріледі. Ол талапкерлерге үлкен мүмкіндік береді, - дейді Жанат Тәжиева.

Ұлттық тест жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады. Тапсырған түлекке жалпы 120 сұрақ қойылады. Бөлінетін уақыт – 3 сағат 30 минут. ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен).

– Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ға енгізілу себебі – студентке оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді, - дейді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева. – Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.

Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауабы бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтар арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді.

Биыл ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр. Яғни, талапкер жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ-ны жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айлары) тапсыра алды.

Ал грант бойынша білім алу үшін алдағы маусым айындағы ҰБТ-ға қатысуы қажет.Айта кетейік, ҰБТ 2019 жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.

Түлектер кеші шығынсыз өтсе

«Бітірушілер кешін артық шығынсыз өткізейік!». Шымкенттегі білім ордаларындағы қоғамдық ұйымның мүшелері осындай үндеу тастап отыр. Аталған іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасының мамандары, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы және «Адал ұрпақ» қалалық клубының белсенді мүшелері қатысты.

2018-2019 оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылардың соңғы қоңырауға дайындығы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда. Жылда 25 мамырдан кейін оқушылар қымбат көліктер жалдап, кафе-тойханаларда, тіпті қала сыртындағы саяжайларда «мерекені» атап өтуі дәстүрге айналып кеткені жасырын емес.

– Ешкімге артық шығын керек емес. Бұл кеш мектеп түлектері мен ата-аналардың қатысуымен өтетін жақсы кездесу болсын. Бұл күні мектеп бітірушілердің қауіпсіздігі, ең алдымен, ата-ана үшін де, қоғам үшін де маңызды.

Сонымен бірге осындай атаулы күні ата-аналар сыйлық ретінде жұмсайтын қаражатты баланың болашағына жаратуын қолдаймыз, - десті бірауыздан белсенді жастар.

Еске салсақ, ҚР Білім және ғылым министрі мектеп бітіру кештерін мектеп қабырғасында, тек мектептің аумағында ғана, еш артықшылықсыз өткізуді тапсырған болатын.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.