ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша аймақтық қоғамдық штаб өкілдері өнер адамдарымен кездесті. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымымен өткен басқосуға 40 адам қатысты.
ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің Түркістан облыстық кәсіподағының төрағасы, үміткердің сенімді өкілі Бастарбек Пірімбетов баяндама жасап, А.Таспиховтың өмірбаяны мен ел игілігі үшін атқарған жұмыстарына шолу жасады. Кандидаттың еңбек заңдылықтары бойынша келелі жоспарлары жұмысшыларды бір серпілтіп тастады.
Кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі негізгі шарт саналады. Үміткердің еңбек адамының мәртебесын ұлықтаудағы осындай ойларымен бөліскен Бастарбек Пірімбетов тұғырнамаға сүйене отырып, бюджеттік сала қызметкерлерінің базалық еңбекақысын төменгі еңбекақы мөлшеріне дейін жеткізу және барлық жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеру бойынша тұжырымдамаларын жеткізді.
Бұдан кейінгі жиын аймақтық штабтың мүшелері мен кітапхана қызметкерлерімен өтті. Шымкент қалалық зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымымен өткен жиында Президенттікке үміткердің қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша ұсыныстары ортаға салынды.
Штаб өкілдері бүгінде бұл ұстанымдардың еңбек қоғамы мен жұмыскер үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Шығармашыл жандар сауал қойып, штаб мүшелерінен тұшымды жауап алды. Штаб мүшелері мен сенімді өкілдер сайлаушылар тарапынан түскен ұсыныстың үміткерге жолданатынын жеткізді.
Кандидат А.Таспиховтың аймақтық қоғамдық штабында тек жиындар ғана емес, белсенді іс-шаралар да өтуде. Қоғамдық штабтың «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастырумен дебат турнирі өтті.
Сайлау тақырыбын арқау еткен іс-шараға Шымкенттегі жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған командалар қатысты.
«Сайлау – азаматтық борыш» атауымен өткен шарада ел болашағына бей-жай қарай алмайтын жастар сайлаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталды.
Бұдан кейін үміткерді қолдау мақсатында спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық бәсекенің ашылу салтанатына штаб басшысы Берік Бекжанов қатысып, әріптестеріне сәттілік тіледі. Салалық кәсіподақтар мүшелері спорттың шағын футбол, үстел теннисі және шахмат секілді үш түрінен 6 команда болып, өзара бақ сынасты.