Бала – бақыт, бала – болашақ

Пятница, 31 Май 2019 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4276 раз

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен бірге келетін жаздың жайдары алғашқы күні. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жалпы алғанда, бөбектерге қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау дәл осы атаулы мереке күні ғана ескерілетін шаруа емес, ол барлық уақытта қоғамның назарында болатын міндет.

6f46fa3c06fbf7654bb9ef49feddf123

Балаларды қорғау дегеніміз - әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Бұл күннің басты идеясы –балаларға қамқорлық жасау, оларға ерекше көңіл аудару керектігіне қоғамның назарын аударту. Ересек әрбір азамат әр күні, әр сағат, әр минут сайын балалардың жағдайын ойлауы, олардың жарқын болашағы үшін атқарылатын міндеттерді басты парызым деп түйсінуі қажет.

Өйткені балалар – біздің болашағымыз, ал бақытты балалар – бақытты болашақ. Дүниежүзілік балаларды қорғау күні Қазақстанда да бүкіл әлемдегі секілді атап өтіледі.

Бұл күні біздің қоғамымызда балалар мәселелеріне зор көңіл бөлініп, мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ және басқа да әлеуметтік топтар мемлекеттің балалар және жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы саясатын қалыптастыру және іске асыру үшін күш біріктіреді.

Келешегіміздің көркем базары көкжиегі – балаларға жақсылық жасау ешқашан ұмыт қалған емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес.

Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын»- дей отырып, өз сөзінде әр баланың құқығының қорғалуын талап ететіндігін айтып өтті.

Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы. Қазақ «Жаста берген тәрбие - жас қайыңды игендей» деп бекер айтпаған. Бала үшін тәрбиенің басты ошағы - отбасы екені белгілі. Оның өмір сүру үрдісін, іс- әрекетін, демалысын дұрыс ұйымдастырып, реттеп отыру үшін қажетті жағдай керек. Ал жағдай ұтымды күн ырғағы негізінде жасалады.

Күн ырғақ – бұл өмір тәртібі. Ал бала өз міндетін қашан да орындауға тырысады. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін -өзі қалай ұстай білу керек деген әдеттерді бойына сіңіреді, жағымды, жағымсыз мінез – құлықтарды байқайды.

Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл - қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.

Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

Ф.Пирназаров,
№12 Шымкент қалалық емханасы
10-бөлімшесінің дәрігер-педиатры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.