Қадір түнінің қасиеті

Пятница, 31 Май 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2399 раз

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Алланың атымен!

Барлық мақтау күллі әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Қадір түні араб тілінен аударғанда (ләйләтул-қадір) «қасиетті түн» деген мағынаны білдіреді.

7qfCTH5K1U1cAIda-lg

Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын амалдарды тізімдеп келтіреді: Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасау; Құран Кәрімді оқу, тыңдау, түсінуге ынта қою, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, оның шапағатынан үміттену, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құру, тәубе мен истиғфар жасау, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасау, Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз, осы құлшылықтардың барлығы Алланың қалауымен сауапқа кенелтетін әрекеттер болмақ.

«Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» дейді Расулаллах (с.а.с.) Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.) «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғанын білсем, не айтуым керек?» деп сұрағанда, «Уа, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт», деп үйретті Пайғамбарымыз (с.а.с.).

Меккеде түскен бес аяттан тұратын Қадір сүресінде бұл түннің мың айдан да артық мүбәрак екені және сол түні періштелер Хақ тағаланың рұқсатымен оның белгіленген әрбір ісі үшін түсетіні және таң бозарып атқанға дейін сол түн бейбітшілік нұрын шашқан түн болатыны айтылады.

Періштелердің көп болатыны хадисте де кездеседі: «Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады». Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады.

Мың айымыз шамамен алғанда 84 жыл болса, бір түнде жасаған құлшылығыңыз 84 жыл бойына жасаған құлшылығыңызбен тең болмақ. Яғни, мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, дұға етсе, жауынның тамшыларының молдығындай сауапқа ие болмақ.

Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Кімде-кім шынайы сеніп, тек қана Аллаһ разылығы үшін Қадір түнінде тұрып сол түнде құлшылық жасап бағалай білсе, өткен күнәлары кешіріледі» дейді. (Бұхари) Бұл түнде Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына дұғасын көп қайталап айту да өте қажет. «Аллаһума иннәкә «афуун тахиббул-», афуа фаьфу «анни», «Аллаһым! Сөзсіз сен кешірімдісің. Кешіргенді жақсы көресің.

Ендеше, мені кешір». Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындарға ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керегі де айтылады. Өйткені бұл түні жасалатын дұғалардың қабыл болатынына деген нық сенім бар.

Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Ибн `Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден «сақтаулы тақтадан» (ләухул-махфуз) «бәйтул-иззаға» (Ұлылық үйі) деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді.

Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Алла Құранды Өзінің Пайғамбарына (с.а.с.) Жәбірәйіл (ғ.с.) періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты) 23 жыл бойы түсірді».

Қадір түні адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды меңзеген. Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жұмағына жетелейтін рақым жолы болмақ.

Ахметжан қажы
КЕРІМБЕК,
ҚМДБ Шымкент қаласы
бойынша өкіл имамының
орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.