Ақыл қалта Избранное

Среда, 05 Июнь 2019 04:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2499 раз

«Шымкент менің, мен Шымкенттің әлеуетін толығымен пайдалана алмай жүргеніме өкінемін». Жас кәсіпкер Тоқтар Әлімбеков осылай дейді. Бұл жігіт туралы соңғы екі-үш жылда аз жазылған жоқ. Үш жылдың ішінде «Chaplin ̓s Barbershop» ерлер шаштаразын нарыққа бейімдеп, біршама жетістікке жетіп отыр. U:projects жобасының жүзеге асып жатқанына да екінші жыл. «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі көпшілік назарына ұсынылды.

453454

«Chaplin’s Coffee» кофеханалар желісі де тұрақты жұмыс істеп келеді. Осының барлығының жұмысын үйлестіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған 26 жастағы Тоқтар Әлімбековті танымайтын жас толқын жоқ шығар, сірә, бүгінде.

Өзін дым бітірмегендей, «Туған қалам үшін тағы не істей аламын?!» деп жанталасып жүрген жаңашыл жасты «ақыл қалтаға» балар едім. Жас та болса тұлғалық тұғырға ұмтылған Тоқтарға модерн қазақ деген теңеу айтқан болар едім. Оның басында қаптаған идеялар қайнап жатыр, «піскені» жарыққа шығуда, піспегені өз уақытын күтуде.

Қолда бардың қадірін білсек!..

Тоқтардың жобаларының барлығы шынайы, халыққа қажет, қаланың адами капиталын өсіруге негізделген жобалар. U:projects жобасы екі жылдың ішінде біраз жұмыс атқарды. Өкінішке қарай, оның көптеген жобалары іске аспай жатқанын да айта кету керек. Оған себеп – қаржы тапшылығы.

Ал қаржыны жас кәсіпкер өз қалтамнан шығарамын дейді. Ерте көктемде өткен «U:hack» жобасына өз ниет, қалауымен 1500 адам келді. Осындай ауқымды іс-шараны өткізуге қалалық әкімдіктің мұрындық болғаны қуантады.
Дегенмен, Тоқтармен оның командасына кейбір ағалары жастарға арналған жоба ретінде емес, өздеріне бәсекелес ретінде қарайтын сияқты.

Төрт ел, тоғыз қаладан келген 1500 адамға арналған «U:hack» жобасының құны – 1 млн 300 мың теңге. «U:hack» экономикалық жағынан тиімді. Бір жағынан бәсекелестіктің болғаны да жақсы.

20476363 1592737470744512 6571296013698387829 n

«Біз тындырымды тірлік істесек, басқалар бізге қарап бой түзеуде. Көптеген жобалар тіріле бастады. Көбісі біздікіне ұқсас болып жатыр. Болса болсын, оған тек қуанамыз. Өйткені, біздің басты мақсатымыз да осы еді», - дейді Тоқтардың өзі.

Әлімбековке ақша да, атақ-абырой да керек емес, қалада осындай шынайы жобалар көп болсын деген ниеттен туған дүние еді. Шүкір, сол мақсатына әупірімдеп жетіп келе жатыр.
Қазір Тоқтар мен оның командасын Шымкенттен бөлек басқа қалалар да шақырып жатыр.

Күні кеше Қызылорда облысының әкімдігі «U:hack» жобасымен шақырса, соңын ала Атырау да өздеріне тартуға мүдделі екендерін білдіріпті. Бірақ, Тоқтар Шымкентті жан-тәнімен сүйеді, туған қаласынан ешқайда ұзап кетпейтінін айтады.

Тіпті, АҚШ-та төрт жыл тегін оқып, сол жақта қалуға мүмкіндігі болған кезде де «қайта келу үшін кеткенмін» деп еді. Құрама Штаттардан қайта келіп, қазірде Шымкентінің атын шығарып жүр. «Шетелдерде оқып жүр, талай қазақ баласы» дегендей, «Болашақпен» оқып, елге қайтпай қалған жас қаншама. Ал Әлімбеков Мичиган университетінде алған білімін Шымкентте қолданып жүр.

–Мичиган университетінде «Сен – әлемді өзгертетін баласың» деп шығарып салады. Осы бір ауыз сөз жігеріңді арттырып, күні-түні жұмыс істеуге ынтаңды оятады. Америкада грантпен оқыдым. Қазіргі жұмыс тәжірибемнің барлығын сол жақтан алдым. Бізде төрт жыл оқисың, арасында бір-ақ ай іс-тәжірибеден өтесің, онда да шай-кофе тасып жүресің.

Америкада жүргенде өзімнің жеке компаниям болатын. Бірінші курста жүргенде-ақ мақала жаздыратын. Соның нәтижесінде Шымкентке келгеннен 3 айдан кейін қорықпай кәсіп бастап кеттім. Әрине, көп қиындықтар кездесті. Қазір ойлап қарасам, үш жылдың ішінде біраз жұмыс атқарыппын. Басында шағын ғана бір шаштараз еді. Қазір екі шаштараз, үш кофехана, бір спорт клубы және тағы екі жобамыз бар. Жалпы саны – 6-7 компания».

Неге «Chaplin’s»?

20883028 1616663558351903 1087976719467358534 n

Иә, былайғы жұрт Тоқтарды шетел көрген бала деп біледі. Кейде компанияларының атауы мен стиліне қарап Батыс елінің мәдениетін бізге сіңіргісі келе ме деген ойға қаласың. Неге – Chaplin’s? Неге – «U:hack», U:projects?
Оны өзінен сұрағанымызда жігерлі жас былай жауап берді.

– Менің әр жобамның өзіндік философиясы бар. Әрқайсысы қазақ ұлтының тарихы мен менталитетіне негізделген. Ал енді Чаплинге келер болсақ, ол тек комик актер емес, философ, әр рөлімен өз дәуірінің проблемасын дөп басып, соның шешу жолын көрсететін. Сол сияқты біздің жобаларымыз да қоғамның дамуына әсер етіп келеді.

Мысалы компанияма ә дегенде бір қазақтың ұлы тұлғасының атын беретін болсам, Батысқа еліктейтін жастар бұл шаштаразға бас сұқпауы да мүмкін еді. Өзімнің бес жобам арқылы қаладағы жастардың көңілін аудардым. Байқасаңыздар логотипте қалпақ пен мұрт бар. Аты – Чаплин. Чарли Чаплин 1889 жылы Америкада туып, өсті.

1940 жылы немістерге қарсы соғыста «Ұлы диктатор» деген фильмге түсіп, Гитлердің рөлін сомдаған. Кейін Еуропаға қудаланып, өмірінің соңғы он жылында бірде-бір рет киноға түспеген. Бізде Чаплинмен бір дәуірде өмір сүрген қазақтың ұлы тұлғасы бар. Ол да Чаплин сияқты мұрт қойып, басынан қалпағы түспеген.

1890 жылы туған Қызылорданың тумасы кім деп ойлайсыздар? Әрине –Мұстафа Шоқай. Түркістан халқының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі.

25 жасында «Бірлік туы» деген газет шығарады. Мен компаниямызға осы ұлы тұлғаның атын алмастырғым келеді. Егер мен бірінші күннен солай қойсам, онда жастар қабылдамайтын еді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тамаша бағдарлама. Нағыз рухани жаңғыру біздің компанияда болғалы жатыр. Екі жылдың ішінде жастардың назарын аудардық.

Енді компания атын ауыстыра беруге болады. Мұны флешмоб деп айтсақ артық емес.

Біз көп жерлерде ұлы тұлғаларымыздың 50-дегі «әбіржіп» тұрған суретін көрсетеміз. Неге 25 жасында жалындап тұрған суретін қоймасқа?! Чаплин компаниясы – Шоқайдың компаниясы. М.Шоқайдың мақсаты – біріктіру, білім, тәрбие беру еді. Біз сол Мұстафа Шоқайдың арманын жалғастырушымыз.

Мұстафа Шоқайдың ізімен...

... Оның жауабынан кейін жанымыз жадырап сала берді. Чаплиннің орнына – Шоқай компаниясы. Қандай керемет! Қалада дәл солай Абай, Шәкәрім,Мұқағали деген маңдайшалар көбейсе, неткен ғанибет! Ресейде Достоевский, Толстой деген кафелер ең қымбат, келушісі көп орындар деседі.

Бәсе деймін-ау, Бейбітшілік көшесінен орын тепкен Chaplin ̓s Barbershopқа бас сұққанда, ХХ ғасырдағы Алашорда үйіне кіріп кеткендей әсер алдым. Қабырғасы мен еденіне дейін сол заманның бейнесін алдыңа алып келеді. Арнайы қойылған кітап сөрелерінде кілең алашордашылардың кітаптары қойылыпты.

Ішкі интерьер, жиһаз – бәрі өткен ғасырдың өтпелі кезеңін сипаттайтындай. Оң жақ қапталда тұрған шкаф 1937 жылдардың көзіндей боп қасқайып тұр. Тура Шоқай компаниясы деген атауға лайықтағандай.
М.Шоқай 1917 жылдың 13 сәуірінде газет шығарса, 2017 жылдың 13 сәуірінде, тура 100 жылдан кейін U:projects жобасы дүниеге келді. Бұл бостан босқа келе жатқан жоба емес. Әбден сараланып, сарапталған дүние.

Тоқтардың соңғы, жиырмасыншы «Печа-кучасы» қараша айында өтті. «Бірінші маусымды жауып, демалыс алдық. Шаршадық, шынымды айтсам. Дуана боп жүрмін деп айтсам да болады. Өткізетін жер жоқ. Филармония мен театр ғимараттарын сұрасақ, бізден ақша сұрайды. Бізге қолдау көрсетілсе, ғимарат тегін берілсе, қайта-қайта өткізуге дайынбыз», - деп еді жас кәсіпкер бір сөзінде.

Өкінішті. Жалаң ұрандармен жалаулатып, алаулатып өткізіліп жатқан жиындар көп қой. Солардың біреуінің орнына Жастар жылында Тоқтар Әлімбековтің жобасын жарыққа шығарса, қоғам үшін анағұрлым пайдалы болар еді-ау!..

Тобықтай түйін:

Иә, біздің газеттің бетінде Тоқтар жайлы бірнеше рет қалам тербелді. Қазіргідей креативті кәсіпкерлердің кезеңінде «Мұндай модерн қазақты нөмір сайын шығарсақ та артық етпейді» деген бас редактордың бір ауыз сөзі жанарынан жалын атқан жастың кәсіби қырына қайта үңілуге түрткі болды. Біз оны мақтау үшін емес, жақтау үшін емес, жәй ғана жастарға үлгі ету үшін жаздық.
Бірақ бар ғой, Тоқтарларды қалай мақтасаң да, жақтасаң да жарасады. Идея – кімде? Идея – 26 жастағы Шәмші Қалдаяқовта, 27 жастағы Мұстафа Шоқайда және Тоқтар Әлімбековтерде. Ары қарай ойлы оқырман өзі саралай жатар...

Последнее изменение Среда, 05 Июнь 2019 09:55
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.