Ұлттық спорттың дамуына ерекше серпін Избранное

Пятница, 07 Июнь 2019 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3385 раз

Ғани АХМЕТБАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:

Ғани

Қазақ халқы Ұлы дала төсінде ат құлағында ойнап, көкпар тартуымен-ақ әлемге танылған. Жылқы шаруашылығы, атбегілік өнерді дамыту – атқа міну мәдениетімен жер-жаһанды мойындатқан ұлтымыз үшін қай кезде де өзекті. Ғасырлар бойы үзілмей, ата-бабамыздан мирас болып қалған өнерді дамыта түскен ләзім.

Шымкенттегі ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ахметбаевтың айтуынша, Елбасы мақаласы ұлттық спортты дамытуға зор серпін берген.

Ғани Молдабекұлы бізге ұлттық спорттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, бірқатар мәселелелері туралы әңгімелеп берді.

– Ғани Молдабекұлы, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып, қандай ой түйдіңіз?

– Расында, Елбасы мақаласы ұлттық спорттың басы-қасында жүрген азаматтарға ерекше күш-жігер берді. Бүгінде осы мақаланың біздің ұлттық спортымызға көп пайдасы тиюде. Мұны көп жерлерде байқап жүрмін.
Атты қадірлейтін әрбір қазақ азаматының санасына үлкен серпіліс әкелді.

Көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқандай болды. Ұлы далада о заманнан бастап мәдениеттің дамығаны, әр түрлі қырынан танылғанын да тағы да көкейімізге құйдық. Соның ішінде атқа міну, жылқыны қолға үйрету Ұлы даладан басталғаны нақты түйінмен, нақты ғылыми дәлелдермен айтылған. Ұлы дала жеріне мәдениет сырттан келген жоқ.

Бүгінде археологиялық қазбалардан табылып жатқан ескі жәдігерлер сол заманда мәдениеттің бар екенін байқатады. Әскерлеріміздің киімдері, төлтаңбалары, солардың бәрі ерекше әсер береді. Ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап табу, аттың үстінде қазықтай қағылып отыру, міне, бұл Ұлы дала өркениетінің шын жетістігі.

Яғни біздің бабаларымыз жаугершілік заманда аттың үстінде еркін жүріп-тұрудың әдіс-тәсілдерін меңгерген, осындай технологияны ойлап тапқан. Ал жайдақ аттың үстінде шегедей мықтап отыра алмайтыныңыз тағы рас.

Қазіргі ұлттық спортымыздағы ат үстіндегі ойындарды алайық. Теңге ілу, жамбы ату, көкпар, аударыспақ сынды спорт түрлерінің түпкілікті тарихи мәні бар. Бұл спорт түрлері жаугершілік кезінде аттың үстінде еркін отырып соғыс қимылдарын жасау, жаттығу кезіндегі әдістерінен шыққан ғой. Аударыспақ өнері де ат үстіндегі шайқаспен біте-қайнасады, мәселен.

Жалпы қазақ халқы өзінің жеті қазынасын ерекше қастерлейді ғой. Міне, соның бәрі топтап келгенде біздің бабаларымыз шын мәнінде мәдениет дамыған, озық ойлы елдер қатарында өмір сүргенін дәлелдейді.

Ғани Ахметбаев 1

Бүгінде жылқы шаруашылығы өмірімізбен біте қайнасып, етене дамып келеді. Өз мекемемізде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай талдау жиынын өткіздік. Одан бөлек оқу орындарында осы құндылығымызға орай ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға да маманадарымыз ұдайы қатысуда. Ендігі кезекте ұлттық құндылықтарымызды дамытуға әрбіріміз үлес қосуымыз керек.

Мына бір жағдайды айта кетсем. Көрші облыстардың бірінде елге танылған көкпар командасы бар. Оның басшылары бірқатар мәселе көтерген ғой. Атшабарымыз бар, бірақ қорамыз жоқ дегендей. Сол мәселе осы мақаланың нәтижесінде шешімін тапты. Сондай жағдайға өзім куә болғаным бар.

– Қазақ халқының атқа міну мәдениетінің өзгелерден ерекшелігі неде?

– Қазақтың атқа міну мәдениетінің өз ерекшеліктері бар. Біз атты жақсы көреміз. Атты құлын кезінен қадағалап, дәрі-дәрмегін беріп, ерекше күтіміне мән береміз. Мұны расында, қазақтың әр баласы сүйіспеншілікпен істейді. Сайыстарға баптауында да өзгелерден ерекше жағдайымыз бар. 1980 жылдардан бері қаладағы орталық атшабарда ат дүниесімен етене жақын келемін.

Жалпы ат спорты шығынды көп талап етеді. Жылқы малын өзімізбен бірге алып жүреміз. Оларды тасымалдау керек, оның күтімі бар деген секілді. Қазір жағдай оңалып, мемлекеттің қамқорлығын сезіне бастадық. Мектепке қажетті базаларды, құрал-жабдықтарымызды түгелдеп алдық. Ат тасымалдайтын көліктеріміз бар. Бұл да – бізге жасалған үлкен қамқорлық.

Ұлттық спортты дамытуда әлі де болса бірқатар мәселелер бар. Мәселен, бізде Олимпиада ойындарына кірген конкур спорт түрін айтсақ. Осы спортта біз әбзелдерді, ер-тұрманның керек жабдықтарын шетелден аламыз. Сондағы ауыздықтан бастап барлық жабдықтары таза қайыстан істелген. Тіпті ауыздығы атқа еш зиян тимейтін етіп жасалған. Соларға қарап, таңғаламын.

Бұған дейін конкурдың аттарын жауыр болды дегенді естімедім. Мәселен, Еуропада ат зауыттарында ат әбзелдері керемет жасалады. Онда аттарға мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінеді. Олардың аттарын тасымалдайтын көліктеріне дейін барлық мәселесі шешілген. Біз атты жақсы көреміз дейміз.

Енді бізге де осы тұрғыдан жеткілікті қолдау керек. Осы мәселелерді шеше алсақ, расында, аттардың ұзақ өмір сүруіне жағдай жасайтын едік. Әрі жетістік те молаяр еді. 2005 жылдары ұлттық спортқа келгенімде осындай ұсыныстарымды да айтқанмын.

Шымкентте ат әбзелдерін жасайтын шеберлер бар. Ер-тоқымы, жүгендерден бастап, ноқталары, олардың тартпаларына дейін жасайды. Оны күмістен әшекейлеп істейді. Бірақ бұл кәсіппен санаулы адамдар ғана айналысады. Себебі, нарықта сұраныс аз. Енді осындай ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтарға да қолдау керек сияқты. Осы мақаладан кейін ұлттық спортымыз, өнеріміз даму жолына түседі деп ойлаймын.

– Атбегілік өнердің бүгінгі дамуына қандай баға бересіз?

– Бұл өнерге де құмартып жатқан ел азаматтары да, шетелдіктер де өте көп. Бізде атбегілердің ынтымағы жарасты, бірлігі бекем. Әрдайым өздері көпшілікті жинап көкпар береді, атқарған жұмыстарына есеп береді. Ұлттық құндылығымызды насихаттау мақсатында түрлі көкпар ойындарын ұйымдастыруда.

Бір-бірімен тәжірибе алмасады. Көкпар спортының басы-қасында жүрген азаматтардың әрдайым бір-бірін қонаққа шақырып, атбегілікті дамыту жайлы әңгімелеріне куә боламын. Олар әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс істеп, ұлттық спортты насихаттап жүр. Мұның бәрі де ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыратын дүниелер ғой. Қазір көкпарға барсаң қызығасың. Аттарының кереметтігі бірінен бірі өтеді. Баптары келіскен.

– Көкпар демекші, осы өнер жайында соңғы кездері бірқатар түсінбестік жағдайлар болды. Интернет беттерінде көкпарды қазандықта немесе шеңберде өткізу бойынша айтыс-тартыстар көбейді. Осы жайында пікіріңізді білсек.

– Қай спорт түрі болса да ең алдымен спортшының жарақаттан аман болуы маңызды. Ал көкпарда аттың жарақаттанбауын, шабандоздың да амандығын ойлаймыз ғой. Біз екі жыл бойы шеңбер бойынша шауып келдік. Ешбір ат жарақаттанған жоқ. Біз де бәсекені шеңбер бойынша ұйымдастыруды қолдаймыз.

Таяуда бұл мәселе шешімін тапты. 13 ақпанда Астанада өткен конгресі жиынында осы мәселе талқыға түсті. Оған 9 елдің азаматтары, жауапты басшылары қатысты. Сонда тоғыз елдің сегізі шеңберде тарту бойынша қолдап, дауыс берді. Жалпы, қазандықта қырғыз бен қазақтан басқа ешкім шаба алмайды. Көпшілікке осы шеңбермен шабу тиімді. Яғни осы жиында жарысты шеңберде өткізетін болып келісті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.