Дұрыс таңдау – келешек кепілі Избранное

Среда, 12 Июнь 2019 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2190 раз

Дүйсенбі күні сағат 22.00-де Орталық сайлау комиссиясы 9 маусым күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысын жариялады.

DSC 4025

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің баяндауынша, ел астанасы мен облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы сайлау комиссияларының берілген дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары Орталық сайлау комиссиясына толық келіп түскен. Санау қорытындысы бойынша 9 млн 274 мың 34 сайлаушы дауыс беруге қатысқан.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны 105 612 адамды құрап, сайлаушылардың 0,88 пайызы болған. 71 624 сайлау бюллетені (барлық бюллетеннің 0,59 пайызы) жарамсыз деп танылса, 793 010 бюл¬летень жойылған.

– «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 66-бабы 2-тармағы 1-тармақшасына сәйкес сайланған Республика Президенті болып дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан артық дауыс алған кандидат танылады. Осы нормаға сәйкес 2019 жылғы 9 маусымда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындыларын анықтау туралы қаулы жобасы дайындалды.

Оған сәйкес «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 9-бабының 1-тармағына, 12-бабының 10-тармақшасына, 44-бабының 1-ші және 5-тармақтарына, 65-бабына, сонымен қатар 9 маусым күні өткен дауыс беруде аумақтық сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сайланған Президенті болып танылды. Қ.Тоқаевтың кандидатурасы үшін сайлаушылардың 6 млн 539 мың 715 дауысы берілді немесе дауыс берген сайлаушылардың 70,96 пайызы жақтады, - деді Л.Сүлеймен.

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысының үміткері Әміржан Қосановқа – 16,02% (1 472 733 сайлаушы, ал «Ақ жол» партиясынан түскен Дания Еспаеваға 5,2% (470 153) сайлаушы дауыс берген. Жамбыл Ахметбеков – 1,82% (167 249 дауыс), Амангелді Таспихов - 2,07% (190 304 дауыс), ал Сәдібек Түгел 0,92% (84 348 сайлаушы) дауыс жинаған.

Енді ел заңнамасына сәйкес ОСК төрағасы сайланған Президентке Қазақстан Президентінің куәлігін тапсырады.

– Біз соңғы екі айға созылған сайлау науқанын қорытындыладық. Барлық деңгейдегі сайлау органдары Қазақстан Президентінің 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Жарлығын орындады. Сайлаудың соңғы нәтижелері айқындалды, Қазақстан Президенті сайланды.

Барлығыңызды осы маңызды мемлекеттік оқиғамен құттықтаймын, - деген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сөзінің соңында сайлауды ұйымдастырушыларға, ұлттық және халықаралық байқаушыларды сайлау үдерісінде ашықтық пен транспоренттілікті қамтамасыз еткені үшін, ал белсенді сайлаушыларға позициялары үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, шетелде жүрген қазақстандықтар да сайлауға қатысып, дауыс берді. Тізімдегі 15 349 сайлаушының 8 322-сі дауыс берген. 12 учаскеде Қазақстандық қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, ТМД миссияларынан құралған 35 бақылаушы сайлау процесін бақылады. Жалпы, шетелде 65 сайлау учаскелері ашық болды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.