Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті Избранное

Среда, 12 Июнь 2019 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2324 раз

Мемлекет басшысы дүйсенбі күні журналистерге баспасөз конференциясын өткізді, деп жазады Ақорданың ресми сайты. Қ.Тоқаев ҚР Президенті сайлауының қорытындысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, сайлаудың жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін атап өтті.

Tokaev-1

– Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғысымды айтқым келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті орындау – мен үшін үлкен міндет. Бұл – халықтың сенімі. Сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өтті. Сайлау барысын мыңнан астам халықаралық байқаушы қадағалады. Әлемнің 40 елінен келген 350-ге жуық шетелдік журналист дүние жүзіне хабар таратты, - деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев бұдан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Мемлекет басшысы сайлаудың ең басты ерекшелігі үміткерлер санының көп болуында екенін жеткізді. Оның айтуынша, жеті үміткер өз бағдарламасын жариялап, үгіт-насихат жүргізу ісінде тең мүмкіндікке ие болды.

– Бұл сайлау қызық әрі ашық өтті деп айтуға болады. Басқа үміткерлердің ұсыныстарын өте орынды деп есептеймін. Ең пайдалы тұстары жұмыс барысында назарға алынады, - деді Мемлекет басшысы. - Бұған дейін Қоғамдық сенім комитеті құрылатынын айтқан едім, оның құрамына қоғамымыздың түрлі топтарының өкілдері кіреді, онда пікір алмасатын боламыз.

Менің ойымша, әртүрлі көзқарастың болуы заңды, бірақ біз – бір халықпыз. Сан пікір – біртұтас ұлт.Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде кейбір мәселелер әлі де шешімін күтіп тұрғанын айтты.

– Сайлау науқаны кезінде мен аймақтардың барлығын аралап шықтым. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар және еліміздің дамуына өз үлесін қосып отыр. Ал шынына келсек, елімізде түйіні шешілмеген мәселелер бар. Мен оларды жақсы білемін, сіздер де жақсы білесіздер. Бұл – медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету. Сондықтан өзекті мәселелерді басты назарға аламыз, - деді Мемлекет басшысы.

сайлау1jpg

ҚР Президенті осы орайда Үкіметке тиісті тапсырмалар беретінін баса айтты.
– Қазіргі таңда нақты шешімдер қабылдау керек. Халық бізден осы шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөзден әбден шаршады. Сондықтан мен Президент ретінде осы жұмыспен міндетті түрде шұғылданамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке қатысты мәселеге де тоқталып өтті.

– Біздің заңнамамызға сәйкес Үкімет таратылмайды. Дегенмен, жекелеген кадрлық ауысу болады. 

Бұған дейін атап өткенімдей, Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар тартылады. Меніңше, барынша қабілетті жас кадрларды тарту қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін кадрлық резерв дайындауға уәде бергенін еске салды. Президенттің айтуынша, оған еліміздің барлық өңірлерінен 300 адам кіретін көрінеді.

– Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Басты мақсат – жастарды мемлекетті басқаруға тарту. Жалпы айтқанда, Үкімет жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беру керек. Сондықтан менің талабым өте қатаң болады, - деді Президент.
Кездесу барысында Қазақстан аумағында атом электр стансасын салу мәселесі күн тәртібіне шығарылмайтыны нақты айтылды.

– Атом электр стансасының құрылысы біздің күн тәртібімізде жоқ. Егер мұндай мәселе көтеріліп жатса, міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Тіпті қажет болса бұл мәселе бойынша референдум өткіземіз. Себебі бұл – өте жауапты, өзекті мәселе, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында ҚР Президентін ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтетіні мәлім болды.
Конференция соңында Мемлекет басшысы сайлау үдерісін жариялап көрсетуге және оның ашық өтуін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін журналистердің барлығына ризашылығын білдіріп, осындай кездесулердің дәстүрге айналатынын айтты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.