Есімдері есте қалар тұлғалар

Среда, 12 Июнь 2019 05:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 443 раз

Өткен ғасыр халқымыз үшін үміт пен күдігі басым, үйлесімінен қайшылығы мол, әртүрлі деңгейде және әрқилы мақсатты көздеген мәнді де мәнсіз күрестерге тола аса күрделі кезең болды. Халқымыздың басына түскен ауыр азаптың бірі Кеңес заманындағы ашаршылық пен босқыншылық, жаппай саяси-қуғын сүргін кезеңі болды.

обл архив суреті

Сол кезеңде жеке басқа табынушылық жайлаған Кеңес үкіметі ұлт зиялыларын қудалап, көздерін жою саясатын ұстанды және оны асқан қатыгездікпен жүзеге де асырды. Ел үшін туған ерлерді түрмеге қамады, ату мен асу арқылы халықтың үрейін алды, бастарына қайғы-қасырет төндірді. Сталиндік саясаттың салдарынан жүздеген отбасының шаңырағы шайқалып, әйелдер жесір, балалар жетім қалды.

Әкелері ұсталып, жер аударылып, аналары лагерге жіберілді, ал ұрпақтары балалар үйіне орналастырылды. Кеңестік идеологияға қарсы шығып, тәуелсіз ұлттық мемлекет құруды мақсат тұтқан ұлт зиялылары жаңа өкімет тарапынан өздеріне деген сенімсіздік пен суық қабақты сезіне жүрсе де, халқының ертеңі үшін ұлт тағдырына бей-жай қарай алған жоқ.

Осы бір аласапыран кезеңде қазақ қоғамында қалыптасқан жергілікті ұлт зиялыларының ой-арманы мемлекет саясатымен қабысапса да алдарына қойған мақсаттары біреу болды – ол қалайда халқына, ұлтына қызмет ету еді.
Осы мақсатта ардагер азаматтарымыз барлық идеялық тартысты тоқтатып, бір арнадан табылып, жұмыла жұдырық болып, қиын-қыстау кезеңде бір-біріне сүйеу бола білді.

Ғұмырын халқына арнаған, жүрегі халқым деп соққан асылдар заманның әділетсіз, қасіретті кезеңінде де ел үшін қызмет жасаудан аянбады.

Шымкент қалалық қуғын-сүргін құрбандары музейі мен Түркістан облысының мемлекеттік архиві бірге 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Шыңыраудан шыңға самғаған тұлға» атты іс-шара өткізді. Іс-шараға ОҚМПУ оқу ісі жөніндері проректоры, тарих ғылымының кандидаты, доцент Исабекова Баршагүл Қашқынқызы, ОҚПУ-нің тарих ғ.к., доценті Алдаберген Мүсілім және тарих факультетінің оқытушысы Бахадүр Айтай, тарихи-өлкетану музейі филиалының Тұрар Рысқұлов атындағы музей меңгерушісі Махмұтов Лесбек, ОҚМУ тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тәжімұқанова Нағима және жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.

Кешке қатысушылар 1930-1938 жылдары болған саяси қуғын-сүргін саясатының кесірінен жазықсыз түрмеге қамалып, «ұлтшыл» немесе «халық жауы» деп қудаланған асыл азаматтар еске алынды, олардың өмірі мен қызметі туралы насихатталды, тек зерттеушілер мен ғалымдар үшін ғана емес, архив қорын пайдалануға ниет білдірген азаматтарға сол бір қиын-қыстау кезеңдер жайындағы құндылықтар ұсынылды.

Сонымен қатар, Тұрар Рысқұловқа қатысты «Өмір жолы» атты қысқа метражды көркем фильм көрсетіліп, қосымша мәліметтер айтылды.

Айта кетейік, қызыл қырғынды басынан өткерген бұрынғы Шымкент облысынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 14 азаматтың құжаттары облыстық мемлекеттік архивтің қорында сақтауды. Олар:

1) Алтынбеков Дүйсенбай, 1890 жылы бүгінгі Шымкент облысы, Қызылқұм ауданы, Арыс совхозында өмірге келген. 1937 жылы 24 желтоқсанда «халық жауы» деген жалған атпен жазықсыз құрбан болды.

2) Отарбаев Тәңірберген, 1893 жылы Шымкенттің Қатынкөпір аймағында дүниеге келген. 1938 жылы «халық жауы» деген қара таңба басылып, жаладан мерт болды.

3) Сабыр Айтхожин, 1885 жылы Көкшетау уезіндегі Ақмола губерниясында өмірге келген. 1937 жылы қазан айында тұтқынға алынды. 1938 жылдың 19 ақпанында ССР жоғары сот әскери кеңесінің үкімімен Шымкент қаласында атылды. 1957 жылдың желтоқсанында өлгеннен кейін ақталды.

4) Елеукенов Балабай, 1902 жылы туылған. 1938 жылы репрессияланған.

5) Қаламбаев Аппаз, 1900 жылы Созақ ауданы Үлкен Шу болысында дүниеге келген. 1937 жылы «халық жауы» деген таңбамен қамауға алынып, 10 жылға сотталды, Хабаровск өлкесі, Магадан облысында қамауда болды. 1947 жылы ақталып шыққан.

6) Нәзір Төреқұлов, 1892 жылы Түркістан маңындағы Қандөз ауылында дүниеге келген. 1937 жылы репрессия құрбаны болды, 1958 жылы ақталды.

7) Қыстаубаев Жұмабек, 1904 жылы туылған. 1937 жылы репрессияланған.

8) Жүнісов Кенжебек, 1937 жылы репрессияланған.

9) Сапарбеков Садықбек, 1902 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. 1936 жылы наурыз айында 36 жасында Алматы қаласында «халық жауы» атанып, атылды.

10) Сандыбаев Әбубәкір, 1887 жылы Түркістан генерал-губернаторына қарайтын Сырдария облысының Перовск уезіндегі Жөлек ауылында туған. «Халық жауы» деп 1938 жылы қамауға алып, абақтыға жапты. Сондағы күнәсі: Мұстафа Шоқаймен рулас болғаны ғана. Түрмеде жатып жоғарыға қайта-қайта хат жазып, 1940 жылы 22 қазанда «халық жауы» деген таңбадан құтылды.

11) Кулетов Қазмұхамед, 1897 жылы Сырдария облысы, Қазалы уездіне қарасты №1 ауылда дүниеге келген. 1937 жылы 28 қарашадан 27 желтоқсан айына дейін «троцкистермен, оңшылдармен байланысты» деп қамауда болады. 1938 жылдың 26 ақпанында ату жазасына бұйырылып, 13 наурызда орындалды. 20 жылдан кейін, 1958 жылы ақталды.

12) Тұрашев Жайлаубай, 1904 жылы туған. 1937 жылы репрессияланған. 1953 жылы ақталған.

13) Пернук Алексей, 1898 жылы туған. 1937 жылы репрессияланған, 1950 жылы ақталған.

14) Арапов Ташмет (Тәжімұхамед), 1878 жылы Арыс ауданы, Қараспан ауылында туған. 1937 жылы 30 желтоқсанда атылды.

Тарихта «ақтаңдақтар» деген атпен қалған Сталиндік солақай саясат жылдары әрбір қазақстандық азаматтың есінде мәңгі сақталады. Өз халқының болашағы жолында адал қызмет еткен және сол жолда құрбан болған азаматтарымыздың істеген істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

М.Құрбанбаева,
Түркістан облыстық
мемлекеттік архивінің қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.