Жастармен жарқын жүздесу Избранное

Пятница, 14 Июнь 2019 05:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3027 раз

Жуырда Әл-Фараби ауданының әкімдігі мемлекеттік қызметте тағылымды тәжірибе жинақтаған, жастарға айтары бар, бір мемлекеттік органда 30 жылға жуық қоян-қолтық бірге қызмет атқарған әріптесім Ұлдана Әзімова екеумізді кездесуге шақырды.

Жастармен жүздесу

Аудандық әкімдіктің ғимаратының табалдырығын аттаған сәттен ерекше бір толғанысқа түсіп, бойымды ыстық леп шарпып өткендей күйге түстім. Қалай толқымассың? Бұл ғимарат Шымкент қалалық әкімдігінің бұрынғы орны ғой. Осы жерде 30 жылға жуық уақыт бойы тапжылмай еңбек етіп, сол жылдарда қаланы басқарған 11 әкіммен қызметтес болыппын.

Екі сағатқа жуық созылған ықыласты кездесу екі минуттай болмай өте шықты. Жас мемлекеттік қызметшілер тарапынан қойылған сан алуан сұрақтарға жауап іздей отырып, әріптесім екеуміз жылдар тасасында қалған өмір белестерінен қайта жүріп өткендей болдық.

Кездесу тізгінін өз қолына алған Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Патшаханұлы әр ойын халқымыздың мағыналы мақал-мәтелдерімен көмкеріп, қызықты әңгіме өрбітті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан мемлекеттік қызметтің қиындықтары мен бүгінгі заманғы озық технологияны меңгерген мемлекеттік қызметшілердің қызметін салыстыра отырып, талдап берді.

Иә, мемлекеттік қызметтің алғашқы қалыптасу кезеңіндегі сонау 90-жылдарда уақытпен санаспай, қала өмірінің қай саласы болсын белсене кірісіп, берілген тапсырманы уақытылы орындауға ұмтылдық. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ, біз жеке бас мүддесінен өзіңе деген сенімді жоғары қойып, қызметтің жауапкершілігі мен отбасылық өмірдің тіршілігін үйлестіре білдік.

Мемлекеттік қызметтің жас адамды қалыптастыруда берер өнегесі көп. Бұл тұрғыда өз тәжірибемізден айтуға болады. Бұл саланың жауапкершілігі мол екені рас. Жастарға айтарымыз – жалындап, жігер-күшің тасып тұрған уақытта қандай да болсын қиындықтан қашпау керек. Қайта мемлекеттік қызмет адамды жан-жақты жетілдіріп, өзіңді шыңдап, өмірде табанды болуға үйретеді.

Мемлекеттік қызметші – билік пен халықты байланыстыратын көпір, халық қызметшісі болғандықтан, осынау қасиеттерді мемлекеттік қызметке кірген әр жас жете ұғынуға тиіс.
Ауданы әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің негізгі буыны жастар екен. Біз жалындап тұрған қыз-жігіттердің өрелі ойларына, мағыналы сауалдарына риза болып, келелі әңгімеден кейін қимай қоштастық...

Алма Смағұлова,
мемлекеттік қызмет ардагері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.