Қымыз тойы – қымызмұрындық

Пятница, 14 Июнь 2019 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5596 раз

Қымызмұрындық – ел жайлауға шыққанда, жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы. Бұл мейрамды шартты түрде екі түрге бөлуге болады.

Қымызмұрындық

Бірінші – бие байлар. Ел жайлауға көшкен соң сауылатын биелерді бөле бастайды. Ауыл ақсақалдары өзара кеңесіп, бұл іске ерекше ден қояды, желілерді тартқыздырады, асау биелерді ұстау үшін мықты жігіттер дайындайды. Сабалар мен көнектерді әйелдер әбден жуып, желіге кептіріп қояды. Жігіттер желінің жібін тартып, қазықтарын қағып, тоқпақтарын сайлайды.

Бүкіл ауыл адамдары желінің басына жиналады. Жылқышылар құлынды биелерді айдап әкеледі, дайын тұрған жігіттер құлындарды ұстап желіге байлай бастайды. Құлындарды байлап болған соң, әйелдер мен қыздар желі басына піскен ет, құрт, ірімшік тағы басқа тағамдар әкеледі. Барлығы отырып тамақ ішеді. «Байлар көбейсін!» деп тілектер айтылады. Желіге, айғырдың жалы мен сауырына сары май жағады. Мұны «бие байлар» деп атайды.

Бие байлардан соң қымыз ашыту басталады. Ашытқысы барлар күнделікті саумалды бір-біріне қоса отырып, қымызмұрындыққа дайындайды. Ашытқыны «ұйытқы» немесе «қор» деп атайды. Ашытқысы жоқтар қымызы ашыған үйлерге келіп, піспекке ақ мата байлап, «Тілегім де, көңілім де ақ» деп сабадан керегінше құйып алады. Сабаның түбіне тас тастайды. Кейбір байлар қымыз тәтті болады деп сабаның түбіне желін жамбы тастаған.

Жылқының сүтін аяқпен басуға болмайды, сүтті итке құйса, қымыз ірігіш болады дейді. Бұзылған бие сүтін жылқылардың арасына апарып құйып тастайтын. Сабадағы қымыз іри берсе, аршамен аластаған немесе отқа тұз салған. Тостағанның түбінде қалған қымызды ешқашан жерге құюға болмайды.

Қымызға арналған бата Қамбар атадан басталады. Әр үйде дайындалған қымыздың және тойдың қымызының басын әйелдер ішеді. Мерекенің қымызын сол ауылға, елге, руға қадірлі әйел адам – бәйбіше, әже ішіп бастайды.
Қымыз тойының ерекшелігі сол – бұрынғы кезде ру, ел басылары аса құрметті қонақ келсе, соған арнап қымызмұрындық жасап, ат бәйгесін өткізіп қарсы алған.

Дана Мамекова,
әдеп-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми
қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.