Президент мәртебелі міндетін атқаруға ант берді Избранное

Пятница, 14 Июнь 2019 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 434 раз

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті.

001

Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, «Nur Otan» партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары – барлығы 2500 адам қатысты.

Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, ҚР Конституциясы әкелінген соң жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҚР Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтып, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.

– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керегіне тоқталды.

Атап айтқанда, ол бағыттар – халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау.

Соңында ҚР Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Жасампаздық жеңісі! Баспасөз анонсы »