Әли Көмекбаев: Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет Избранное

Пятница, 21 Июнь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3238 раз

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы:

Көмекбаев

23 маусым – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл кәсіби мерекені әлемдік қауымдастық атап өтеді. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметкері күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырған-ды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы Жарлығымен 23 маусым елімізде Мемлекеттік қызметкер күні болып белгіленді. Бұл күн елімізде жыл сайын, дәстүрлі түрде аталып өтіледі.

Жалпы, мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі еліміздегі мемлекеттік қызметшілерінің позитивті имиджін қалыптастыру және күшейтуге бағытталған. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттің жүйедегі орны бөлек.

Осы тұрғыда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірқатар бастамалы ел көлемінде жүзеге асырылып отыр, дейді Департаменттің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев.

Мемлекеттік қызметкер беделі

Биылғы мемлекеттік қызметкерлер күнінің ерекшелігі – Мегаполис тарихындағы алғашқы Қала күнімен қатар келіп отыр. Қала өміріндегі секілді, Департамент жұмысында да өзгешеліктер бар, дейді Әли Амантайұлы.

– Біріншіден, қаланың мүмкіндігі өсті. Қалада қызмет ететін мемлекеттік қызметтің беделі жоғарылады деп айта аламын. Мысалы, 2018 жылы бір бос орынға конкурсқа 4 адам қатысса, биыл бір орынға 14 адам таласты! Бұл – орташа көрсеткіш. Ал жекелей алғанда кейбір лауазымдарға 40 адам құжат тапсырған кезі болды.

Себебі, мемлекеттік қызметтің абыройы жоғарылағанымен қоса олардың жалақысы да өсті. Қазақстан бойынша, оның ішінде Шымкентте жалақы төлеудің факторлық-балдық пилоттық жүйесі енгізілді. Жұмыс оңтайландырылып, үнемделген қаржы жұмыс тиімділігін арттыру үшін қызметкерлердің жалақысына қосымша қосылды, - дейді Әли Амантайұлы.

Мегаполис атанған соң Шымкентте жүйелік қарым-қатынастар оңтайландырылып, бұрын жалға алынған біраз ғимараттар босатылды. Оның ақысынан үнемделген қаржы қызметкерлердің жалақысын өсіруге бағытталған.

Шымкент – адалдық алаңы

Адалдық алаңы 2

– Қазіргі құндылықтың бірі – Елбасының тапсырмасын қолға алынған қызметкерлердің мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру. Осы тұрғыда Шымкентте атқарылып жатқан іс аз емес. Соның бірі де бірегей деп, «Шымкент – адалдық алаңы» жобасын айтуға болады, - деп жалғады сөзін Әли Амантайұлы. – Ол жобаның қызметкерлері де Департаментпен бір ғимаратта отырмыз.

Осы тұста Әли Амантайұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда әдеттегіден өзгеше мысал келтірді.

– Мысалы, бір фигураны алсақ, ол әр қырынан қарағанда әр түрлі көрінеді, яғни, төрт бұрышты, ромб, тік төртбұрыш болып көрінеді. Сол тік төрт бұрыш пен ромб шындығы болса, төрт бұрышты фигура – ақиқат. Қазіргі ақиқат – қоғамның ашықтығына қол жеткізу.

Ал оған барудың жолы бірнеше, яғни, фигураның қыры көп. Сол секілді алғанда «Адалдық алаңы» жобасы да сыбайлас жемқорлықты жоюға жетудің бір шындығы, анығын айтқанда, бір бағыты дер едім. Оның бір қыры – Шымкентте ашылған «Адалдық дүкендері».

«Адалдық дүкендері» туралы бұдан артық түсіндіру болмас, сірә.
– Қазіргі таңда Шымкентте 140-қа жуық «Адалдық дүкені» жұмыс істеп тұр. 131 мектеп және оқу орындары мен басқа мекемелерде ашылған.

Әр мектепте орта есеппен 500-600 оқушы бар десек, осы дүкендер арқылы 100 мыңға жуық адамды тәрбиелеуге болады. Қалай дейсіз ғой? Әрине, «көш жүре түзеледі» дегендей, ол дүкенге кіріп, затын алған оқушылардың біреуі болмаса бірі ақшасын жеткізбей төлеп кетуі мүмкін. Сосын достарына мақтанады.

Ал оны көріп тұрып қалған құрдастары бұл іс-әрекеттің бұрыстығын айтпай ма? Әрине, айтады. Сөйтіп, өздерін өздері тәрбиелейді. Осылайша біз «Адалдық дүкендерін» ашып қана қоймай, сол арқылы азаматтарды, әсіресе, жастарды адалдыққа тәрбиелеуді мақсат тұтып отырмыз. Ал жастар – еліміздің болашағы, - дейді Әли Амантайұлы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бас болып, өздері де жастарға үлгі көрсетуде. Мысалы, қаладағы 30-ға жуық мектептің директоры өздерінің кең кабинеттерін мектеп игілігі үшін босатып берген.

– Мен де жұмыс кабинетімдегі демалыс бөлмесінен бас тартып, оны хатшыға босатып бердім. Ал хатшының бұрынғы кең кабинетінде қазір Департамент басшысының орынбасары отыр. Осылайша екі кабинетке бір хатшы отыр. Жұмыс жүйесін оңтайландырудың бір көрінісі – осы, - дейді Әли Амантайұлы.

Қазіргі таңда «Адалдық алаңының» мүшелері жобасы әр сенбі сайын «Қайнар» бизнес-орталығында жиналады. Ол жиынға кез келген тұрғын қатыса алады. Мұндағы мақсат – қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын талқылау. Департамент басшысының айтуынша, тұрғындар шағымдарының көп бөлігі полиция, білім беру және денсаулық сақтау саласына қатысты.

Сондықтан, алғашқы кездегі жиналыстарға полиция департаменті, білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілері қатысып, көпшіліктің арыз-тілегін тыңдады.

Қызметтен тыс сәтте

«Бос уақытыңыз аз екенін білеміз, дегенмен, қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?» деп сұрақ қойып үлгергенім сол екен, Әли Амантайұлы «Бірге футбол ойнаймыз!» деп, орынбасарына жалт қарады. Бәріміз күліп жібердік.

– Жоқ, расы сол, - деді Әли Амантайұлы. – Бастық екенмін деп, қатып қалған ештеңе жоқ. Бұрыннан салауатты өмір салтын ұстанамын. Елордада қызметте жүргенімде түскі астың уақытын жүзуге арнайтын едім. Басында бассейннің бір шетінен екінші шетіне барғанша ентігіп қалатын едім.

Содан, үзбей жүзе бердім. Жапондардың «Асығу деген – бір нәрсені асықпай, бірақ, үзіліссіз істеу» деген әдемі сөзі бар. Мен де солай, үзбей жүзе бердім. Бір күні қарасам, бассейндегі инструкторлардың бір ауысымы кетіп, екіншісі келгенін де байқамай жүзе беріппін. Ал қазір департамент жігіттері бос уақытта футбол ойнаймыз, шахмат клубымыз бар.

Жұмыстан кейін жаяу жүруге тырысамын. Мұның бәрі, ең алдымен, адамның өзінің денсаулығы үшін пайдалы болса, екінші жағынан ұжымның ынтымағын арттыра түседі. Міне, бірер күнде өз мерекемізде мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтеді. Соған дайындалып жатырмыз. Жалпы, қай ғұлама айтқаны қазір нақты есімде жоқ, «Мен өзім қатарлармен емес, жастармен араласамын» деген еді.

Өте дұрыс айтылған сөз. Жастардың идеялары тың, өздері белсенді, энергияға толы келеді. Оларды тыңдап, керек идеясын неге қолданбасқа? Себебі, «барлығын білемін» деген адамның өзі қателеседі. Ал білімді адам өзінің білері әлі де бар екенін біліп, үйренуге ұмтылады. Сол үшін жас мемлекеттік қызметкерлерге әрдайым білімге ұмтылыңыздар деп кеңес берер едім. Жалпы, халыққа қызмет – барлығымызға абыройлы міндет!

Еркін сұхбаттың тоқетері осы болды. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жазып алған –
Нұрлан БЕКТАЕВ

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.