«ТӨЛЕ БИ» фильмінің тұсаукесері өтті

Пятница, 21 Июнь 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 410 раз

Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік Университетінде «Төле би» фильмінің таныстырылымы өтті. Белгілі жазушы-журналист Шойбек Орынбайдың «Қайғы заман немесеТөле би тағдыры» романының желісі бойынша түсірілген телехикаяда Төле бабаның сан қыры көрсетіледі.

12121

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген телехикая 10 сериядан тұрады. Әр сериясы 30 минуттан. «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесіп түсірген «Төле би» телехикаясы өзінің тарихи салмағымен, қызықты оқиғаларымен, шебер сценариімен көрермен жүрегіне жол тауып, бойдағы отаншылдық рухты оята білді.

Фильмде ұлы бабамыз Төле бидің балалық шағынан бастап исі қазаққа Төле би атанған қарт кезіне дейінгі өмірі толық қамтылған. Сондай-ақ данагөй бидің Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай секілді тарихи тұлғалармен бірге елдік мәселелерді шешкен сәттері баяндалады.

Тұсаукесер фильмнің қысқартылған нұсқасы түркістандықтардың назарына ұсынылған соң туындының көркемдік жетекшісі, көрнекті режиссер Сатыбалды Нарымбетов осы фильмге қатысқанын мақтан тұтатынын жеткізсе, Төле би туралы кітаптың авторы, жазушы Шойбек Орынбай өз романының экранға сәтті шыққанына қуанышты екенін, сенімі ақталғанын айтты.

Ал фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков «Сериал арқылы Төле би бабамыздың тек шешен ғана емес, жас кезінде ел үшін қолына найза алған батыр болғанын, кейін үлкен саясаткерге айналғанын, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға атсалысқан тұлға екенін көрсете білдік. Қолдау білдірген Түркістан облысы әкімдігіне рахмет. Біз енді тарихи фильм түсіруден қорықпаймыз», деді.

Сәтін салса,бұл ұжым енді Қ.А. Ясауи туралы кино түсірмек. Салтанатты жиын соңында фильмге атсалысқан азаматтарға Алғыс хаттар тапсырылды.
Еске сала кетсек, «Хабар» телеарнасы 10 бөлімнен тұратын телехикаяны жақында, елорданың туған күні қарсаңында көрермен назарына ұсынбақ. Қапы қалмаңыздар!

Последнее изменение Пятница, 21 Июнь 2019 04:30
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.

Другие материалы в этой категории: « Министр онлайн есеп берді ҰБТ басталды »