Полицей де пенде

Пятница, 21 Июнь 2019 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2675 раз

Шымкент қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрдәулет Бейсеновпен сөйлескенімде полиция қызметкерінің де пенде екенін, ол да ет пен сүйектен жаратылған өзіміз сияқты қарапайым адам екенін, олардың да жүрегі жұмсақ, жаны мейірімді болатынын білдім.

WhatsApp Image 2019-06-20 at 12.09.02

Қандай жағдай болсын қылмыскерлермен бетпе-бет келетін алдымен полиция қызметкерлері. Қызметтік жолында қаншама тәртіп сақшысының өмірі де қиылды. Жасыратыны жоқ, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, соңғы жылдары полицейлердің арасынан да сынға іліккендер азаймай отыр. Соның салдарынан қарапайым халықтың сенімі азайды. Жә, кемшілікті қоя тұрып, бүгінгі кейіпкер туралы айтайықшы.

Әке жолы

Нұрдәулет Орынбасарұлы 11 жыл бойы осы салада еңбек етіп келеді.

– Уақытша ұстау изоляторында «қылмыс жасады» деген күдікпен қамауға алынған тұлғалар орналастырылады. Аса ауыр, ауыр, орта дәрежедегі қылмыстың барлық түрін жасаған күдіктілердің барлығы тергеушінің не өкілетті тұлғаның құзырымен 48 немесе 72 сағатқа қамауға алынады, - дейді полиция майоры.

Бөлімдегі қызметкерлердің күнделікті жұмысқа дайындығын тексеру, күнделікті екі рет тінту жұмыстарын жүргізу, күдікті заңсыз заттар алып кірмеді ме, оның ойында не бар, қашып кетуді ойламай ма деген сұрақтарды зерттеп, үгіт-насихат жасау, осының алдын алу, анықтау – Нұрдәулет Бейсеновтің тікелей жұмысы.

WhatsApp Image 2019-06-20 at 16.14.55

– Біз тек заң талабына сай изоляторда ұстаймыз, тәулігіне екі мезгіл тексеріп, үш мезгіл тамақ беріледі, қыдыру аймағына шығарамыз. Бөлімде уақытша қамауға алынғандардың денсаулығына қарайтын медицина қызметкері, тазалыққа жауап беретін санитария қызметкері де жұмыс істейді, - дейді тәртіп сақшысы.

Кейіпкеріміз полиция саласында 33 жыл еңбек сіңірген әкесі, полиция полковнигі Орынбасар Бейсеновтің жолымен құқық қорғау саласын таңдағанына еш өкінбейді.
Жұмыстың аты – жұмыс, полицейге үнемі формада, қатаң тәртіпті режимде жүруге тура келеді.

Көбіміз жұмыстан кейін үйге барған соң шаршап, сұлайып, үйдің қақпасынан сыртқа шыға алмай жатамыз ғой. Ал Нұрдәулет Орынбасарұлы түскі үзіліс кезінде, кешке жұмыстан тыс уақытында қайырымдылық жасаумен айналысады. Әңгіме былай.

Хоббиі – қайырымдылық

Туыстары Нұрдәулет Орынбасарұлының бұрыннан туыс-туғанға, дос-жаранға қайырымды екенін айтады. Осыдан үш жыл бұрын жұбайы өмірден өткен соң, кішкентай екі қызбен жалғыз қалған ол өмір атты толқынға жұтылып кетпеу үшін жанына жалау болатын қайырымдылық істермен айналысуды қолға алады.

Қаладағы «Шымкенттің қайырымды жандары» қорына мүше болып, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Аталған қорға 35 адамдай мүше.
– Арасында келіп, кейіннен шыдай алмай тастап кететін адамдар да болады. Ер адамдардан үш жігітпіз.

Мен, тағы бір студент және кәсіпкер жігіт. Бұл ұйым бұрынғы «Клуб добряковтың» жалғасы. Біз ешқандай заңды ұйым емеспіз, құжаттарымыз да жоқ.Әділет министрлігіне тіркелмегенбіз. Мен секілдімемлекеттік қызметкерлер, басқа да адамдар өз еркімен жиналып, ниет білдіріп, құрылған ауызша ұйымбыз. Тек инстаграм парақшамыз бар. Біз шын мұқтаж жандарға қол ұшын береміз. Дені сау, аяқ-қолы балғадай, бірақ еңбек еткісі келмейтіндерге көмектеспейміз, - дейді Нұрдәулеттің өзі.

Бұл кісілер ақша жинаумен айналыспайды, ешкімге ақша аудармайды. Ұйымға 250 мұқтаж адам тіркелген. Өзі кимейтін, киюге жарамды киімдерді өткізетін киім қоймасы (Жангельдин көшесінде орналасқан) бар. Ниет білдірушілер жиһаз, теледидар, кілем, тұрмысқа қажетті дүниенің барлығын осы жерге өткізеді. Әр алуан медициналық орталықтары аталған ұйымның еріктілеріне шығып, тегін дәрі-дәрмек береді. Жекеменшік балабақшалар жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін қабылдайды. Мұқтаж жандар әр маусым сайын келіп, қоймадан керек-жарағын алып кетеді.

– Бізге хабарласқан адамдардың үйіне барып жағдайын тексереміз. Оларды суретке түсіріп, парақшаға саламыз. Демеушілер іздеп, үйін жөндеп беруге, жұмысқа орналасуға, мал сойса етін бөліп беруге жәрдемдесеміз. Алимент өндіру, ажырасу, т.б. мәселелерге қатысты құқықтық сауаты төмен адамдарға заң тұрғысынан көмектесеміз.

Одан бөлек парақшамызда із-түссіз жоғалғандарға іздеу саламыз. Табылып жатса, табылды деп, айтамыз. Одан бөлек, әр мерекеде балалар үйі, қарттар үйіне, емдеу-сауықтыру орталықтарына сыйлығымызбен барып, көңілін аулап, концерттік бағдарлама қойып, дастархан жаямыз. Қазір алдағы оқу жылына балаларға оқу формасы, сөмке, кеңсе тауарларын жеткізумен айналысудамыз, -дейді полиция қызметкері.

Нұрдәулет Бейсенов басы-қасында жүрген қайырымдылық істері мұнымен шектелмек емес. Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында қаладағы 44 ҰОС ардагерінің үйіне бір айға жететіндей азық-түлік тауарларын жеткізіп берген еді.
«Егер өзіңнің жағдайың дұрыс болса, туысқаныңа көмектес, туысыңның жағдайы жақсы болса, көршіңе, көршіңдікі дұрыс болса, халқыңа қол ұшын соз» деген сөз бар. Нұрдәулет осыны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр.

Оның полиция қызметкері екенін ешкім білмейді. Өйткені, ол «мен - полицеймін» деп жан-жағына жар салмай-ақ, үндемей қайырымдылық жасап жүр.

...Полицейдің имиджіне кірбің түсіп тұрған кезеңде Нұрдәулеттердің жасап жүргені ерлікпен пара-пар дер едік. Иә, «бес саусақ бірдей емес». Қазір қай салада да дилетанттардың дәуірі жүріп тұр. Дәрігердің де салғырттауы, мұғалімнің де білімсізі көп қой, мәселен-ки.

– Кеңес кезіндегі полицей мен қазіргі полицейдің арасы жер мен көктей. Біз қазір соның жолайрығында тұрмыз. Бәрі реттелуі үшін мемлекеттік идеологияны күшейтуіміз қажет. Өзімнің қаруластарым болған соң менің де намысым келеді, - деп қалды Нұрдәулет бір сөзінде.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз. Ал Нұрдәулет Бейсеновтің қайырымдылық іспен айналысатынын әріптестері соңғы бір айдың көлемінде ғана аяқ астынан білген. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов те оның қайырымдылықпен айналысып жүргеніне оң көзбен қарайды.

Себебі Ерәлі Мұсаәліұлының өзі де бұған дейін талай рет балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан. Әлі де солай. Жалпы Нұрдәулетті ешкім полицей деп ойламайды. Тым қарапайым, өз ісіне адал, көпке қолын созғыш. Қызметте де, жұмыстан тыс уақытта да халқына қызмет етіп жүр... Ал қайырымдылық оның хоббиіне айналып кеткен.

...Кім айтты сіздерге полицейдің жүрегі жұмсақ емес деп?

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.