Арыстықтар, біз сіздермен біргеміз! Избранное

Среда, 26 Июнь 2019 06:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2128 раз

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болды. Шымкент қаласынан 97 шақырым алыста болған жарылыс зардабы әскери аймақтан бөлек бүкіл Арыс қаласының халқын әбігерге салды.

Аким 7

Елді дүрліктірген жарылыс

Оқиға болған жердегі халық Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарымен қатар Шымкент қаласына да жаппай көшірілді. Қаладағы №6506 əскери бөлімінен «Ұлттық ұланның» құрамында 62 техника және 541 сарбазы бар жасағы Арыс қаласында қызметте жүр.

Көмек көрсету – қала әкімінің бақылауында

Арыс тұрғындарына көмектесу іс-шараларының барысы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бақылауында. Әкім эвакуация пунктерінде болып, тұрғындармен әңгімелесті. Тұрғындар орналастырылған мектептерге Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов та барды.

25 маусым күнгі мәлімет бойынша қауіпсіз жерге көшіруге байланысты адасып қалған барлық балалар табылып, ата-аналарына табысталды.
Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкентте ауқымды «Көмек қолы» іс-шарасы жарияланды.

Арнайы Штаб құрылып, оның құрамына Шымкент қалалық білім, жастар басқармасы, цифрлық басқарма, кəсіпкерлік басқармасы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасы, Ұлттық ұланның 6506 əскери бөлімі, Қазақстан теміржолы, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және психолог мамандар енді.

Штаб қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс істеуде. Цифрлық басқарма өкілдері əлеуметтік желілерде қызу жұмыс істеп, балабақшадан эвакуацияланған 300-ден астам баланы ата-анасымен қауышуына көмектесті. Құтқарушылар эвакуациялық бекетке келіп жеткен азаматтардың тізімін жасап, олардың жайғасуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етті, зардап шеккендерге психологиялық, моральды-материалды көмек көрсетті.

Жолаушыларға автобустар бөлінді

Арыстағы жағдай туралы хабар тарасымен тұрғындарды Шымкентке жеткізу үшін қала әкімдігі тарапынан 100 автобус бөлінді. Бұған қоса Арыс бағытына кетіп бара жатып, Шымкентте тоқтатылған 6 пойыздың жолаушыларына қаладағы теміржолда жағдай жасалып, ас-су берілді. Бұдан кейін жолушылар Түркістан қаласына жеткізу үшін 43 автобус бөлінді. 24 маусым күні осы автобустармен Түркістан қаласына 2500-ден астам адам аттанған.

Арыс қаласындағы құтқару операцияларына қатысу үшін 6506 әскери бөлімінен 541 сарбаз аттандырылды.

Эвакуациялық пунктер көбейді

Арыс 4

24 маусым күні Шымкенттегі мектеп және колледжерде 15 эвакуациялық пункт ашылып, Арыс тұрғындары сонда орналастырылған болатын. Мұндағы азаматтар ыстық тамақ және ауызсумен қамтамасыз етілген. Шымкенттіктер бей-жай қарап қалмай, азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, көрпе-төсек, балаларға қажет заттар секілді керек-жарақты өздері де жеткізуде. Бұған қоса азық-түлікті тасымалдау үшін көлігімен келген азаматтар көп.

25 маусым күні Арыстан келіп жатқан тұрғындар санының көбеюіне байланысты Шымкенттегі эвакуациялық пунктердің саны 31-ге дейін көбейтілді. 25 маусым күнгі түстегі мәлімет бойынша Шымкенттегі эвакуациялық пунктерге 2366 адам қабылданған. Бұған қоса тұрғындар мешіттер мен жатақханаларға орналастырылып, қала тұрғындары да арыстықтарды өз үйлеріне қонуға алып кетуде.

Шұғыл желі – тәулік бойы

Қазіргі таңда Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінде 8 (7252) 44-94-72 шұғыл желісі жұмыс істеп тұр. Эвакуациялық пунктердің жетекшілерінің телефондары арқылы да осы пунктердегі азаматтар туралы барлық мәліметті білуге болады. 25 маусым күнгі сағат 12:40-тағы мәлімет бойынша шұғыл желіге барлығы 47 365 қоңырау түскен.

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында «Арыс-Шымкент» арнайы бөлімі ашылып, сағат сайын қауіпсіз жерге көшірілген адамдар туралы мәліметтермен толықтырылуда, бұған қоса эвакуация пунктерінің мекенжайы, ондағы өкілдердің байланыс телефондары мен жоғалған Арыс тұрғындары туралы мәлімет жарияланған.

Мұндай қауырт желі телефондары еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылды. Басқа өңірдегі тұрғындарды мазалаған сауал негізінен әлеуметтік желіде кең тараған бейресми ақпараттар. Олардың көбі «Шымкент қаласына қандай да бір қауіп төнуі мүмкін бе?» деген сұраққа алаңдаған. Ал Шымкенттегі қауырт желі нөмірлеріне де Қазақстанның түкпір-түкпірінен жəне алыс-жақын шетелдерден қоңырау түскен.

Жедел жәрдемнен – 10 арнайы бригада

Арыс 10

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 10 арнайы жедел жәрдем бригадасы құрылды. Стационар мекемелерде зардап шегушілерге арналған қосымша 260 орын құрылған.
25 маусым күнгі мәлімет бойынша Шымкент қаласындағы ауруханаларға ұзын-саны 96 адам келген, арасында балалар да бар.

Дәрігер көмегіне жүгінгендердің арасынан 22 адам ауруханаға жатқызылып, екі адамға операция жасалды. Барлық науқастарға медициналық көмек көрсетіп, зардап шегушілер психологиялық көмек алды.

Көмек сұрағандардың ең көбісі (74 адам) қалалық №1 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі ауыр халде болды.

Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер 57 жастағы Шәрбану Қожықованың өмірін сақтап қалды. Ол снарядтан жарақат алып, шат сүйектері сынған. Ауруханаға жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан болатын, операция өте күрделі болып, 2 сағатқа созылды. Отаны қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігері Данияр Оразбаев жасады. Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.

Қалалық орталық мешіт пен «Бекжан» базарында 4 жедел медициналық жәрдем көлігі кезекшілікте тұр. Теміржол вокзалында медициналық пункт ашылып, құрамындағы дәрігер мен екі медбике тәулік бойы жұмыс істеді. 122 қан, 165 плазма, 221 криопреципит дозасы әзірленген.

Бұған қосымша Арыс тұрғындары үшін №2 оңалту орталығында – 10 орын, №1 оңалту орталығында – 20 орын, «Ана мен бала» оңалту орталығында – 17 орын, Балалар үйінде 10 орны қарастырылған. «Медикер» секілді жекеменшік клиникалар да қосымша орындар ұсынып отыр.

Жомарт жандардың көмегі

Төтенше жағдайға Шымкенттің көптеген тұрғындары мен белгілі кәсіпкерлер де бей-жай қарай алмады. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Қайрат Молдасейітовтың бастамасымен Арыс тұрғындарына қаржылай көмек қоры құрылды. Кәсіпкердің өзі бас болып қорға 10 миллион теңге аударды.

Бүгінгі таңда «Менің атамекенім» жобасының есеп-шотына 16 млн теңге жұмсалған. Қайырымдылық жасауға қаржы аударғандардың арасында депутат Шыңғыс Қозбахов, кәсіпкерлер Нұралы Әбішев, Хайрулла Қожабаев, Мұрат Тағаев, Әділхан Исабаев, Нұрлан Құралов, Гауһар Насырова, Инара Намазбаева, Владимир Денисов, Вельким Злавдинов, Хадиша Әлжанова, Мағжан Ералиев, Жетпісбай Едігенов, Владимир Рыбалка бар.

Сонымен қатар «Ferrum-Vtor» ЖШС ұжымы жетекші Әбдірашит Омароватың атынан 10 млн теңге бөліп отыр. Бұған қоса қаладағы көптеген мекемелер, атап айтқанда «Shymkent» ӘКК, Кәсіпкерлер палатасы мен шымкенттік полицейлер, жеке құрылымдардың ұжымдары бір күндік жалақыларын аударды. Ал М.Өтебаев атындағы жаңа технологиялар колледжінің ұжымы қайырымдылыққа 700 мың теңге қаржы жинаған.

Еріктілер де көмектесуде

Арыс15

Қазіргі таңда Шымкенттегі Көрме орталығы мен түрлі ұйымдарда азық-түлік пен киім-кешек секілді қажет заттар жиналуда. Қаладағы жағдайды бақылау үшін патруль қызметі ұйымдастырылған. Зардап шеккендерге көмектесуде 500 ерікті жұмылдырылған.

Арыс оқиғасына әкімдік қызметкерлері ғана емес, шымкенттіктер түгел көмекке жұмылды. Бірі көлігін ұсынса, бірі Арыс қаласынан Шымкентке дейінгі жолдың бойында жолаушыларға сусын, азық ұсынып жатты. Одан бөлек әлеуметтік желіде балаларды ата-анасымен табысуы үшін көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді.

Осылайша Арыс тұрғындарының басына төнген жағдай тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын біріктірді. Мыңдаған тұрғынның қайғысы миллиондаған қазақстандықтарды біріктірді. Шымкенттіктер де жерлестеріне қол ұшын созып, қайырымдылықтарын сөзбен ғана емес, нақты іспен де көрсетуде. Лайым, ел-жұрт аман болғай!

А.МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Н.БЕКТАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.