Версия для печати

Мемлекеттік қызметшілер – мемлекет тірегі Избранное

Среда, 26 Июнь 2019 06:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2533 раз
Оцените материал
(0 голосов)

23 маусым – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметшілер күні. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы Жарлығымен 23 маусым елімізде Мемлекеттік қызметкер күні болып белгіленген бұл мерекені шымкенттіктер де атап өтті.

gossluzhba 9

Мереке – табиғат аясында

Шымкент қаласының әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекелерін әдеттегідей зал ішінде емес, ашық аспан астында қарсы алды. Салтанатты жиын мегаполистегі А.Асқаров атындағы дендросаябақта өтті.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов мемлекеттік қызметшілерді құттықтады.

– Мемлекеттік қызметшілер - мемлекеттің тірегі. Сіздер елдегі өмірдің қайнаған ортасында жүріп, мемлекеттік идеология мен саясаттың жүзеге асырылуына атсалысасыздар. Қазақстандағы мемлекеттік қызмет саласына 1997 жылдан бастап оң өзгерістер енді. Қазіргі таңда көрші елдер біздің заңдарды пайдалануда. Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер! - деді қала әкімі.

Бүгінде Шымкент қалалық әкімдігі мен 23 басқарма, 4 аудан әкімдігінде 721 мемлекеттік қызметші бар. Қала әкімі осы саладағы жетістіктерге де тоқталды.
– ТМД елдерінің арасында мемлекеттік қызмет істерінің реформасы алғаш рет Қазақстанда жасалды.

Бұл саланың өркендеуіне Елбасы Н.Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өткім келеді. Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиясында мемлекеттік қызмет туралы арнайы бөлім бар. ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен біздің елімізде ТМД бойынша алғашқы мемлекеттік қызмет агенттігі құрылды. Қазіргі таңда әр өңірде аумақтық филиалдары жұмыс істеп келеді, - деді қала әкімі.

gossluzhba 10

Кәсіби мерекелерін осы салада қызмет ететіндер спорттық жарыстан бастады. Осылайша олар қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда. Жүгіру жарысынан бөлек футбол, волейбол және теннис сайыстары ұйымдастырылды. Соңында қала әкімі Ғ.Әбдірахымов спартакиада жеңімпаздарын марапаттады. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Бірқатар қызметшілерге қала әкімі және мемлекеттік қызмет департаментінің алғыс хаттары табысталды.

Мегаполистегі оң өзгерістер

Жалпы, биыл Шымкент қаласы әкімдігінің жұмысында бірқатар оң өзгерістер орын алды. Соның бірі – «Ашық әкімдік» жобасы.
Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы аясында қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асып отыр.

Әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет ете бастады. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелері бойынша кеңес беріп, қызмет көрсететін болады. Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.

Сонымен қатар, мұнда қала әкімі мен орынбасарлары тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасау үшін open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек, оның әрбір орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайтын болады. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру.

Сонымен қатар қала әкімі және әкімнің орынбарлары әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен кері байланысты орнатты. Осының нәтижесінде әкімдікке келіп түсетін арыз-шағымдар саны төмендеді.
2018 жылдың желтоқсан айынан бастап, мемлекеттік қызмет саласында факторлық-балдық шкала енгізіліп, нәтижесінде жалақысын жергілікті бюджеттен алатын қызметшілердің еңбекақысы екі есеге өсті.

Сонымен бірге әкімдік өкілдері ҚР Президенті әкімшілігіне барлық өңірдің мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы бірдей болса деген ұсыныс жіберген. Сондай-ақ, 2019 жылдың 18 маусымынан бастап әкімдіктің жұмыс кестесі өзгеріп, түскі үзіліс екі сағаттан бір сағатқа қысқартылып, жұмыс уақытының соңы 19.00-ден 18.00-ге ауыстырылды.

Жалпы, Шымкент қаласында 2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші абыройлы еңбек етуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.