Жастар арасындағы заң бұзушылық салдары емес, себебіне үңілсек...

Среда, 26 Июнь 2019 06:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3539 раз

Бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған көкейтесті мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған жастар арасындағы қылмыс. Өйткені, жастар арасындағы құқық бұзушылық азаймай отыр. Бұған дәлел құқық қорғау органдарының жасаған статистикалық мәліметтері.

 Досалиев

Осындай өткір мәселеге байланысты Шымкент қаласында ХДП «Ауыл» партиясы филиалы жетекшілерінің бастамасымен үлкен жиын өтті. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қызу талқыға түскен жиынға сот өкілдері, құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері, білім саласының мамандары және қаланың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері қатысты.

Жалпы, кәмелет жасына толмағандардың қылмыс жасауына әсер ететін сыртқы және ішкі факторларды саралап көрейік.
Елімізге шетелдерден интернет желілері арқылы келіп жатқан теріс бағыттағы ақпараттар, сан қилы жарнамалар, күнделікті теледидардан көрсетіліп жатқан, жастардың санасын бала кезінен соғысқа, жауыздыққа, қаныпезерлікке және ұятсыздыққа итермелейтін шетелдік мультфильмдерден бастап кинофильмдерге, түрлі компьютерлік ойындарға, ақпарат желілері арқылы діни экстремизмнің қоғамға еніп-таралуына тосқауыл қойылмауы сыртқы факторларға жатады.

Айталық, көрші Қытайда зорлық-зомбылық, тонау, кісі өлтіру сипатындағы шетелдік фильмдер мүлде көрсетілмейді.

Ал ішкі факторларды негізінен беске бөліп қарастырған жөн, олар:

Биологиялық факторлар – баланың әлеуметтік бейімделуіне кедергі жасайтын физиологиялық және анатомиялық жағымсыз ерекшеліктер;
Психологиялық факторларға баладағы психопотологиялар мен мінездегі кейбір қасиеттердің басым болуы және т.б. жатады.

Әлеуметтік-педагогикалық факторлар. Олар мектептік, отбасылық, қоғамдық тәрбиедегі кемшіліктердің нәтижесінде туындайтын, баланың оқудағы үлгермеуіне байланысты факторлар. Мұндай балалар, көбінесе, мектепке дайындығы жоқ, үйге берілген оқу тапсырмаларына және бағаларға парықсыз қарайтын балалар.

Бұдан басқа, ата-аналар тәрбиесінің жеткіліксіздігі де кері әсер етеді. Жеткілікті болғанның өзінде, көбіне тәрбиенің дұрыс берілмеуі де бар.
Жастар табиғатынан еліктегіш болып келеді.

Өз тілін, ділін, тарихы мен мәдениетін білмейтін бала қалай ұлттың ұлы бола алады? Салт-дәстүрді дұрыс түсінбесе ше? Жастардың бұл жерде қандай кінәсі бар? Оған, біріншіден, атасы мен апасы, әкесі мен шешесі, өскен ортасы кінәлі.

Көп жағдайда ата-аналар мектепті кінәлауға бейім тұрады. Ұстаз балаға адам бол деп ұрысса да кінәлі болып отыр. Әлеуметтік-экономикалық факторлар. Әлеуметтік теңсіздік, қоғамның кедей және бай болып бөлінуі, халықтың кедейленуі, жұмыссыздық, инфляция, әлеуметтік кернеу, т.б. Көп балалы, жартылай отбасы мен толықтай отбасы арасындағы әлеуметтік теңсіздік те баланың тағдырына, тіпті ойлау жүйесіне әсер ететіні белгілі.

Өркениетті мемлекетте оқушыларға бірыңғай киім (форма) кигізеді. Өйткені, онда әр түрлі деңгейдегі отбасының балалары оқиды. Бірақ, олар білім алып отырған ортада, психологиясы қалыптасу кезеңінде бір-бірінен өзгеше болмауы қажет. Яғни, әлеуметтік теңсіздік көп жағдайларға себеп болады.

Бізде көп балалы, жартылай отбасыларының әлеуметтік- экономикалық жағдайларының төмендігі, кешегі күнге дейін мемлекет тарапынан өз деңгейінде ескерілмей, көңілден тысқары қалып келгені ащы да болса шындық. Осыған байланысты 2019 жылдың 27 ақпанында «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы үкіметке, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшерін өсіруді тапсырды.

Моральды-этикалық факторлар. Қазіргі қоғамның адамгершілік қасиеттерінің төмен болуы, рухани құндылықтардың бұзылуы. Дегенмен, бұл мәселеге тереңірек қарау қажет. Негізінен, салдарына емес, себебіне тереңірек үңілген дұрыс.

Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнамалар аз емес. Атап айтсақ, бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, ҚР Қылмыстық кодекстері, «Неке және отбасы туралы», «Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Еңбек туралы», «ҚР арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Дене тәрбиесі және спорт туралы» заңдары және тағы да басқа көптеген заңнамалық актілер бар.

Рас, мемлекетімізде жастардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға байланысты қабылданған заңдар жетерлік, бірақ, өкініштісі сол, ол заңдарды барлық жастар біле бермейді. Осындайда «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағида еріксіз еске түседі. Дей тұрғанмен, жаңа заман жастарының жаңа талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей.

Қорыта айтқанда «Ауыл» халықтық патриоттар партиясының отырысында кәмелетке толмаған жастар арасында құқық бұзушылықтың негізгі себептері анықталып, оны шешудің төмендегі жолдары ұсынылды.
Біріншіден, мемлекеттік идеологияның аясында жастар мәселесіне көбірек көңіл бөлу, оның жүйелілігін арттыру.

Екіншіден, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, жастардың психологиясына, дүниетанымына ықпал ететін әлеуметтік желілердегі ақпараттарға шектеу жасау.

Үшіншіден, отбасындағы тәлім-тәрбиені күшейту, ұлттық құндылықтарға аса көңіл бөлу, патриоттық тәрбие беру. Сонымен қатар ата-ананың ұрпақ тәрбиелеуде жауапкершілігін арттыру, ауыл-қаладарда мәдени орындар мен спорт кешендерін көбейту және олардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Сондықтан, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың салдарына ғана емес, себебіне тереңірек үңілген жөн. Оларды анықтап, жойып, болашақ жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан келе жатқан қазақи ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрімізді сіңіре отырып, құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастыру арқылы әрбір жасқа қоғамнан өз орындарын табуға көмектесу – баршамыздың міндетіміз.

Қанатбек Досалиев,
М.Өтебаев атындағы жоғары
жаңа
технологиялар
колледжініңдиректоры, з.ғ.д.,

профессор

Последнее изменение Среда, 26 Июнь 2019 06:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.