Версия для печати

Арыстағы жағдай – Президент бақылауында Избранное

Среда, 26 Июнь 2019 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 501 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы эвакуациялық пункте болды

ҚР Президенті төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру жұмыстарының барысымен танысты.

004-1

Қ.Тоқаев қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Ішкі істер министрлігіне, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

– Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет.

Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрт пен оқ-дәрілердің жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы бұдан кейін Арыс қаласын аралап шықты. Қаланы қарау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді.
Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды.

Шұғыл сапарының соңында Қазақстан Президенті Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға барып, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің көңілін сұрады. Дәрігерлер Қасым-Жомарт Тоқаевқа жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы төтенше жағдай аймағында медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан
Президенті зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік білдірді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.