Шымкент-Арыс:Министр мән-жаймен танысты Избранное

Пятница, 28 Июнь 2019 04:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2113 раз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Арыстағы жарылыс кезінде зардап шеккен азаматтардың жағдайымен танысу үшін Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.

DSC 9082

Үкімет мүшелерін қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бастаған жауапты мамандар алып жүріп, қалалық клиникалық ауруханадағы апаттан зардап шеккен науқастардың жағдайымен танысты.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, зардап шеккендердің бірі – 57 жастағы азаматша.

Ол снарядтан жарақат алып, шат сүйектері сынған. Дәрігерлер науқасқа шұғыл ота жасап, өмірін аман алып қалды. Қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан екен. Операция өте күрделі болып, екі сағатқа созылды.

Зардап шеккен екінші науқас – 16 жасар бозбала. Жеткіншек қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, ауыр дейді дәрігерлер.
Үкімет мүшелері, сондай-ақ, қалалық балалар ауруханасында жатқан 8 жасар баланың жағдайымен танысты. Балақай жол-көлік оқиғасында жарақат алған.

Оқыс жағдай кезінде баланың басына зақым келіпті. Қан кетуді жою мақсатында дәрігерлер балаға шұғыл түрде ота жасаған. Операциядан соң Алматыдан арнайы жеткен реаниматолог пен нейрохирург баланы қарап шықты. Қазір бозбала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр.

Министр бастаған жұмыс тобы бұдан кейін №1 «Дарын» мектеп-интернатында болды. Мұнда қазіргі таңда 710 азамат қабылданып, тіркелген. Бүгінгі таңда 406 азамат, оның ішінде 251 бала осында орналасқан. Бұған қоса Асар шағынауданындағы «Уммет» қайырымдылық қорының балалар үйінде 222 азамат қабылданып, тіркелген. Араларында 80 бала бар.

Нысандарды аралағаннан кейін министр Түркістан облысына жолға шығып кетті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 56 эвакуациялық бекеттер ұйымдастырылған, аталған бекеттерде алғашқы уақытта Арыс қаласынан 45 325 азамат қабылданып, тіркелген болатын, ал бүгінгі таңда 9933 ересек және 3774 бала орналасқан.

Арман СӘДУӘЛІ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.