Шымкент көмек көрсету орталығына айналды Избранное

Пятница, 28 Июнь 2019 04:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2559 раз

Шымкентте бүгіндері қызу-қарбалас. Арыс қаласының тұрғындарына қажет заттар мен көмек қолын созушылар негізінен үшінші мегаполиске жиналуда.

Арыс ІІ 3

Азық-түлік жеткілікті

Бұл туралы қала әкімі Ғ.Әбдірахымов мәлімдеді.
– Арыс тұрғындарына қажет азық-түлік жеткілікті жиналған. Қажет заттар қарапайым қазақстандықтардан, көрші аймақтардан, кәсіпкерлерінен түсіп жатыр.

Мен жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамын. Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады. Олардың көбісі Шымкентке жеткізілгендіктен, негізгі салмақ біздің қаламызға түсіп отыр. Қазіргі таңда қаладағы барлық қызметтер барынша күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде, біз арыстықтарға қолдан келгенше көмек көрсетіп отырмыз, – деді қала әкімі.

Бүкіл көмек үлкен қоймаға жиналуда

Ғ.Әбдірахымов бұған қоса Арыс тұрғындарына қажет заттар Ынтымақ шағынауданындағы сауда-логистикалық орталықта жиналып жатқанын айтты.
Арыстағы оқиғаға байланысты қайырымдылық көмектер, азық-түлік пен басқа да қажет заттар Шымкент қаласы, Ынтымақ шағынауданы, әуежай маңындағы үлкен қоймаға жинақталуда.

– Аллаға шүкір, елімізде қайырымды, мейірімді, дарxан мінезді азаматтар баршылық! Басқа өңірлерден ағылып жатқан көмектің көлемінің үлкендігінен және азық-түліктердің көптігінен бұдан былай барлық көмек Көрме орталығында емес, тоңазытқышы бар сауда-логистикалық орталықта жинақталады Эвакуациялық пунктерге қажетті заттар осы жерден жеткізіледі, – деді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Арыс ІІ 6

Көмекке бүкіл ел жұмылуда

Арыс халқының басына түскен қиын жағдайға алаңдаушылық білдірген ел азаматтары барынша көмек қолын созуда. Оған еліміздің өзге өңірлерінен келіп жатқан гуманитарлық көмек заттары дәлел.
Қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Алматыдағы отандастарымыздың жіберген түрлі материалдық заттар Ынтымақ шағынауданындағы сауда-логистикалық орталыққа жеткізілген.

Шымкенттегі қоймаға Жамбыл облысынан, Алматыдан да қайырымдылық көмек келіп жетті. Сонымен қатар Қызылорда облысынан жүк тиелген бірнеше көлік келген болатын.
Алдағы уақытта басқа да өңірлерден көмек жүктері келеді деп күтілуде. Қазір Түркістан облысы мен Шымкент қаласы мектептерінде орналасқан эвакуациялық бекеттерде қажетті азық пен заттар жеткізілуде.

Арыстық азаматтарға қайырымдылық көмек ретінде Шымкент қаласындағы №№54, 56, 87 мектептерде орналасқан эвакуациялық пунктерге қажет азық-түлік пен жеке бастың тазалық заттары жіберілді.

Айта кетейік, материалдық және гуманитарлық көмек қабылдайтын бекеттер тәулік бойына жұмыс істейді.
Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жедел штаб құрып, эвакуацияланған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуді бастап кеткен.

Штабтан алғашқы сәтте Арыс қаласынан халықты көшіру үшін 3 автобус, 2 жүк көлігі жөнелтіп, зардап шеккен жандарға таза су мен азық-түлік таратылды.
Бүгінде дейін Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ашылған штабтың қабылдау бекетіне жиналған құны 15 млн теңге болатын азық-түлік, киім-кешек пен тұрмысқа қажет заттар эвакуациялық бекеттерге жөнелді.

Қиын сәтте этномәдени бірлестіктердің мүшелері 20-дан астам отбасыны өз үйлеріне алып кетіп, қамқорлық танытты. Сонымен қатар Шымкенттегі №53,56,61,122,26 мектептерде және №1 саңырау балаларға арналған интернатта орналасқан азаматтар күнделікті ыстық тамақпен қамтылуда. Ассамблея жанындағы медиаторлар мен психологтар апат аймағынан келген азаматтармен әңгіме жүргізіп, психологиялық көмектерін көрсетуде.

– Арыс қаласында орын алған апат арыстықтардың ғана қайғысы емес, бүкіл халықтың қайғысы. Қиын сәтте барша халық Арыс тұрғындарымен бірге екендіктерін көрсетіп, қолдан келген жәрдемін беріп жатыр. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері де күн-түн демей жұмыс істеуде. Қазір бекеттерде орналасқан азаматтардың сұранысы – киім-кешек, көрпе-төсек пен гигиеналық заттар жеткіздік. Осылай жұмыла жұмыс істесек, біз жеңбейтін қиындық жоқ – дейді Ассамблея мүшелері.

Штаб төрағасы Мұратәлі Қалмұратов гуманитарлық көмек көрсету шаралары жалғаса беретінін айтады. Қазір еліміздің барлық аймағынан Ассамблея мүшелері қолдау білдіріп, гуманитарлық жүк тиелген көліктерін жіберіп жатыр. Бұған қоса үйлерді қалпына келтіру бағытында жұмыс істемек.

Ал шымкенттік кәсіпкер, «Корпорация «Береке А» ЖШС құрылтайшысы Рәшкүл Оспанәлиева Арыс тұрғындарының мұқтаждығы үшін құрылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына өз атынан 5 миллион теңге аударды. Кәсіпкер, мұнымен қатар, Шымкенттегі мектептерді паналап отырған жүздеген адамға гуманитарлық көмек көрсетті.

Арыс қаласында болған қайғылы жағдайға байланысты «Shymkent» ӘКК АҚ ұжымы 1 млн теңге көмек көрсетті.

– Осындай қиын уақытта біз отандастарымызды қолдауға тиіспіз. «Shymkent» ӘКК АҚ ұжымы зардап шеккен отбасылар мен Арыс тұрғындарына бір күндік жалақысын аударды. Сіздерді де сауапты бастамаға қосылуға шақырамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! – деді басқарма төрағасы Рашид Аюпов.

Ал ОҚМПУ ұстаздары ұжымның бір күндік жалақысын бірауыздан зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шотқа аударуға шешім қабылдады. Оқу орнының псиxолог-магистранттары мен арнайы мамандар қиын жағдайға тап болған Арыс қаласының тұрғындарына психологиялық көмек көрсетті.

Университетте арнайы штаб құрылды. Еріктілер тобы, Факультет декандары, оқытушы-профессорлар құрамы зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындары орналасқан бекеттерге барып, қолұшын созуда.
Бұған қоса Студенттер үйінде арнайы 150 орын дайындалды.

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы да Арыс тұрғындарына көмек ретінде 2 күндік жалақыларын қайырымдылық қорына аударды.

Арыстағы барлық көше тазартылды

Arys 1

27 маусымдағы мәлімет бойынша Арыс қаласы аумағындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында ҚР ІІМ-нің жеке құрамынан 1488 адам және 189 бірлік техника жұмылдырылды. Қорғаныс министрлігінің саперлік бөлімшелерінен 43 топ құрамында 408 адам Арыс қаласын, теміржол стансасы мен көшелерді тазалады.

Сондай-ақ әскери бөлім аумағы жарылмаған оқ-дәрілерден тазартылуда. Осы жұмыстар нәтижесінде 5700-ден астам әскери снарядтар табылып, арнайы техникамен көшіруге дайындалды.
Жедел штабтарда қауырт желілер ұйымдастырылып, тұрғындардан жалпы 15 мың 927 қоңырау келіп түсті.

Жалпы инженерлік техникамен Арыс қаласының 16 учаскесіндегі барлық көшелер мен 11 шақырым теміржол тазартылды. Қорғаныс министрлігімен бірге жеке және көпқабатты үйлер тазартылуда.

Әзірлеген – Н.БЕКТАЕВ

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.