«Журналистика – бұл миссия»

Пятница, 28 Июнь 2019 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3368 раз

«Журналистика – бұл миссия» дейді журналистика мен мультимедианың бүгінгі үрдістерін бағалаған жазушы, журналист Дебора Кемпбелл. Журналистика әрі кәсіп, әрі міндет. Қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Елімізде жыл сайын 28 маусым күні қоғамдық маңызы бар дата ретінде республика журналистерінің кәсіби мерекесі аталып келеді.

Бұл кездейсоқ емес, өйткені БАҚ және журналистика қоғамның бөлінбейтін тұтас бөлшегі ретінде оның алға қарай үздіксіз дамуын қамтамасыз етудің бірден бір тиімді тетігі болып саналады. Рас, қоғамда әртүрлі мамандық болса, журналистика – сол қоғамның айнасы. Бұл мамандық иелерінің табиғатының өзі жаңалыққа жақын, қоғам үшін қызмет етуге құштар.

Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарына артылған сенім жүгі де ауқымды.

b783d3669575c956ef2245ad06275f39

Журналистердің кәсіби мерекесі бекітілді

Таяуда ғана ел Үкіметі қазақстандық журналистердің кәсіби мерекесін бекітті. Енді Қазақстанда 28 маусым күні бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтіледі. Осыған орай Үкіметтің тиісті қаулысы жарияланды.

«Үкіметтің 2017 жылдың 31 қазанындағы қаулысына келесі өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. 17 мамыр – ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күні, 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі», деп жазылған қаулыда.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 10 маусым күні БАҚ өкілдерімен кездесуінде алдағы уақытта Қазақстанның бұқаралық ақпарат өкілдері туралы заң қабылдануы мүмкін екенін айтқан болатын. Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстанның БАҚ өкілдері Мемлекет басшысынан журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдау мәселесін көтерген еді.

– Бұл өте өзекті мәселе. Бұл мәселені жақсылап тұрып қарауымыз керек. Мен Үкіметке тиісті тапсырманы беремін. Келешекте журналистердің мәртебесі туралы, егер қажет болса, тиісті заң қабылдаймыз. Не болмаса мен өзім Президент ретінде шешім қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Байланысы мықты мемлекеттің
қорғанысы да қуатты

Осы аптада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елордада бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлық лауреаттары мен грант иелерін, алғыс жарияланған шығармашылық ұжымдарды және барлық журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Бұқаралық ақпарат құралдары – жаңалықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат тарату – Сіздердің кәсіби еңбектеріңіз. Сондықтан, Сіздердің қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен қараймыз, бағалаймыз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітті, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев озық технология заманында медиа саласының мүмкіндіктері өте ауқымды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшемдеріне айналғанын айтты.

– Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді, – деп атап өтті Президент.

Салтанатты жиында «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская Правда-Қазақстан» газетінің бас редакторы Виктор Кияницаға, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, «Астана» телеарнасының редакторы Жайна Жақсылықоваға Мемлекет басшысының Өкімімен сыйлық тағайындалды. «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбаевқа, «Qazaqstan» телеанасындағы «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиевке, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Асем Сартбаеваға гранттар тапсырылды. «Егемен Қазақстан», «Экспресс К», «Знамя труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына ҚР Президентінің алғысы жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.

Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату компаниясы мен «CCTV» Халықаралық телеарнасы ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Мемлекет басшысының атынан еліміздің барлық өңірлеріне жіберілген алғыс хаттар үздік журналистерге салтанатты түрде табыс етілмек.

Баспасөз хатшылары департамент
директоры деңгейімен теңестірілмек

Бұл туралы еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Абаев

– Маңызды бағыт – бұл мемлекеттік органдардың БАҚ-пен өзара іс-қимылы. Баспасөз қызметінің жұмысына үлкен назар аударылып отыр. Соңғы уақытта мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының баспасөз қызметтеріне қарым-қатынас қатты өзгергенін барлық жауапкершілікпен айта аламын, – деді министр.

Д.Абаевтың айтуынша, ендігі уақытта министрлер де, әкімдер де баспасөз хатшылардың жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды.
– Бұл – уақыт талабы. Біз өз тарапымыздан жыл сайын баспасөз қызметтері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары мен семинарларын өткізіп, ең белсенді әрі сауатты баспасөз хатшыларды Astana Media week аясында ынталандырып отырамыз.

Біз алғаш рет баспасөз хатшыларының мәртебесін БАҚ туралы заңда жаздық. Қазіргі уақытта баспасөз хатшысы санатын департамент директорына дейін көтеру бойынша жұмыс жүруде, – деді ол.
Қазіргі кезең қарулы майданның емес, ақпарат майданы екенін ескерсек, тартыс күштілер қаруы саналатын БАҚ арасында болып жатқаны жасырын емес.

Сондықтан еліміздің дамуын, қарқынды өркендеуін насихаттау үшін БАҚ-тың тұрақты да жүйелі жұмыс істеуі ең маңызды міндет болып қала бермек.