Версия для печати

«Журналист адамдармен араласқанда жусаннан аласа болса... деймін»

Пятница, 28 Июнь 2019 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2943 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Деген  белгілі журналист, бетегеден биік БЕКҚҰЛОВ Ертаймен еркін әңгіме

 

– Ереке, 40 жылдан бері қаламды жанына серік етіп келе жатқан журналист үшін жаттанды сұрақ көрінер, бірақ адамның белгілі бір мамандықты таңдауына түрткі болатын жағдайлар болады ғой. Жазуға қызығушылық қайдан туды?

– Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдария мен Қарартаудың ортасындағы «Қос үйеңкі» деген ауылда дүниеге келгенмін.Бұл ауылда жазушы Дүкенбай Досжанов ағамыз туып өскен. Мектепте аудандық газетке бірлі-жарым кішкентай шимай-шатпақтарым шығып жүргенмен, журналистік мамандыққа деген түбегейлі талабымды оятқан оқыс бір оқиға болды.

Ол не дейсің ба? Әскерден келген бетім. Бір күні мектептің қасынан өтіп бара жатсам, буда-буда дәптерлер шашылып жатыр. Бұл не дүниелер деп қарасам, ішінен Дүкенбай ағамыздың жазған біраз шығармаларын көрдім. Соның ішінде «Туған жердің көктемі» деген шығармасы бар екен. Біздің жақта Қаратаудың қойнауында Ынтымақ, Талдысу деген керемет жерлер бар.

Сол жердің табиғатын Досжанов ағамыз өте әсерлі суреттеген. Соны оқыдым да сөздің құдіретін тереңірек түсіндім. Осы сезім менің талабымды тереңдетіп жіберді. Бір қызығы ҚазМу-дың журфагына құжат тапсырып, шығармашылық сынаққа кіргенімде шығарма жазуға дәл сол – Туған жердің көктемі деген еркін тақырып келді. Дүкенбай ағамның шығармасынан алған әсерім өз ауылымның табиғатын өзімше көркемдеп суреттеуге жетеледі.

Соның арқасында шығармадан 4 деген баға алып, оқуға түскенмін.

– Дүкенбай ағаңыздың дәптерінен оянған махаббат журналистік мамандықты түбегейлі сүйіп өтуге жетелеген сияқты ғой.

– Ия оның рас. Мен өмір бойы бір-ақ салада, өзім қалаған журналистика саласында қызмет істедім. Оның 20 жылы меншікті тілшілікпен өтті. 6 облыста меншікті тілші болдым. Университетті бітірген соң Қостанай облыстық газетіне жолдамамен барып жұмыс істеп жүргенімде солтүстіктегі Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарына «Лениншіл жастың» тілшісі болып қызметім ауысты.

Бұл – мен үшін үлкен мектеп болды. 5 жыл меншікті тілші болып, тың өлкесінде араламаған жерім қалған жоқ. Астықты өңір, кен орындары, еңбек адамдары туралы қаншама мақала жаздым. «Пениншіл жастың» бір номеріне кейде 2-3 мақалам қатарынан жарық көріп жүрді.

Сөйтіп жүргенде бас редакторым Сейдахмет Бердіқұлов шақырып алып, Оңтүстік өңірдегі Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарына меншікті тілші болып баратынымды айтты. Қасыма қосып жіберген редактордың орынбасары Ержұман
Смайылов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа әкеп таныстырды.

Себебі ол кезде «Лениншіл жастың» беделі керемет еді. Сол уақыттарда газет таралымы Шымкент облысының өзінде 45 мың дана болатын. Одан бөлек Жамбыл мен Қызылорданың әрқайсысында 25 мыңнан аса тұрақты оқырманы бар еді. Осы үш облыс бойынша 3 жыл тілші болып, үш өңірдің барлық аудандарын араладым. Оңтүстікте мен әсіресе мораль тақырыбына көп материал жаздым.

Өйткені, бұл облыстардан жеке бастың мәселесіне байланысты арыз-шағымдар, сотта қаралатын мәселелер жөнінде көптеген хаттар келіп түсетін. Қаншама адамның тағдырына араласып, журналистік зерттеу жүргіздім, қаламымның күшімен көмек бердім. Есімде, Қазығұрт ауданы Қызылдала деген ауылдан жетім қыздың ауыр тағдырына араласып, соның нәтижесінде облыстық комсомол комитеті ол қызға Шымкенттен жатақхана алып беруге ықпал етті. Мұндай жағдайлар көп, бәрін тізу мүмкін емес.

– Қызмет бабымен келдіңіз де, Шымкент сонымен түпкілікті мекеніңізге айналып кетті...

– Ол рас. Шымкент туған жерім болмаса да, өмірімнің ең үлкен бөлшегіне айналып кетті. Келген беттен-ақ жақсы достар таптық. Қимас орта қалыптасты. Мен Шымкентке ауысып келген жылдары бізден бір курс жоғары оқыған Қалыбек Атжан да республикалық радионың осы өңірдегі тілшісі болып қызметке кіріскен екен. Екеуміз энергетика техникумының жатақханасында көрші бөлмеде жаттық. Отбасымыз әлі көшіп келмеген.

Ол Жамбыл облысының, мен Қызылорда облысының жігіттеріміз. Шымкентті білмейміз, жаңа келген кезіміз. Бірге жүреміз. Қалыбекке облыстық партия комитеті қызметтік көлік ретінде Волга автомашинасын берді. Бірақ оған жүргізушілік штат қарастырылмаған. Өзі тілші, өзі жүргізуші. Іс-сапарға бірге шығамыз. Қалекең рульде болғандықтан қасында отырған мені бастығы деп ойлап, шаруашылық, аудан басшылары мені қолпаштап қарсы алып жататын.

Мен ондайда Қалекеңе «шопыр бала» деп қалжыңдап тиісетінмін. Қалекең «әй, Ереке, сені жаяу жүрмесін деп жақсылық жасағаным осы болды ма?» деп кейде күйгелектеніп қалатын. Осындай-осындай қызықты күндермен бірге журналистік өмір жалғасын тауып, жылдар жетегіне жалғасып кетті. Біз қызметімізге адалдықпен еңбек еттік. Ол кездерде газеттердің де, журналистің де беделі биік болатын. Газетке шыққан сын мақала жауапсыз, шара көрусіз қалмайтын.

– «Лениншіл жастан» шыңдалып шыққан Бекқұлов одан кейін де бірталай басылымдардың басын қайырды емес пе?

– «Лениншіл жас» мен үшін журналистиканың мінсіз мектебі болды. Ол газетте 8 жыл қызмет істеп, 38 жасқа келгенімде (жастар газетінде «қарияға» айналғанда) «Алматы ақшамы» газеті шақырып, Алматыға кеттім. Газет редакторы Исламғали Бейсебаев еді. Маған қала шаруашылығы және совет құрылысы деген бөлімді басқаруға берді.

Қазір «Хабар» арнасындағы «Бармысың бауырым» хабарының бас редакторы болып істейтін, Ақпанбет Әлішев, «Айқын» газетінде редактордың бірінші орынбасары болған Берік Бейсенұлы, қазір Парламентте баспасөз қызметінде отырған Серік Қаражанов деген мықты журналистер істеді қарамағымда.

«Алматы ақшамына» барғанда «Алматы қай елдің астанасы» деген мақала жазып, ол оқырмандар арасында үлкен резонанс туғызып, екі жыл бойы соның тоқтауы болмады.Ол кезде «Алматы ақшамы» 6 облысқа тарайтын. Сол мақала жан-жақты талқыға түсіп, соңында ол ұлттық мәселеге дейін ушығып бара жатқан соң Алматының әкімі Заманбек Нұрқаділов бас редакторды шақырып алып, талқылауды тоқтауды ұсынған. Мен бұл газетте бір жыл ғана істедім.

Себебі бізге, яғни әр облыстан шақырған 9 журналиске қаланың әкімі пәтер береміз деп уәде берген еді. Ол болмады. Сондықтан мен жаңадан ашылған «Халық кеңесі» газетінің Шымкент облысындағы тілшісі болып Шымкентке қайтып оралдым. Сөйтіп бұл басылымда 5 жыл істедім. Себебі газет осы уақыттан соң тарады. Оның тарауының басы-қасында өзімнің де болғанымды білмей қалдым.

Соған байланысты бір қызық оқиғаны айтайын. Ол кезде белгілі журналист Шәкизада Құттаяқов Президент аппаратында жұмыс істейді. Шымкентке келген екен. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Иса (Омар)Тасқұловтың кабинетінен маған телефон соқты. «Кешке Ордабасы ауданына барып қайтуға қалайсың? Сен советтердің газеті «Халық кеңесінің» тілшісісің ғой. Бірге жүр. Газетке жазылу науқаны жүріп жатыр, әрі шаруаңды тындырасың» деді.

Сонымен үшеуміз Ордабасыға келдік. Әкімдік жүйе жаңадан енген кез. Аудан әкімі Еркін Сатқанбаевтың кабинетіне кіретін уақытта «Ал, Ереке, сен аудандық атқару кеңесіне кіріп, өзіңнің шаруаңды тындыра бер, бізде әкімге кіретін мәселе бар еді» деп әкімнің кабинетіне кіріп кетті. Мен кеңестегі тиісті адаммен сөйлесіп , әкімнің қабылдау бөлмесінде қайтып келіп, біршама күтіп отырып қалдым.

Бір кезде әкімнің кабинетінен әлгі екі жігітпен бірге Ордабасы аудандық газетінің редакторы Нармахан Бегалиев те шықты. Нар-ағаның үйінен шәй ішіп, одан соң қалаға қайттық. Таңертең үйде шәй ішіп отырсам, радиодан «кеше Ордабасы ауданында Бөржар совхозында халық депутатары кеңесі тарады»деген хабар беріп жатыр.Мен аң-таңмын. «Қалай, кеше біз сол жерде болдық қой» деймін.

Сөйтсем олар кеңестерді тарату жөнінде арнайы тапсырмамен келген екен. Ал мен сол кеңестердің газетінде істесем де соны білмей қалдым. Оны жігіттердің айтпағаны, мұндай мәселені алдын ала жария етпейтін еді.

– Ереке, журналист мінезді болу керек деп жатады. Сіз өзіңізді қандай адаммын деп ойлайсыз?

– Мінезді болу керек дегенді шайпау, шәлкем-шалыс мінезбен шатастырмау керек. Бұл жердегі мінез меніңше, журналистің ойы ұшқыр, қаламы үшкір, қаламы шындықтың қаруы, жаны жақсылықтың дәруі болуы керек деген ұғымға сайса дұрыс. Ал адамдармен араласқанда журналист бетегеден биік, жусаннан аласа әдебінен айнымағаны абырой.

Мен өзімді «скромный» адамдардың қатарына жатқызамын. Өмірімде қызмет бабымды пайдаланып ештеңеге ұрынған да, «мен журналистпін» деп ешкімнің алдында кеудемді соғып, жұлынған да жан емеспін. Мансабымды алға тартып, ешкімнен ештеңе сұраған да емеспін. Тіпті 40 жыл журналист, оның ішінде 20 жыл республикалық газеттердің тілшісі бола жүріп өкіметтен ешқандай үй алмаппын.

Өзім қатарлы меншікті тілшілердің бірқатары бір емес, бірнеше баспана алудың жолын тапты. Рас, маған да бірнеше мүмкіндіктер болған. Өзім меншікті тілші болып қызмет істеген газеттердің редакторларының хатына байланысты Рысбек Мырзашев, Бердібек Сапарбаев, Халық Абдуллаев секілді облыс басшыларының «үй берілсін» деген шешімдері шыққан. Әйткенмен түрлі жағдайларға байланысты ол шешімдер орындалмай қалды. Үй бермеді деп ешкімге өкпелеген де, шағымданған да емеспін. Өз қаржыма алған үйім бар, шүкір.

Оған қоса жұмыс таңдаған да, біреуге кіріп қызмет сұраған да жан емеспін. Бұйырған жұмысты кәсіби міндетім ретінде атқардым. Біреулер «Ой, Ереке, небір республикалық газеттерде қызмет істеп, кішкентай бір басылымдарда тілші болып жүргеніңіз қалай?» дейтін. Бірақ мен оны ар санамаймын. Керісінше тәуелсіз газеттерден де көп нәрсе үйрендім.

Мәселен, курстасым Шойбек Орынбайдың тәуелсіз басылымдарының бірі «Жазмыш» газетінде істеп жүргенімде кәдімгідей әдебиетші болып алдым. «Ақиқат» газетінде 9 ай редактор болып, еркін журналист ретінде түрлі мәселелерге еркін қалам тартуға машықтандым. «Замананың да дәмін таттым.

– «Шымкент келбеті» газетіне де редактор болдыңыз емес пе?

– Ол да бір қызық тарих. Анар Аспан «Оңтүстік Қазақстанға» редактор болып барған соң сол газетке бөлім меңгерушілікке шақырды. Осында қызмет істеп жүргенімде қала әкімінің орынбасары Тұрғанбай Сәрсенбаев «Шымкент келбетіне» редактор болуды ұсынды. Ал директоры – Дәрменбай Шәріп. Сонымен жаңа қызметке келдім.

Бірақ, бір басылымда екі басшының көзқарасы үйлесе бермейтінін білдім де мен өз еркіммен редакторлықтан бас тартып, «Оңтүстікке» қайта оралдым. Сөйтіп сіздердің газетте 2 ай редактор болғаным бар.
Журналистік жолда екі еңбек кітапшасын толтырыппын. 10 шақты басылымда жұмыс істедім-ау. Себебі республикалық газеттермен қатар тәуелсіз газеттерде де қосымша қызмет атқардым.

– Осы Сізге журналистік қызметте милициялар ақша әкеп беріп тұрған дей ме?..

– Ия, екі жыл милициялар ақша әкеп беріп тұрды... Үкіметтің өзі жұмсап...

– Қызық екен?

– Ол басында өзіме де қызық болып, тіпті шошып кеткем. Мен Үкіметтің «Үкімет жаршысы» және «Правительственный вестник» деген газетінде де істедім. Сол газеттің редакторы Жолтай Әлмешов «айлықтарыңды кепілхатпен жіберіп тұрамын» деді.Оған қоса газетке шыққан газеттердің номерін де салып жіберем» деді.

Содан бір күні сырттан үйге келе жатсам милицияның «Уазик «машинасы қасыма тоқтап, ішінен екі милиция шықты да «Сіз Бекқұловсыз ба?» деді. «Иә» десем, «машинаға мініңіз» дейді. «Неге?» деймін таңданып. «Мініңіз, үйіңізге апарамыз» дейді. «Оу, жігіттер менде нелерің бар, үйім міне, тиіп тұр, өзім-ақ барам» деймін түкке түсінбей.

«Жоқ, машинаға отырыңыз» дейді қоймай. Сонымен не керек олар менен қалмай үйге бірге келді. Есік алдында әңгіме соғып отырған орыс көрші кемпірлер подьездге екі милициямен кіріп бара жатқан маған қарап, бір бәле болды деп ойлады ма кім білсін, үрпиісе қалды. Үйге кірген соң бір қағазды шығарып, «мынаған қол қойыңыз» деді.

Қол қойдым. Сосын олар «мынау сізге» деп бір пакетті қолыма ұстатты. «Бұл не сонда» деп әлгі пакетті ашсам, «Үкімет жаршысы» газетінің бірнеше номері мен конвертке оралған айлығым екен.

– Оны неге милиция әкеліп тұр?

Оның қызығы мынау. «Пелдегерная связь» деген болады екен. Ол яғни «Үкімет поштасы» деген сөз. Ол арнайы самолетпен милицияның «сопроваждениесімен» келіп, нақты көрсетілген адамға, діттеген жеріне дейін әкеліп тапсырып, қолын қойдырып алады екен. Сөйтіп екі жыл бойы үйіме айлығымды арнайы милициямен әкеліп тұрды.

– Бірқатар марапаттарыңыз бар екенін білеміз. Әйтсе де, сіз үшін ең қымбаты қайсысы?

– Әскерде жүргенде бір күні маған бірден жеті хат келді. Оның біреуі тым жуан екен. Оны командир ашты. Қалың боп тұрғаны – ішінде газет бар екен. Әскери өмірдің алғашқы әсерлері туралы өзіміздің ауданның газетіне мақала жіберген едім. Сол мақалам шыққан газетті үйдегілер салып жіберген ғой. Командирім Борисов деген орыс.

Ол айтты «бізде қалыптасқан заң бар: әр хатқа 20 рет «отжимание» жасап, сосын ғана хаттарыңды аласың. Ал мына газетің үшін екі есе жасайсың» деді. Сол айтқан 180 отжиманиесін жасап, хаттарымды зорға алғанмын. Ал газетте жазылған мақаламды орысша аударып, түсіндірген соң «Письмо на Родину» деген хатпен ата-анама алғыс жолдап, хат жіберген еді. Ата-анамды қуантқан сол Алғыс хат мен үшін өте қымбат.

Одан соң... журналистік еңбегімді не үшін бағалағанын айқындап тапсырған бір медалім бар. Ол— облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» деген медалі. Өзің айтқандай өзге наградаларым Құдайға шүкір, бар. Бірақ бұл медальдің берілу тарихы қызық. Мұны газеттегі ұтқыр қойылған тақырыптарым үшін алғам. Оны сол кездегі облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли айтты.

Ол жаңағы медальға ұсынылғандардың тізімін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алып барса, «Мынаның бәрі кілең редакторлар ғой. «Оңтүстік Қазақстандағы» мақалалардың тақырыптары керемет. Редактордың әр тақырыпқа шұқшиып отыруға уақыты болады дейсің бе? Тақырыптарды кім қояды?» десе, Берік: «Орынбасары бар, Ертай Бекқұлов деген, зейнеткерлікке жақындап қалған тәжірибелі журналист» депті. «Е, онда неге соған бермейміз?» деп әкім тізімге мені тосыннан кіргізіп жіберіпті. Сол үшін де оның жөні ерек.

– Ереке, бұл наградаларыңыздан да бөлек «Қайынжұртына еңбегі сіңген қайраткер» деген ешкімде жоқ атағы бар дейді ғой сізді?

– Ту-у, қай-қайдағыны еске түсіріп... (Ол күлді) Әйтсе де, қайынжұртқа да, қаламымның арқасында еңбегім сіңгені өтірік емес. Ең бастысы Қостанайда істеп жүргенімде қайынатама Ленин орденін алып бергем.

– Не дейді? Мынауыңыз сыбайластық емес пе?

– Жоқ, сыбайластық емес. Таза заңдылық. 1948 жылы Жоғарғы кеңестің Жарлығымен Ленин орденімен наградталғандардың тізімі шыққан. Озат шопан болған атамыздың аты-жөні наградталғандар тізімінде Абдильдин Смағұл деп бірінші тұрғанымен сол марапат ол кісіге келмеген. Кейін сұрастырып білсек, кезінде Мәскеуден келген орденді иесіне тапсыруды аудандағы уәкілдердің біріне жүктеген.

Ол әне тапсырам, міне тапсырам, деп жүріп, ақыр соңында жоқ болған.

Содан 80-ші жылдары бір жолы қайынжұртқа қыдырып барғанымызда атамыз әңгіме үстінде сол баяғы орденін алмағанын айтып қалды. Қойшы болған қарт кісі емес пе? Оны сол күйі соңына түсіп іздемеген. Соны іздестіріп, Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханадан «Социалистік Қазақстан» газетінің тігіндісінен 48-ші жылғы Жарлықты тауып, соның негізінде Ленин ордені қайта тапсырылды.

Оны кезінде «Лениншіл жас» газетіне «36 жылдан соң иесін тапқан орден» деп бір беттік мақала жазғанмын.

Менің аты-жөнім Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының энциклопедиясына кіріпті. Қайынжұртқа сіңірген еңбегім үшін болса керек. (Ерекең әзілге саятын күлкісіне басты) Оған себеп бір жағдай – Қазыбек бидің шапаны табылып, ол туралы алғаш «Лениншіл жасқа», басқа да бірнеше басылымға мақала жариялап, Мырзатай Жолдасбеков ол шапанды республикалық мұражайға алдырып қойғызған.

Тегінде журналистке тақырып шектеу немесе менің облысым емес деп аймақ шекаралау жүрмейді. Сондықтан өзім Оңтүстіктің тілшісі болғаныммен қайынжұртқа қыдырып барып жүргенде сол жердегі тарихи орындар туралы көп жаздым. Содан ғой жолдастардың «Қайынжұртқа еңбегі сіңген қайраткер» деп қалжыңдайтыны.

– Бір үйде екі журналиссіздер...

– Ия, өзің білесің, жұбайым Алмамен бір курста, бір топта оқыдық. Қостанай облыстық газетінде бірге істедік. Орыстың құрқылтайдың ұясындай жаман времянкасында тұрып, түнде отырып жарысып мақала жазатынбыз. Шымкентке келген соң «Сарыағаш» газетінде, «Жібек жолы» журналында істеді. Одан соң мамандығына сай жұмыстың ыңғайы болмады да мемлекеттік қызметке кіріп кетті.

Шымкент қалалық әкімділігінде қызмет істегеніне ширек ғасыр болыпты. Ол саланың да білгірі болып алды. Оған өкінбейді.
Қатып қалған қағида жоқ. Өмір ғой...

– Ия, дұрыс айтасыз. Өмір әркімді өз арнасымен ағызады. Сол арнаның ағысы жайлы болсын, Ереке!

Әңгімелескен
Асхан Майлыбаева

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.