Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда бірқатар мәселелер қаралды.
Шымкент қаласы мәслихат депутаты Н.Бұхарбаев жетекшілік еткен жиынның күн тәртібінде кәсіпкерлік және туризмді дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының атқарған жұмысы және тағы басқа мәселелер талқыға түсті.
Аталған мәселелер жөнінде Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұркен Бегулиев, қалалық туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев баяндама жасап, бірқатар мәселеден хабардар етті.
Нұркен Рахымұлының айтуынша, бүгінде индустриалдық аймақтарды жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ал кәсіпкерлікті дамытуда жер, сәулет мекемелері тарапынан бірқатар кедергілергілер жойылуы тиіс.
Бұған қоса қалада этнотуризм бағыттарын жүйелеп, жұмыс атқару керек. Кеңес мүшелері Шымкенттің 2020 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы атануына орай бірқатар жобалар дайындау керегін айтты.
Жиында, сондай-ақ, Қоғамдық кеңеске жаңа мүше қабылданды. Шымкент қаласының Кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың кандидатурасы көпшілік тарапынан бірауыздан қолдау тапты.