Версия для печати

Nur-Sultan – шыңдарға шақырған Эверест Избранное

Пятница, 05 Июль 2019 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2482 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Сабыр Жүнісов бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына барған кез 2007 жылдар болатын. Қазаққа құтты мекен болған елордаға былайғы ел не үшін барады?

1

Жұмыс іздеп, нәпақасын айыру үшін Сабыр ағалар да Шымкенттен Сарыарқа төсіне жол тартып еді. Нұр-Сұлтанға табаны тигеннен кейін «арман қаланың өсуі, көркеюіне қалай үлес қоссам екен?» деп жаны тынбай, жан-жақтан жұмыс қарастыра бастайды. Әуелгіде «Хайвил» құрылыс фирмасына жүргізуші болып жұмысқа тұрады.

Жүргізуші боп жүргенінде фирмадағы кәріс басшылардың көзіне түсіп, істеген жұмысы көңілінен шығып, олар Сабыр Дәуренұлына көп қолғабыс етеді. Осы жерде кейіпкеріміздің кәріс тілін меңгергені көп әсер етсе керек. Бір жылдай жүргізуші бола жүріп, алып құрылыс компаниясының қазанында қайнаған кейіпкеріміз кейіннен өз алдына «Хайвилдің» қарамағынан «Бағдат шаһары» атты ЖШС ашып, әлі күнге сол мекеменің басшылық тізгінінде.

Кәріс достары оған көп көмегін тигізіп, демеушілік жасайды.

Астана – адастырмас темірқазық

Сабыр Жүнісов өміріндегі елеулі бетбұрысты тағдырдың тосын сыйына балайды. «Еліме қандай еңбек сіңірсем екен?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген ел ағасы осылайша іскерлігінің арқасында қарапайым жүргізушіліктен «Хайвилдің» «Ақылды үйлерін» салатын білдей құрылыс компаниясының басшысы боп шыға келді.

Он екі жылдан бері ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Нұр-Сұлтан – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала Сабыр ағалардың көз алдында көркейіп келеді. «Сіз барған кезде, яғни 12 жыл бұрынғы Астананың келбеті қандай еді, қазіргі Нұр-Сұлтан қандай?» дедік кейіпкерімізге ә дегеннен.

– Осыдан 12 жыл бұрын жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын-үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттары, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері мен сәулет ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан көп гүлді, мол жапырақты өсімдік тәрізді, Сарыарқа төсіндегі жеке дара жап-жасыл жазирадай еді.

Қазір, тіпті, қаланың жасыл желегі көз қуантып, гүлзарлар көздің жауын алып, субұрқақтар жанға сая болуда. Көз алдымызға суретшінің күн сайын тынымсыз салған, кешке қарай жаңа бейнелер, түстер, бояулар қосып, әрлей түскен суреті елестейді. Иә, бас қаламыз Нұр-Сұлтанның сәулет ажарында ұдайы жаңа өрнектер пайда болуда, әрдайым өзгеше бір тың бояулармен көркемделуде.

Міне, жапырағын жайып, жас қаланың жас ағашы Бәйтерек тұр. Ол жан-жағына нұрын төккен алып шарды – өмір мен бейбітшілік символын күллі әлемге паш етіп тұр. Ал Президент Ақордасының төбесінде ұлттық жалауымыз желбіреген, киіз үй сипатты зор күмбез баршамызды бейбітшілікке, ауызбіршілікке шақырып, қызбалықтан, өшпенділік сезімдерінен сақтандырып тұр.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, «Ел анасы» монументі, «Астана-Арена» спорт кешені, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің зәулім ғимараты, «Хан Шатыр» және тағы басқа ойын-сауық, сауда орталықтары, Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Конгресс Холл», Орталық концерт залдары, Оқушылар сарайы, ұлы тұлғалар Абай мен Пушкиннің, Сәкен Сейфуллиннің, ұлы үш биіміздің, батырларымыз Кенесарының, Бөгенбай батырдың, Әлия Молдағұлованың және басқа да қайраткерлердің мүсіндері – барлығы Астананың сәнін келтірген інжу-маржан, көне Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақтар іспетті, - дейді Сабыр Жүнісов.

«Хайвилде» қолтаңбасы бар

3

Сабыр Дәуренұлының тікелей басшылығымен, атсалысуымен бой көтерген «Хайвилдің» ғимараттары өз алдына бөлек әңгіме. «Хайвил» жаңа инновация мен жайлылықты үйлестірген бірегей тұрғын үй кешені «Ақылды үй» принципімен жұмыс істейді. А, В, С, Д, Ғ, Е блоктарындағы және «Хайвил парк» пен «Хайвил Ишим» тұрғынүй кешендерінің құрылысы осы кісілердің және олардың командасының «алтын» қолымен тұрғызылған.

«Бағдат шаһары» компаниясы аталған тұрғын үй кешендерінің ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысқан. Нұр-Сұлтандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің және көптеген білім ошақтары мен балабақшалардың құрылыстарын да соғып, пайдалануға берген.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, іргетасы қаланғанына елу жыл емес, аз уақыт өтсе де елордамыз ежелгі Есіл бойында қанатын кеңге жайып, сәулетті де сәнді Ордаға айналды. Еуразия жүрегіндегі еңселі қала әлем назарында. Бұл Сабыр Жүнісов сияқты құрылысшылардың дарындылығы мен тәжірибелілігі, қаланы көркейту жолындағы ерен еңбегінің арқасы деп білеміз.

Сабыр Дәуренұлы 2007 жылдан бері түбегейлі нұр-сұлтандық болып кетті. Кенже қызы Ариана елордада туылып, алдағы оқу жылында бірінші сыныптың табалдырығын аттағалы жатыр. Ал қос қанатындай болған ұлдарының үлкені – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 3 курс студенті, екіншісі 9 сыныпты тәмамдаған. Айтайын дегеніміз, Нұр-Сұлтан Сабыр ағаларды қалай жан жақты өсірсе, Сабыр ағалар да жай ғана кішкентай қаладан алып арман қалаға айналған бұл шаһарды түлетуге барын салды.

Арман қаламен арманы асқақтаған құрылысшы жуырда туған жері Шымкенттің де құрылысын қыз-қыз қайнатпақ. Бұдан былай үшінші мегаполистегі «Хайвилдің» үйлерін көретін болсаңыз, бірден Сабыр Жүнісовтің қолтаңбасы бар екенін есіңізге алғайсыз. «Шымкент сити» қалашығының маңынан 50 гектар жерге еңселі, күмбезі көкпен таласқан биік тұрғын үй кешендерін салуға кірісуде. Енді оның кеңсесі Шымқалада да ашылмақ.

Кейіпкеріміз негізгі жұмысынан бөлек қайырымдылық шараларымен де көп шұғылданады. Дәл қазіргі кезеңде Арыстағы қирап қалған үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.
Нұр-Сұлтан қаласы міне, мерейлі 21-шы туған күнін қарсы алуда. Бір қызығы, Сабыр Дәуренұлының да туған күні – 6 шілде, биыл өмірінің 45-ші жайдары жазын тойламақ. Бәлкім, сәйкестік болар.

«Нұр-Сұлтанның болашағы айқын: көз алдыма сағат сайын асқақтап, әлемнің ең озық ғимараттарынан асып түскен сәулеті сұлу, экологиялық сипаты мұнтаздай қаланы елестетемін, ел астанасымен бірге кемел келешекті сезінемін! Нұр-Сұлтан мені армандарға жетелеген, шыңдарға талпындырған Эверест!...» - деді Сабыр Дәуренұлы. Алып-қосарымыз жоқ!..

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.