Ару қала, Асқақ орда

Пятница, 05 Июль 2019 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4093 раз

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Нұр-Сұлтанға аппақ арман.

Astana-1

Ия, қазақ ұлтының ұлы тұғыры, еліміздің мақтанышы, Алаш жұртының абыройы, тәуелсіз Қазақстанның ару астанасы Нұр-Сұлтан қаласына биыл – 21 жыл. Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ қарқынды өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан қазіргі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты.

Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты.

1994 жылы ҚР Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев ел астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы 20 қазанда бас қаланы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойылып, 1998 жылы 6 мамыр күні Ақмола қаласының атауы – Астана, одан 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. 2006 жылдан бастап 6 шілде елорда күні ретінде ресми түрде аталып өтілуде.

Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанның ең алғашқы астанасы 1920 жылы Орынбор қаласы болды. Сол кезде автономиялы Қазақстан астанасының уақытша Орынборда болатыны баршаға мәлім еді. 1925 жылы астананы Орынбор қаласынан көшіру туралы шешім қабылданды.

Жаңа астана ретінде «үміткер» қалалар қатарында Семей, Ақтөбе, Орал, Алматы, Ақмешіт, Шымкент те бар еді. Тіпті бір кездері қазақ билеушілерінің басқаруында болған және пайыздық жағынан қазақ тұрғындары басым орналасқан Ташкент қаласы да астанаға лайық деп қарастырылды. Ең қызығы, сол кезде үміткер-қалалардың арасында Ақмола да болған еді.

Дегенмен,Қазақстанның астанасы Ақмешіт болып белгіленді. Жаңа астана Қазақ хандығының бұрынғы елордалары болған Сығанақ пен Түркістаннан тым алшақта емес еді.

1925 жылдың сәуірінде осында өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қырғыз АКСР атауы Қазақ АКСР болып өзгертілді. Алайда ыңғайлы көлік-қатынас жолдары болмағандықтан, жаңа астана ел ордасы мәртебесіне соншалықты лайық бола қоймады. Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп өзгерткеннен де ештеңе өзгермеді. 1929 жылы астана тағы да өзгеріп, бұл жолы таңдау Алматы қаласына түсті. 1936 жылы Қазақ АССР-ы РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ ССР-ы болып қайта құрылды.

Ел ішінде «істі қалай аяқтағанында емеc, бастағанында» деген мәні кең ұғым бар емес пе? Осы сөздің аясында еліміз XXI ғасырдың бетін жаңа астанамен ашты десек қателеспейміз. Алланың еркімен табиғат сыйлаған сұлулық, бұл сұлулық аз жылда адам қолымен жасалған ұлылыққа ұласты. Осылайша тәуелсіздіктің төл қаласы Нұр-Сұлтан Сарыарқа кіндігінде бой көтеріп, көркімен таңқалдыруда.

Онымен қоса, 2018 жылы Алаш жұрты үшін, оңтүстік өңірінің тұрғындары үшін тағы бір тарихи сәт болды. Шымкент қаласы мегаполис болып, өз алдына Қазақстандағы республикалық маңызы бар үшінші қала атанды. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертіліп, Түркістан қаласы оның орталығына айналды.

Иә, айтары жоқ, ұлы қадам жасалды. Облыс атауының Түркістан деп өзгеруі өңірдің жаңаша түрленуіне, дамып-өркендеуіне оң ықпал етеді. Өйткені, бұл атау бағзы заманнан түркі жұртына етене таныс. Қарап тұрсақ, бұл өзгерістер тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білуге, төл мәдениетімізді тануға, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің қайнар бұлағын қайта аршуға жол ашқандай.

Ұлы даланың кіндігінде орын тепкен Нұр-Сұлтан қаласы мен Оңтүстік өңірінің киелі Түркістанға көшуі көне өркениет пен ірі саяси оқиғалардың, дәуірлік өзгерістердің тарихы деуге дәлел жеткілікті.

Қуана білмеген елге құт қонбайды дейді екен бұрынғылар. Ал ел болып қуанатын шаруа аз ба? Қыраны күнді құшқан Көк Туымыз құдірет емей немене!? Болмаса күлдіреуішінен ерлік пен елдіктің исі аңқып тұрған Елтаңбамыз қасиет емей немене!? Яки қасқайып шырқайтын Әнұранымыз өсиет емей немене!? Бұған асыл қазынамыз – Теңгемізді қосыңыз! Ұлт мерейін асыратын мерейтойлардан да кенде емеспіз.

Республикалық маңызы бар мерекелер қатарындағы елордакүні, сонымен қатар, 19 маусым – Шымкент қаласы күні де аталып өтуде. Біз бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жетістіктерін еліміздің Тұңғыш
Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыра аламыз, өйткені еліміздің дамуына, көркейіп-өсуіне, тарихымыздың жаңғыруына, нақты шешім қабылдап қана қоймай, оның іске асуына үлес қосқаның айта аламыз.

Әрине, онымыз орынды. Сөйлей кетсе шешендігіне, көптің алдына шықса, жұрттың назарын аударып ала қоятын көсемдігіне қатты таңырқаймыз. Еліміз үшін осынау орынды сәттерде байсалдылық пен ұстамдылық сақтауға атсалысқан Елбасымызға айтар алғысымыз мол.

М.Курбанбаева,
Түркістан облысы
мемлекеттік архивінің
қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.