Версия для печати

Нұр-Сұлтан – жастығымның жалауы

Пятница, 05 Июль 2019 05:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2519 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Нұр-Сұлтан – жастардың қаласы. Елорда тұрғындарының арасында еліміздің барлық аймақтарынан келген қыз-жігіттер жетерлік. Олардың бірі білімге талпынып, бірі жұмыс іздеп, арман қуып барған. Ал сол жастардың бір-бірімен танысып, жүректері табысып, шаңырақ құрып жатқаны көңіл қуантады.

IMG-20190702-WA0006

– Еліміздің бас қаласының бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыру ләзім. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән, - дейді Нұр-Сұлтанға Шымкент қаласынан қоныс аударған жас дәрігер Ақылбек Қадырбекұлы. – Қолыма диплом алған күні-ақ жастардың қаласына аттану басты мақсатым болды.

Ол 2013 жылдың жазы еді. Нұр-Сұлтанда жұмыс табу қиынға соқпады. Тез-ақ ортаға үйреніп, ұжымға сіңісіп кеттім. Бәрі болмаса да біразы өзім сияқты еліміздің әр аймағынан жиналған қаракөздер еді.
Жұмыс істеп жүрген кезде әскерден шақырту келіп, 2015 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Одан кейін ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығында қызмет етіп жүріп, өмірлік серігімді кездестірдім.

Наргизамен өткен жылы отау құрып, отбасылы болдық. Қуанышымыз еселеніп, тұңғышымыз дүниеге келді. Нұр-Сұлтан қаласы – менің барлық қуанышымның куәсі.
Мегаполистің қоғамдық-саяси, мәдени өмірі қыз-қыз қайнап жатыр. Елорда болған соң мемлекеттік ауқымдағы іс-шаралар таусылмайды. Қайда барам деп ойланып жатпайсың.

«Астана Опера», Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Жастар театры, қалалық қуыршақ театры, түрлі концерттер, киноапталықтар үзілмейді. Спорттық сайыстар да солай.

Ал қаланың қатаң табиғаты да жұмсарып, ауа райы жылдан-жылға жылынып келеді. Сақырлаған аязы мен өкпек желі қазір бұрынғыдай әсер етпейді, мүмкін, біз үйреніскен шығармыз.
Еліміздің астанасында өмір сүру өзіме, отбасыма ұнайды, болашағы бар қала, жастардың талабын ұштайды, олардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бізге сонысымен ыстық, сонысымен қымбат.

Жаса, жастардың қаласы, армандарымның бастауы – Нұр-Сұлтан!