Версия для печати

Тағдырымның тұмары

Пятница, 05 Июль 2019 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2589 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жанар ДОСАНОВА, білім саласының қызметкері:

жанар

– 2006 жылы баспанамыз болмаса да жарым екеуміз қос бүлдіршінімізді жетектеп, Нұр-Сұлтанға тәуекел деп аттандық. Содан бері 13 жылға жуық уақыт өтті.
«Астана маған не берді, мен оған не бердім» дейтін болсақ, мен қаланың демографиялық өсімін арттырып, көпбалалы ана атансам, екіншіден, ана тіліміздің өрісін кеңейтуге біршама үлес қосқанымызды мақтанышпен айта аламын.

Өйткені, көшіп келген жылдары астаналықтар негізінен орыс тілінде сөйлейтін, біз де алғашында қазақ тілінде жауап беруге қымсынып жүрдік. Бірақ қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірлерден қоныс аударып жатқан жас отбасылар саны көбейіп, қазақ тілді орта қалыптаса бастады. Шындығында сол жылдары елордада қазақ тілді мамандар тапшы болды.

Мамандығым сәйкес келмесе де «Алтын және бағалы металдар» мұражайына экскурсовод болып жұмысқа орналастым. Сол кездерде еліміздің түпкір-түкпірінен жаңа астананы көруге ағылған туристер аз болған жоқ. Ел ішінде Пирамида аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайында қазақ тілінде қосымша экскурсовод болып жұмыс істедім.

Қазір бес баланың анасымын. Мемлекеттік бағдарлама аясында үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Балаларымның жан-жақты білім алуына мүмкіндік бар. Бір қызығы, мен Елордада жүріп көптеген салада шыңдалдым. Қазір білім саласында өз мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырудамын.

Астанамен бірге жасадық, әрбір тарихына куә болдық. 20 жыл ішінде ел астанасы алып шаһарға айналды. Елорда біз секілді жас отбасыларды еңбекқорлыққа үйретті.
Қазір еліміздің астанасындағы үлкен мүмкіндіктер Шымкент қаласында да жүзеге асып жатыр. Жаңа шағынаудандар ашылып, еңселі ғимараттар, білім мен медициана бәрі, бәрі даму үстінде. Бұл – асқан қуаныш!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.