Баламды «balapan» тәрбиелеуде Избранное

Среда, 10 Июль 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 345 раз

Сіздің де балаңыз күндіз теледидардың алдынан шықпай ма? Біздің ұл, әсіресе, «balapan» телеарнасынан таңсәріден ел ұйқыға шомғанға дейін көзін алмайды. Басқа арнаға ауыстырмақ болсаңыз, бітті, бәтима! Шырылдайды-ай кеп. Амал жоқ, дегеніне көнесің. Соңғы кездері өзіміз де бала-шағамызбен бірге «balapanның» тұрақты көрермені әрі айнымас досына айналдық.

Таң атысымен «Кел, шырқайық!» ойын-сауықтық бағдарламасымен ұйқымызды ашамыз. Одан соң бірінен кейін бірі жалғасып кете беретін қызықты да тәрбиелік мәні зор бағдарлама, мультфильмдерден баланың назарын аудару мүмкін емес.

Әмиян

Айталық, жуырда ғана жарыққа шыққан «Дала ойындары», «Айдар» және «Ертемір» атты 3D форматтағы анимациялық жобалар арқылы әр қазақ баласы супер қаһарман болғысы келіп жүр. Үш мультфильмнің де эфирлік қаралымы жоғары. Спонч Боб, Халк, Бэтмэн және т.б. небір қорқынышты мутанттар, роботтардың орнын дәл осы Айдар мен Ертемір атты қазақи кейіпкерлердің басқаны қандай ғанибет.

Discovery ұсынған «Мұхит құпиялары» да енді «balapan» арнасында! Жоба тек танымдық жағынан ғана емес, шытырманға және қызық оқиғаларға толы болуымен ерекшеленеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нағыз жарқын үлгісі осы арнада жүзеге асырылуда. Мысалы, «Қоңыр қаз» анимациялық фильмдер топтамасы арқылы мен баламның Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Ықылас секілді дәулескер күйшілеріміздің классикалық туындыларын тыңдағанына қуанып һәм марқайып отырамын.

«balapan» телеарнасы анимация арқылы күйге жан бітіріп, өскелең ұрпаққа асыл қазынамызды қабылдап, түсіну мәдениетін сіңіруде, сондай-ақ, табиғатқа сүйіспеншілігін арттыруда.
«Дара тұлға» жобасы да атап айтуға тұрарлық. Қазақ тарихындағы танымал тұлғалардың өмірлері мен еңбектері, жетістіктері мен бастан кешкен қиындықтары балалардың санасында қайта жаңғыруда.

Балалар өз тарихы мен мәдениетін танып, оны әрі қарай дамытуға талпынады деп ойлаймыз. Әр бөлімінде қазақтың бір ұлы тұлғасы жайында ерекше стильде, балаға түсінікті жолмен баяндалады.
Достар, «Әли мен Айя» анимациялық мультфильмін де көрмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Бұдан өзге де қызықты контент көп.

Арнадағы өзгерістер жайлы balapan телеарнасының басшысы Мақпал Жұмабайдың өзі былай дейді:
«balapan» телеарнасы былтыр алдына қойған басты мақсаттарының бірі – анимация сапасы мен санын арттыру жұмысын қал-қадірінше жүзеге асырды. Оның барлығы туралы әлеуметтік желілерде жазып отырдық, сұхбат беріп, презентация өткіздік. Біздің шығармашылық топ «ғарыштық жылдамдықпен» жұмыс істеді. Үлкен мақсаттар қойдық.

Жұмыстың ауқымдылығынан сынып кете жаздаған сәтіміз болса да әр аниматорды, режиссерді, сценаристі, продюсерді қанаттандырып, жаңа сапаға, биікке ұмтылдырдық. Бір жыл ішінде жүзеге асырылуы қай тұрғыдан да қиын әрі мүмкін емес жобаларды жұдырықтай жұмылып жасап шықтық. Бұл – біздің былайғы елге білінбейтін кішкентай ерліктеріміз.

«balapan» арнасы алда мазмұндық әрі сапалық тұрғыда жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Супер қаһармандарымыз «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» мультхикаялары арқылы әр баланың жүрегіне жол тартты. Бұл – әр жобаны зор жауапкершілікпен жүзеге асырған, әр кейіпкерді аялап, әлпештеген шығармашылық командамыз үшін де, қазақ баласы үшін де тарихи сәт деп ойлаймыз. 32 сериялы «Шахмат патшалығы» шахмат үйрету мультхикаясын түсірдік.

Sezim kalasy

20 сериялы «Дара тұлға» сериалын жүзеге асырдық. «Бабалар сөзі» анимациялық роликтерін ұсындық. «Кел, шырқайық!» деген атпен өнегелі әндер циклін түсірдік. «Орман күзеті» деген эксперименталды сериалымызды жүзеге асырдық. Балалар бұл жобаларымызды асқан ырзашылықпен қабылдады. Рейтингтеріміз әлемдік студиялардың көрсеткішінен озды. Біз балалардың көкейіндегі дүниелерді дөп басу үшін барынша еңбектендік. Бұл сыннан сүрінбей өткен секілдіміз.

Бірақ, шығармашылық топ көркемдік, сапалық тұрғыдағы кемшіліктері үшін өз «сыбағаларын» алды. Бұл кемшіліктерді жолай жөндеу, реттеу мүмкін емес еді, оған назар салсақ, команданы күйретіп алу қаупі тұрды. Өйткені, сапа, көркемдік жасап көргенде ғана шыңдалады. Мұндай жобалармен бетпе-бет келмеген жастарды сол көпірден аман алып өту міндеті де «balapanда» болды. Және бұл міндетті біз де жан-жүрегімізбен сезіндік.

Студияларды, қоюшы режиссерлерді тізімдеп алып, өзім бірлесе жұмыс істеуге шақырған сол күннен бері анимациялық кеңістікте мүдделестік, идеяластық, қауымдастық қалыптасты деп ойлаймын. Біздің бүгінгі ортақ іске жұмылған жауапкершілігімізге қызыға қарауыңызға болады. Біз биыл жаңа сапа, жаңа көркемдік деңгей ұсынғымыз келеді. Соған кірісіп те кеттік. Жаңа қоюшы режиссерлер тәрбиелеу ісін әр студиядан талап етіп отырмын.

Аниматорлардың келесі буынын қанаттандыру – біздің тағы бір міндетіміз. Биыл біз тың шешімдер, стилистикалық ерекшеліктер, тақырыптық ізденістер тұрғысынан да бір адым алға жылжимыз. Фундаменталды дүниелерге кірісеміз. Бірақ, уақыт бізден бір адым емес, он адым жасауды талап етіп отыр. Біз тырысамыз! Және алдымызға қойған мақсатты орындаймыз деп сенемін. Биыл арнамыз анимациялық жобалар санын 10-нан 13-ке арттырды, - деп телеарна басшысы жұмыс барысы мен алдағы тың жоспарларымен де бөлісті.

Осы орайда balapan телеарнасы аудиториясын да зерттеп көрдік. Арна 1-12 жас аралығындағы балалар аудиториясына арналған. Бұған қарамастан «balapanды» балалардан бөлек олардың ата-аналары мен ата-әжелері де тамашалайды.
Негізі балаларға теледидарды 3 жастан бастап көрсетуге кеңес беріледі. ДДСҰ-ның талаптарына сәйкес балалардың телеқаралымы мынадай болуға тиіс: нәрестелер мен ерте жастағыларға (0-3 жас) – тыйым салынады, мектепке дейінгі жастағылар (3-7 жас) – күніне 30 минутқа дейін, ерте мектеп жасындағылар (7-10 жас) – күніне 30-50 минут, үлкен мектеп жасындағылар (11-18 жас) – күніне 1-3 сағат.

«Әмиян», «+Шексіздік», «Жұмбақ жер», «Сезім қаласы», «Алтын қазық» және т.б. бағдарламалар үлкен сыныптағы балаларға арналған. «Ақ құс», «Көке», «А4» сияқты сериалдар мен ситкомдар, «Балалық шақ», «Жұмбақ тас», «Дос» фильмдері де балалар арасында танымал.

Dala oiyndary

«balapanды» баласының тәрбиесі мен оқу ісіне бей-жай қарамайтын жас ата-аналар да көреді. Ақпараттық технологияларға балалардың қызығушылығы, экология мәселелері, т.б. сұрақтарға жауапты «Бала time», «Бала боп», «Баламен сұхбат», «Мүмкіндік» бағдарламаларынан алады.

Еліміздегі бірден-бір балалар телернасы «balapanның» болғаны қандай жақсы. Иә, ашылғанына тоғыз жол толған арнаның жеткен жетістіктері баршылық. Шымкенттегі «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дәуренбеков осыған қатысты бір ауыз пікір білдірді:

– «Сақ» киностудиясының төл өнімдері «Томпақ» пен «Қалқанқұлақ» сериалдары «balapanның» тапсырысымен түсірілген еді. Біз өте аз қаржымен сапалы дүние жасап шығардық. Бұл туындылардың эфирдегі және интернеттегі қаралымы сол кезде өте жоғары рейтинг жинаған болатын. Балалар сүйіп көретін қазақ тіліндегі бірден-бір сериал болды. Алайда сол күйі тоқтап тұр.

Осыған орай мен арнаның қазіргі басшылығына осы мультхикаялардың жалғасын түсіру туралы ұсыныс жасаған болатынмын. Дәл қазір балалар қызықтап қарап жатқан кезде жалғасын түсірсек, актерлердің құрамы да дайын. Әлі де мультфильмдердің көркемдік-сапалық деңгейін, танымдық бағдарламаларды көбейту керек деп ойлаймын. Мысалы, «Ерден атаның ертегілері» деген сияқты бағдарлама ашып, жаңа форматта балаларға қызықты етіп беруге болады.

Одан кейін өзіміздің мульткейіпкерлерізді оңтайлы пайдалана білсек деймін. Мәселен, Көлтауысарымыз бен Таусоғарымызды қазір шетелдіктер өз пайдасына асырып жатыр. Ал бізде балалар фильмінен ешқандай пайда таппайсыз. Біз одан пайда табатын Голливуд емеспіз. Балаларды ұлтжанды етіп тәрбиелесек, біздің олжамыз – осы, – деді Батырхан аға.

Тобықтай түйін. Иә, баламды «balapan» тәрбиелеп жатыр. Бұған қуанамын. Баламды қазақ тіліне баулып, тарихынан хабардар етіп, дәстүрін үйретіп жатқанына қуаныштымын.
Еліміздегі бірден-бір балалар телеарнасын аптасына 7 күн, 168 сағат тамашалағаннан кейін түйгенім – қазақтілді балалар контенті алға қарай адымдап, қадамын нық басып келеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.

Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» деген пікірімен ойымызды қорытындылағымыз келеді.

Фэйсбуктен пікір

Duisenali Alimakhyn
«Кешеден бастап қызым «Мен Ертемір болам» деп маза бермеді. Ертемірі несі десем, мына жақта үлкен рухани серпілістер болып жатыр екен ғой. Мақпал Жұмабай, сізге алғыс! БІЗ ӨЗ БАЛАМЫЗДЫ ҚУАНТА АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕ, СІЗ КҮЛЛІ ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАСЫН ҚУАНТТЫҢЫЗ. Бұдан бұрын Хайди болам деп жүрген қызым бір-ақ күнде Ертемір болып шыға келді. Айтпақшы, «Рухани жаңғыру» деген – осы».

Нұржан Саркеев
«Балаларым «Балапанның» тілімен сөйлейді. Өткен жолы «Қазір қапыда қаласың, сазайыңды тарттырам» деп ойынды соғып жатыр».

Ата-аналарға кеңес

Балаға мультфильм көрсету барысындағы ата-ананың ескеретін тұстар:

1.Мультфильмнің бала психикасына әсері зор болғандықтан, баланың мультфильм көріп отырғандағы көңіл-күйін бақылау керек. Егер бала жақсы, позитив эмоцияларға толы мультфильм көрсе, оны көріп болғаннан кейін бала көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Ал егер агрессиялы, қорқынышты көріністерге толы мультфильмді көрсе бала бойында да, сөзінде де, іс-қимылында да агрессия пайда болады.

2. Балалардың теледидар немесе компьютер алдына жалғыз қалуы дұрыс емес. Әсіресе, мультфильмді алғаш көрейін деп экран алдына жайғасқанда қасында үлкендердің бірінің болуы міндетті. Себебі, бала мультфильм көру барысында түсініксіз жайттарға кезіккенде ата-ананың түсіндіруі, сондай-ақ, олардың мультфильмге қатысты пікірін білу балаға да қызық болады.

3. Мультфильм аяқталған соң оны міндетті түрде талқылау керек. Мысалы, «Кейіпкердің орнында болсаң не істер едің?» деген сияқты сұрақтар қою арқылы баланың ойын білу керек.

4. Мультфильмді көруге ыңғайлы уақыт – күндіз. Көптеген педиатр мен психологтардың пікірінше, түскі және түнгі ұйқының алдында мультфильм көрсетуге болмайды. Сондай-ақ үлкендер алдын ала ұзақ мультфильмдерді бөліп көрсетуді ойластыру керек. Көру кезінде бала экраннан кем дегенде екі метр қашықтықта отыру қажет. Ал егер баланың көзі қызарып, жасаурай бастаса, теледидар көрсетуді дереу тоқтату қажет.

5. Мультфильмді балаға көрсетпес бұрын ата-ана оны міндетті түрде бірінші көріп шығуы қажет.

6.Үш жасқа дейінгі балаларға жануарлары, қысқаша өлеңдері бар, көп мағлұмат қамтылмаған мультфильмдерді көрсеткен жөн. Ал 3 жастан жоғары балаларға достық туралы, адамдармен арадағы тату қарым-қатынас туралы, қорқыныштарды жеңуге арналған мультфильмдерді көрсетуге болады.Себебі бұл жастағы балаларда абстрактілі ойлау әлі дамымағандықтан, түсініксіз көріністер баланы қорқытуы мүмкін.

7. Мектеп жасындағы оқушыларға саяхаттау, достық пен сатқындық, таңдау мен жауапкершілік туралы мультфильмдерді көрсеткен абзал.

8. Жасөспірімдерге өмір құндылықтары, қорқыныш пен өлім, жақсылықтың жамандықты жеңетіні туралы, адамгершілік пен сыйластық жайындағы мультфильмдерді ұсынған жөн.

Гүлнәр АЙТЖАНОВА, практик психолог

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.