Шәріпбектей ағам Избранное

Среда, 10 Июль 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2291 раз

«Мақтар ұлың болса – мақтан» дейді атам қазақ. Бірақ, әуелі кімді мақтаймыз және кіммен мақтанамыз деген мәселенің басын ашып алу керек. Осы мәселеге келгенде біздің бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері – Шәріпбек Жамалбекұлы соңғы тұжырымға жататын, яғни онымен мақтануға болатын кісі.

Ш.Жамалбек

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхан. Өз ұлтының жоғын жоқтаған қайсыбір талант та, елін қорғаған батыр да, сөз ұстаған шешен де мінезді болады. Шәріпбек ағамыздың бір жұмысты бастаса, аяғына дейін апармай тынбайтын қажырлылығы да осындай ерекше мінездің көрінісі. Расында, Шәріпбек ағамыз өзінің күллі жұрт білетін жағымды жұмыстарына осындай мінезімен қол жеткізген.

Иә, бүгінде жоталы жетпіс жасқа толып, қариялық дәуреннің дер шағына жетіп отырған Шәріпбек Жамалбекұлының осы күнге дейін не атқарғаны күллі облыс жұртына аян. Соған орай көп адам жабылып бітірер жұмысты бір өзі көтерген, жоқтан бар жасап, кейде пенденің ойына келмейтін игіліктер мен бастамаларды іске асыра алған Шәріпбек ағамыздың азаматтық келбетіне бір сәт тоқталайықшы алдымен...

Анығында, Шәкең өзінің тындырымды тірлігімен ғұмыр жолында өз орнын тапқан жан. Қазақ халқы «Ақ жүрген азбас, кісімен ісі боларын білген ұл алысқа қарайды» дейді. Шәкең жастайынан-ақ алысқа қарап өскен ұл болды. Алысқа қарап жүріп, әр істің көзін таба білуге машықтанды. Осының нәтижесінде ол біреулер ұзақ уақытта іске асыратын істерді көп ұзатпай һәм дер кезінде бітіре білуді үйренді.

Шәкең іскерлігімен бірге сөзге берік, ерге серік, еңкейгенге еңкейген, құрбы-құрдасқа көңілі жарқын, туысқа ашық мінезді адам болып қалыптасты. «Жақсы адамның жүрегінің кілті – жылы сөзінде, шырайлы жүзінде» деген сөз де бар тағы қазақта. Шәкеңнің барлық кездегі тындырымды ісі көз сүйсінткен, ал орнықты сөзі, қай кездегі де ұтымды пікірі құлақтыны қанағаттандырған.

Біз болмыс-бітіміне, түр-тұрпаты мен тұлғасына баға беріп отырған Шәріпбек Жамалбекұлының өмірбаянын қысқаша сөз етсек, ол былай өрілер еді. Ол 1949 жылдың 10 шілдесінде ОҚО, Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданының Шаян ауылында дүниеге келген. Боралдай ауылындағы С.Ерубаев атындағы орта мектепті 1966 жылы бітірген. 1968 жылы Қарағанды кооператив институтына түсіп, 1972 жылы тәмамдаған.

Одан соң Алғабас аудандық тұтынушылар одағына қызметке тұрып, жоспарлау бөлімінің бастығы болған. 1973 жылдың маусым айынан аудандық тұтынушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, 1975 жылдың қаңтар айынан 1976 жылдың қазан айына дейін «Жамбыл» совхозының жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы.

1976-1986 жылдары Алғабас (қазіргі Бәйдібек) аудандық, 1986-1990 жылдары Жетісай аудандық тұтынушылар одағының бастығы, 1990-1997 жылдары ОҚО тұтынушылар одағы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1997 жылдың қыркүйек айынан 2009 жылдың қаңтар айына дейін осы басқарманың басқарма төрағасы қызметін атқарған.

«Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, жиырма жылдан аса бір орында қызмет кеткен Шәкең, 2009 жылдың қаңтар айынан 2009 жылдың тамыз айына дейін «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2009-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасы қызметін атқарды.

Осы жылдары Шәкең жаңағы қызметтермен қатар ОҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жанындағы тәртіптік кейін әдеп кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатындағы экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссия (IV, V, VI шақырылымындағы) төрағасының орынбасары, ОҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңестерінің мүшесі болды және ОҚО әкімшілігі (қазіргі Түркістан облысы) жанындағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлестіру кеңесінің мүшесі болды.

2017 жылдың қыркүйек айына дейін және 2015 жылдың сәуір айынан ОҚО тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы, ал 2013 жылғы желтоқсан айынан ОҚО «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті қызметін қоса атқарды.
Шәріпбек Жамалбекұлының облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті болып сайлануы оның облыстағы саяси белсенділігінің өте жоғары екенін білдірген айқын көрсеткіш болды.

Осы жерде «Азаматтық альянс» қауымдастығының немен айналысатын ұйым екенін аз-кем айта кеткен жөн сияқты.

Ш.Жамалбек-1

Бұл ұйым 2003 жылы құрылған. Сол кездегі басты мақсаты – түрлі қоғамдық бірлестіктерді, мемлекеттік емес ұйымдарды, партияларды, кәсіподақтарды және бизнестік топтарды бір ортаға біріктіріп, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу. Сондай-ақ демократиялық елдерге тән азаматтық қоғамның абыройын көтеріп, басқа да өзекті деген проблемалардың барлығын да оңтайлы шешу.

Бұрын бізде бір ғана облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы болатын. Қазір Түркістан өз алдына облыс болып бөлініп, Шымкент жеке-дара мегаполис атанған соң, бізде қалалық «Азаматтық альянс» дара отау тіккен. Кезінде осы «Азаматтық альянстың» бастамасымен облыс көлемінде бірнеше игі бастамалар көтеріліп, іске асты.

Атап айтқанда, «Қайырымды істердің эстафетасы», «Таза қала», «Әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі» сынды акцияларды ұйымдастырып, бұл салаларда қарқынды жұмыстар атқарды. Әсіресе, «Таза қала» акциясы Шымкентте жеті рет өтіп, бұл іс-шара көшелерде тазалықтың сақталуына көп үлес қосты.

Мен осыдан аз ғана жыл бұрын сол облыстық «Азаматтық Альянста» Шәріпбек ағамен бірге қызмет атқардым. Шәріпбек ағаның шын болмысы мен бейнесін бірге жұмыс істескен осы жылдары анық ұқтым. Сондағы білгенім, Шәкең үшін өмірлік басты кредо ақиқатқа жол іздеу, ойға алғанды аяғына дейін жеткізу екен.

Өмірде еңбекті сүйетіндердің жүрегі отты келетінін, ұлтының, ағайынның қамын жеп, сол жолда неден болса да тайынбайтынын мен Шәкеңнің еңбекқорлығынан, ізденімпаздығы мен білімділігінен анық ұқтым. Одан басқа тағы бір байқағаным – біреуден білмегенін үйрену, біреуге білмегенін үйрету Шәкең сияқты жандардың таным-сенімінің идеялық негізін құрайды екен.

Одан өмір шындығын үйренуге және еңбек етудің тәсілдерін үйренуге, жайдақ оймен жадағай кеңес айтпайтын өзгеше әдетінен тәлім алуға әбден болады деген ойға шын бекінгем.

Міне, мен аса қатты сыйлайтын, өмірлік һәм еңбек жолымда өзіме ұстаз санаған Шәріпбек Жамалбекұлы бүгінде жетпіске толып, қариялық ғұмырдың тұғырлы баспалдағына көтерілді. Ол – намысты қымбат, арды сымбат тұтқан, адалдықтан жазбаған, жамандықты қазбаған, өзін танитын қазақтың бәріне қадірі артқан азамат.

Өмір бойы жан-жағындағы адамдармен үйлестікте, дос-жаран, ағайын-туыс арасында татулықта болып, мұралы ортадан мұратты ой, лайықты орын тапқан Шәріпбек ағаны жетпіс жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қымбатты аға! Осынау айтулы жасқа жетпіс жыл бойы жинаған абыройыңыз сарқылмай, қадір-қасиетіңіз шашылмай, ылғи биік мінберлерде жүріп жеттіңіз.

Алдағы уақытта да осындай еселі жетістектерге жетіп, қарттық ғұмырдың тек абыройлы биігінен көріне беріңіз! Денсаулығыңыз мықты, отбасыңыз аман болсын! Сізге тек жақсылықтар тілеймін!

Жұмағали БІЛІСБЕКОВ,
Шымкент қалалық
«Азаматтық альянс»
қауымдастығының президенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.