Версия для печати

2000 АҚШ доллары тұратын көрпеше немесе «Көрпе Fest» кереметі

Среда, 10 Июль 2019 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3506 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Нұр-Сұлтан қаласында елімізге белгілі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада астаналық көпбалалы аналарға шеберлік сабақтарын өткізді. «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған «Көрпе Fest» мега-фестивалі елорда күніне арналды.

2

Ырза Тұрсынзада – қазақтың ұлттық өнерін бүгінгі күннің технологиялық мүмкіндіктерімен сабақтастырып, құрақ көрпенің құнын арттырған ісмер. Тігіс тігу, құрақ құрап, қыз жасауын жасауды әр отбасының тарихымен сабақтастыра білген парасаттылығымен елге танылды.

ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза ханым «Алтын орда» авторлық дизайн үйін басқарып, «Көктем вальсі», «Шатқалдағы суреттер», «Gold линия», «Лего», «Оюлы әуендер» сынды белгілі топтамалардың авторы ретінде танымал.

– Қолөнерді бала күнімнен апамның жанында жүріп үйренгенмін. Әуелі құрақ құрау, қолөнер ермегім болды. Үйге тігіп қойған көрпе, жастық, көрпешемді ұнатқан дос-жаран, туған-туысқа сыйлай салатынмын. Сыйлаған жақсы, бірақ, күні-түн көз майын тауысып тіккеніңді алып кете бергені маған ой салды. Бұл жәй қызығушылық емес, – деген Ырза ханым 2009 жылы кәсіп ашуға бекінген.

– Қымбат мата мен ең соңғы технологиядан қаражатты аямадым. «Көрме өткізіп, қазақ қолөнерін насихаттап жүрсем болды» деп ойлағам бастапқыда. Алайда, күн сайын қызығушылар саны артып, үйренгісі келетіндер көбейді. Бастапқыда шеберлік сабағына қатысу бағасын 1000 $ АҚШ доллары деп белгілегем. 4-5 адам, ең көбі 9 әйел кісі жиналатын. Содан кейін ақысыз үйретемін деп шештім.

Ырза Тұрсынзада тіккен көрпешенің ең арзаны – 55 мың теңге, ал ең қымбаты 2 000 АҚШ доллары деп бағаланады. Қолөнер шеберінің айтуынша, бұл тек көрпе матасының емес, оған жұмсалған қаншама күндік көз майы мен ыждағаттылықтың және соңғы технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып тіккен тігістің құны.

453737

– Бұл – бренд! Ал брендтің құнын түсіруге болмайды. Жапондық Кензо Такаданың Kenzoсының құнын білесіз бе? Қазақ бренді де әлемге танылған сол «Kenzo», «Gucci», «VL» төсек-жаймаларынан кем емес, – дейді ісмер.
Ырза ханым тігісті үйренуге ықылас білдірген қыз-келіншектерге ерекше мән береді.

Салт пен санаға жақындығы бойынан ұрып тұратын, қазақылығы басым үйренушіні жақын тартатынын «ұлттық болмысы бар адам қолөнердің де қадірін арттырады» деп түсіндірді.
– Құрақ көрпе тігуді кәсіпке айналдыруды және осы салада табысты жұмыс жасауды үйрететін «Көрпе fest» мега-фестиваль еліміздегі мерейлі мереке – Елорда күніне арналып алғаш рет ұйымдастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы байқауда 80 қатысушы өз жұмыстарын ұсынды. Олардың еңбегіне фестиваль қонақтары баға берді. Ал жеңімпаздарға ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Алғыс хат тапсырып, 50 қатысушыға тігін машинасын сыйлық ретінде табыстады, – деді Ы.Тұрсынзада.

Фестиваль аясында, көрмеден бөлек, этно-дизайнер Ырза ханымның шеберлік сабағына қатысуға ниет білдірген астаналық көпбалалы аналар, қыз-келіншектер саны 130-ға таяған.
– «Алтын орда» дизайн үйі қыз-келіншектерге еліміздің әр өңірінде ақысыз шеберлік-сағатын өткізуді дәстүрге айналдырған. Біздің шеберлік сабағымызға қатысушылар қатары 200-ден кем болмайды.

Сондықтан, Елорда күніне арнап ұйымдастырған үш күндік шеберлік сабағына тек көпбалалы аналар емес, «өнер-білім үйренсем» дегеннің барлығы келіп қатысты, – деді Ырза ханым. Ырза Тұрсынзада қолөнер арқылы соңғы кезде салт-дәстүрге де көп көңіл бөле бастағанын айтады. Құрақ құрау кезінде мәнді, мағыналы әңгімелер мен қазақтың салт-дәстүрін де тануға мүмкіндік бар.

Ал Ырза ханым бұл шеберлікті әр отбасының тарихымен үндестірудің жолын тапқанын айтып, тағы да қолөнерге деген ықыласты еліктіре түседі.

Ел болып, еңсемізді тіктеген шақта салт-дәстүрді, ұлттық өнерді дәріптеген іс-шараның елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында мерекеге орай ұйымдастырылуы тамаша жаңалық болды. Дәл осы үрдіс біздің өңірде де жалғасса, талай нәзікжандылар мерекені бірінші болып бастайтыны анық.

7537321

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.