Shymkent: 2023 жылға дейінгі кешенді даму жоспары қабылданды Избранное

Среда, 10 Июль 2019 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2954 раз

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іс-сапары барысында қойған нақты міндеттер аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Премьер-Министр

Кешенді жоспардың негізгі бағыттары мен іс-шаралары туралы Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов баяндады.

Кешенді жоспарда барлық іске асыру кезеңінде жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 836 млрд теңге (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңге – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы. Бұл құжатты іске асыру қала аумағын ықшам салуды және оңтайландыруды, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар тудырады.

– Шымкент – Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі, – деген Үкіметі басшысы А.Мамин қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкент агро» индустриялдық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысын және теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Ташкент тасжолы жалғастырылады және А2 айналма автожолының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр қаланы энергиямен қамту және газбен қамтамасыз ету үшін газ тарату станциясының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компаниясының жеке инвестициялары есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды тапсырды.

– Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемін кезең-кезеңмен биыл 500 мың шаршы метрден жылына 1 млн шаршы метрге дейін арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуді 1 тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Асқар Мамин.

Мысалы, «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру әлеуметтік инфрақұрылымы дайын 1,5 млн ш.м. тұрғын үй салуға мүмкіндік береді.
Туризм саласында да даму мүмкіндіктері кеңеюде. Цитадель қалашығын қайта жөндеу және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағын салу нәтижесінде туристер көбейеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың әзірлігін уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.

– Кешенді жоспарды іске асырудың нәтижесінде Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 трлн теңге, 2023 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі, - деді Асқар Мамин.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.